Естеріңізде болса, 2019 жылғы желтоқсанда Қытайдың Ухань қаласында атиптік пневмония өршіп тұрғаны жөнінде әңгіме желдей ескен еді. Жергілікті билік қауіпті дерттің шаһардағы теңіз жәндіктерін сататын базардан тарағанын алға тартқан.
2020 жылғы қаңтарда әлеуметтік желілерде жаңа коронавирустың түрі Уханьдағы зертханада жасалғаны туралы алып-қашпа әңгіме жарияланды. Көп ұзамай, қаңтардың аяғында The Lancet журналында қауіпті дерттің тырнағына ілінгендерді зерттеген ғалымдардың мақаласы жарияланды. Онда бастапқыда ауырған 41 науқастың 13-і Уханьдағы теңіз жәндіктерін саудалайтын базарға мүлдем бармағаны анықталды. Мұны бір деп қойыңыз.
Бүкіл әлем Қытайдағы «жұмбақ дерт» туралы талқылап жатқанда АҚШ сенаторы Том Коттон Covid-19 Уханьдағы зертханадан таралуы ықтимал деп мәлімдеді. Айта кетерлігі, Оңтүстік Қытай технология университетінің профессоры Ботао Сяо елең-алаң тұста мақала жариялап, вирустың қолдан жасалғаны туралы әңгімені одан сайын күшейте түсті. Рас, көп ұзамай-ақ ғалым мақаласын өшіріп тастады.
Бұған қоса, ақпанның аяғында өткен баспасөз жиынының бірінде танымал эпидемиолог Жонг Нанчан вирустың алғаш Қытайдан шықпауы мүмкін екенін айтқан. Бұл да отқа май құйғандай болды. Әйтсе де, эпидемиолог кейінірек өз сөзіне түсініктеме беріп, вирустың сырттан келгенін кесіп-пішіп айту қателік екенін, нақты шығу тегін анықтауға уақыт кететінін мәлімдеді. Алайда конспирологияға сенетіндер бұған мән берген жоқ.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» белгілі. Жалпы, Covid-19 вирусының өздігінен пайда болмағанына сенетіндер көп. Осыдан 5 жыл бұрын Nature Medicine журналында коронавирусқа жасалған тәжірибе туралы ғылыми мақала жарияланды. Сол мақалаға сүйенсек, ғалымдар жарқанатта кездесетін SHC014 коронавирусын гендік тұрғыда өзгертіп көрген екен. Нәтижесінде, аталған вирус адамның тыныс алу жолдарын зақымдайтыны, жарқанаттан тікелей адамға жұға беретіні анықталған.
Бір қызығы, бұл зерттеуді Солтүстік Каролина университеті мен Уханьдағы биологиялық институт ғалымдары бірлесіп жүргізіпті. Бес жыл бұрын жасалған тәжірибе де вирустың шығу тегіне күмәнмен қарайтындар санын арттыра түспесе, кеміткен жоқ. Енді ше, Covid-19 алғаш Уханьда таралды ғой.
Осыдан кейін-ақ қолдан жасалған вирус туралы алып-қашпа әңгіме желдей есті. Дегенмен, 2020 жылғы ақпан айының ортасында The Lancet журналында 27 ғалымның қолы қойылған мәлімдеме жарияланды. Онда SARS-CoV-2 вирусының табиғи жолмен пайда болмауы, яғни зертханада жасалғаны туралы әңгіме конспирология екені баса айтылды. Ал наурызда Nature Medicine журналында жарияланған зерттеуде де ғалымдар осы ойды қостады.
Осылайша, ғалымдар арасында жаңа коронавирусқа қатысты ортақ пікір қалыптасты. Себебі The Lancet те, Nature Medicine де академиялық ортада жоғары бағаланатын журналдар. Онда шыққан мақалалар терең талдаудан өтеді. Сондықтан оған күмән келтіру екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Жоғарыда айтып өткен 27 ғалымның хатын EcoHealth Alliance-тың президенті Питер Дашек ұйымдастырған екен. АҚШ қаржыландыратын аталған ұйым Уханьда жарқанаттардағы коронавирусты зерттеумен айналысады.
Дашек мырза жарқанаттар коронавирусының қаупі туралы пандемияға дейін талай мәрте айтқан-тұғын. Мәселен, оның «Жарқанат коронавирусының қаупін түсіну» атты жобасында келесі індет Қытайдың жабайы аңдар етін сататын базарда таралуы мүмкін екенін алға тартады. Бір қызығы, П.Дашектің айтқаны айдай келді. Мұны екі деп қойыңыз.
Әйтсе де, жаңа коронавирус зертханадан таралуы мүмкін екені туралы әңгіме енді шыға бастағанда Дашек мырзаның байыз таппай, ғалымдарды ұйымдастыруы, ондай пікір білдіргендерді конспирологқа теңегені ойлантатыны рас. «Сезікті секіредінің» кері ме екен, кім білсін?!
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы талай мәрте вирустың зертханадан «қашып шыққанына» дәлел жоқ екенін алға тартып келеді. Аталған мәселені түпкілікті шешу мақсатында биылғы ақпанда ДДҰ бір топ ғалымды Уханьға жіберген еді. Олар вирустың қолдан жасалғанына қатысты мардымды ештеңе таппады. Дегенмен, ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирустың пайда болуына қатысты мәселенің әлі де басы ашық деп айтты.
Таяуда The Wall Street Journal Ухань қаласындағы зертхананың 3 қызметкері 2019 жылғы қарашада қатты науқастанып, ауруханаға түсіп қалғанын жариялады. АҚШ Мемлекеттік департаменті келтірген деректерге сүйенсек, зертхана қызметкерлері Covid-19 бен кәдімгі тұмауға ұқсас симптомдары бар дертке шалдыққан екен.
Осыдан кейін біраз саябырсып қалған дау қайта қызды. Ғалымдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына хат жазып, вирустың қалай пайда болғанын егжей-тегжейлі анықтауды сұрап отыр. Өкінішке қарай, ұйымның қолынан мардымды ештеңе келер емес. Өйткені Қытай билігі халықаралық ұйым атынан келген зерттеушілерге қолынан келгенше кедергі келтіріп отыр. Мәселен, Уханьдағы зертхана әлі күнге дейін өздері жүргізген ғылыми жұмыстар туралы ақпаратты толық бөліскен жоқ. Сондықтан кең көлемде зерттеу жүргізу мүмкін емес.
Covid-19-дың зертханада жасалғаны жөніндегі әңгіменің академиялық ортада талқылануына мына жайт та әсер етіп отыр. Бастапқыда вирус жарқанаттан адамға жұққаны айтылды. Кейінірек ғалымдар ортада бір жануардың болғанын алға тарты. Мәселен, жылан немесе панголин тасымалдағыш атануы мүмкін десті. Тіпті сусар, борсық деген де болжамдар айтылды.
Бірақ әлі күнге дейін ауру тасымалдағыш жануар нақты анықталған жоқ. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2002 жылғы SARS эпидемиясы кезінде коронавирустың жарқанаттан циветаға жұққаны, одан адамға өткені 4 ай ішінде белгілі болды. 2012 жылғы MERS эпидемиясында да ауру тасымалдағыш жануар түйе екені 9 айда анықталды. Ал Covid-19 індетінің басталғанына бір жарым жылдан асса да әлі күнге дейін ауру тасымалдаушы аң табылар емес.
Вирустың қайдан шыққанына «бас қатырған» Қытай ғалымдары бір қызықтың бетін ашты. Юньнань провинциясында жарқанаттардың генін зерттеп жүріп, үңгірлердің бірінен шыққан құста RpYN06 вирусы бар екенін анықтапты. Сөйтсе, аталған вирустың генетикалық құрылымы Covid-19-ға 94,5 пайыз сәйкес көрінеді.
Картаға көз жүгіртсек, Юньнань провинциясы мен Ухань қаласының арасы әжептеуір алшақ жатқанын аңғарамыз. Қазіргі коронавирустың арғы атасы RpYN06 вирусы болса, әрі оны Юньнаньнан тапса, ол қалайша тып-тыныш қалпында 1500 шақырымды басып өткен деген заңды сұрақ туындайды. Алда-жалда вирус табиғи жолмен жұқса, эпидемия Уханьда емес, Юньнаньда басталуы керек еді ғой.
Covid-19-дың шыққан тегі туралы пікірталас тіпті биік мінберлерде айтыла бастады. Мысалы, АҚШ президенті Джо Байден барлау қызметкерлеріне вирустың қалай пайда болғанын, оның Қытайдағы зертханадан шыққан-шықпағанын анықтауға ерекше күш салуды тапсырды. Ақ үй басшысы топтан 90 күн ішінде есеп беруді сұрап отыр.
АҚШ президенті «Үлкен жетілік» елдерінің саммитінде де бұл мәселені қозғады. Джо Байден Қытайды ашық болуға шақырып, әлі күнге Бейжің билігі зертханаға кіруге рұқсат бермей отырғанына қынжылыс білдірді.
Жаңа коронавирус түрінің зертханадан таралғанын немесе табиғи жолмен жұққанын нақтылау не үшін керек? Біріншіден, бұл коронавирус түрлерін түсінуге көмектеседі. Қазіргі таңда әлемде 43 коронавирус бар. Алда-жалда Covid-19 жарқанаттан ауру тасымалдаушы жануар арқылы адамға жұқса, қалған коронавирустар да келешекте соны қайталауы мүмкін.
Екіншіден, бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияға кінәліні анықтау қажет. Егер вирус Уханьдағы зертханадан «қашып шықса», онда Қытайға оңай тимесі анық. Қазірдің өзінде халықаралық қоғамдастық Бейжің билігін адам құқығын таптағаны, Шыңжандағы мұсылмандарды қудалағаны үшін жақтырмайды. Ендеше, мұндай жағдайда коммунистік партия бүкіл әлем алдында жауапты болмақ.
Қысқасы, Covid-19 вирусының қалай пайда болғаны жөніндегі пікірталас әзірге аяқталар түрі көрінбейді.