Футбол • 14 Маусым, 2021

Ардагер футболшылар атой салған күн

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Хорватия Еуропа чемпио­натын жеңіліспен бастады. Осыдан үш жыл бұрын Ресейде ұйымдастырылған әлемдік доп додасында атой салып, финалға дейін жеткен «Шақпақ жейделі елдің» құрамасы биылғы Еуроның тұсаукесер кездесуінде Англиядан жеңіліп қалды.

Ардагер футболшылар атой салған күн

Чемпионаттың рекорды жаңарды

Лондондағы «Уэмбли» стадионында өткен кездесу 1:0 есебімен ағыл­шындардың пайдасына аяқталды. Ойын­дағы жалғыз әрі жеңіс голын матчтың 57-минутында «Манчестер Сити» клу­бының ойыншысы Рахим Стерлинг салды. Осылайша Англия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатын жеңіспен бастады. Гол авторы Стерлинг осы кездесудің үздік футболшысы атанса, Англия құрамасының тағы бір жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем Еуропа чемпионатының финалдық ке­зеңінде ойнаған ең жас футболшы деген атаққа ие болды. Ол алаңға 17 жас 349 күн толғанда шықты. Ал бұған дейінгі рекорд Нидерланд ойыншысы Йетро Виллемске тиесілі болатын. Виллемс 2012 жылы Польша мен Украинада ұйымдастырылған кәрі құрлық біріншілігінде ойнағанда 18 жасқа толған еді.

 

Ең қарт сұрмерген

С  тобындағы алғашқы ойында Аустрия құрамасы Солтүстік Македониядан басым түсті. Румыния астанасы – Бухаресттегі «Националь» стадионындағы матчта 3:1 есебі тіркелді. Бірінші таймның 18-минутында аустриялық Штефан Лайнер есепті ашқанымен, арада 10 минут өткенде осы чемпионаттың ең қарт ойыншысы Горан Пандев таразы басын теңестіріп кетті. Таблодағы тең есеп ойынның 78-минутына дейін сақталып тұрды. Михаэль Грегорич 78-минутта Аустрияны есепте алға шығарса, Марко Арнаутович 89-минутта кездесудің нүктесін қойды.

Осылайша Горан Пандев Солтүстік Македонияның Еуро додадағы тұңғыш голын соқты. Сонымен қатар Пандев (37 жас 321 күн) аустриялық Ивица Вастичтен (38 жас 257 күн) кейін Еуропа чемпионатында гол соққан ең қарт екінші ойыншы атанды.

Еуродағы алтыншы жеңіліс

Амстердамдағы «Йохан Кройфф Аре­на» стадионында өткен бұл топтағы екінші ойында Нидерланд пен Украина құрамалары бақ сынады. Өте тартыс­ты кездесуде Нидерланд құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жетті. Бір қызығы, бес голдың бәрі екінші таймда соғылды. Нидерланд футболшыларынан Жоржиньо Вейналдум (52-минут), Ваутер Вегорст (58-минут) және Дензел Дюмфрис (85-минут) мергендігімен көзге түссе, Украина құрамасынан Андрей Ярмоленко (75-минут) мен Роман Яремчук (79-минут) өз аттарын таблоға жаздыртты.

Бұл – Украина құрамасының Еуропа чемпионатындағы қатарынан алтыншы жеңілісі. Андрей Шевченко шәкірттері соңғы рет Еурода 2012 жылы Швеция құрамасынан басым түскен болатын. Ал одан кейінгі бес ойында (Франция және Англия, Еуро-2012; Германия, Солтүстік Ирландия, Польша, Еуро-2016) жеңілістің кермек дәмін татты.