Экология • 15 Маусым, 2021

Экологияны қорғау – ортақ міндет

17 рет көрсетілді

Былтыр ауаға тараған ластаушы заттар шығарындысы - 2,5 млн, ал төгінділер 1,1 тоннаны құраған. Әсіресе, Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған қалаларында атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейдеболған. Жалпы осы уақытқа дейін елімізде 125 млн тоннақатты тұрмыстық қалдық жиналған. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халық алдындағы есеп беру жиынында айтты.

Шешілмейтін түйткілге айналған қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейі 2019 жылғы 15 пайыздан былтыр 18,3 пайызға дейін ұлғайған. Аз да болса алға жылжу бар.

«Өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында экологиялық проблемаларды қоғамдық белсенділермен және тұрғындармен бірлесе талқылай отырып, 17 жол картасы бекітілді. Картада газдандыру, қоғамдық көлікті газға ауыстыру, қалаларды жасылдандыру және тағы да басқа мәселелер қарастырылған. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін қазіргі 18-ден 30 пайызға көбейтіп, 24 жаңа полигон салу, ластанған тарихи жерлерді қайта қалпына келтіру және жою, 12 кәріз тазалау кешенін қайта жөндеуден өткізу мүмкін болмақ. Ел бо­йынша барлығы 485 шараны атқару көзделіп отыр. I тоқсан қорытындысы бойынша біз қоғам өкілдерімен кездестік. Сол кезеңде қарастырылған 70 шараның 42-сі орындалды. Қалған жобалар бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде», деді министр.

Қазір ірі компаниялар мен зауыттардың ауаны ластауы басты түйткілге айналып отырғаны белгілі. Ведомство басшысы бұл мәселеге де кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, бірқатар мекемемен ауаға тарайтын зиянды қалдықтар деңгейін төмендету бойынша келісім жасалған.

«Алматыдағы ЖЭС-2-ні жаңғырту шешімі қабылданып, ЖЭС-3-ті газға ауыс­тыру жұмыстары басталды. Қараған­дыда «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпор­нына 2025 жылға дейін ауаға лас заттарды шығаруды 30 пайызға азайтуды міндеттедік. Сондай-ақ Теміртау қаласы маңайына 500 мың тал отырғызылады. «Қазақмыс Смэл­тинг» ЖШС-нің Жезқазған мыс балқыту зауыты жаңа күкірт қышқылы цехын салуды жоспарлап отыр. Бұл күкірт диоксиді шығарындыларын 3 есеге – 60-тан 20 тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді», дейді М.Мырзағалиев.

Сонымен қатар Ақтөбе облысындағы фер­роқорытпа зауытын жаңғырту және цех­ты қайта жөндеу нәтижесінде лас зат­тар­дың тарауы 30 пайызға азаймақ. Шығыс Қазақстандағы «Қазцинк» ЖШС-мен де осын­дай келісім жасалған. Министр өз баян­дамасында көптен бері қоғам талқысы­на түскен Waste to Energy қалдықтарды энер­гетикалық кәдеге жарату тетігі енгізі­летінін де айтты. Қоқыс жағатын зауыт салу үшін алты қала таңдап алынған – Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен. «Әкімдіктер зауыттар салу үшін жер учаскелерін бөлді. Энергия беруші ұйым электр желісіне қосудың жақын нүктелерін анықтады. Энерго өндіруші мекемелердің тізбесін айқындау үшін аукцион өткізуге құжаттар қабылдау басталды. Екінші жартыжылдықта қорытынды шығарамыз. Рұқсат етілмеген қоқыстар мәселесі де назар аударуды талап етеді. Ғарыштық мониторинг аясында жыл сайын 8 мыңға жуық қоқыс үйінділері анықталады. Бұл ретте заңсыз қоқыс үйінділері мәселесін жүйелі шешу үшін жаңа Экология кодексінде қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерін міндетті түрде орнату мәселесі көзделген. Қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар үшін лицензиялау, қоқыс шығаратын ұйымдар үшін хабарлама жасау тәртібі енгізілді», деді министр.

Экономиканың маңызды бағыты – су шаруашылығы да министрлік назарынан тыс қалмапты. «Қазіргі уақытта елдегі сумен қамтамасыз ету жағдайы экономика салаларын да, халықтың талабын да әзірше қанағаттандырады», деген министр бұл салада проблемалар барын да айта кетті. «Біріншісі – өзен ағысының төмендеуі және су тұтынудың өсуі салдарынан орта және ұзақ мерзімді кезеңде елді сумен қамтамасыз етудің болжамды азаюы. Екіншісі – арналар мен ирригациялық жүйелердің қатты тозуынан тасымалдау кезінде судың жоғары шығыны. Мысалы, ауыл шаруашылығында су шығындары 44 пайызға дейін жетеді. Оларды қысқарту үшін арналарды жөндеу және автоматтандырылған басқаруды енгізу талап етіледі. Тағы бір мәселе – тарифтің төмендігі, инфрақұрылымға инвестициялардың жетіспеушілігі мен маман тапшылығы. Біздің алдымызда су балансын сақтау, суармалы жерлерді 1 млн 600 мың гектардан 3 млн гектарға дейін ұлғайту үшін жаңа ирригациялық жүйелер салу, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және реконструкциялау, цифрландыру, суды үнемдеу, кадрлармен қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттер тұр», деді министр.

Бізге судың 45 пайызы Қытайдан, Орта­лық Азия елдерінен және Ресейден транс­ше­каралық өзендер арқылы келеді. Қазір судың аз циклына тап болып отырғандықтан, веге­тациялық кезеңді өткізу мақсатында Тоқтағұл су қоймасынан қосымша 330 млн текше метр су жіберу туралы қырғыз тарапымен келісім жасалыпты. Сондай-ақ тәжік және өзбек тараптарымен бірлесіп «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режімі бойынша келісімдер жүргізіліп жатқаны да айтылды.

Бас эколог мемлекет басшысының тапсырмасымен 2 млрд ағаш отырғызылатынын, осы мақсатта кешенді жоспар бекігенін, қазірге дейін 26,1 мың гектар аумаққа 80,5 млн түп тал отырғызылғанын жеткізді. Егер министр айтқан жоспар соңына дейін жүзеге асса, 2030 жылға таман елдің орман алқабы 5 пайызға ұлғаймақ.

«Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл отырғызу да – өзекті мәселе. 1990 жылдан 2021 жылға дейін 195 мың гектар аумаққа сексеуіл егілді. Бірнеше апта бұрын экспедиция егілген сексеуілдерге тексеріс жүргізді. Өзі өсіп тұрған жерлерді қоса алғанда аумағы 337 мың гектарға жетеді. 2021-2030 жылдар аралығында 1,1 млн гектар аумаққа сексеуіл егеміз деп отырмыз», деді министр.

Былтыр Алматыға «Сулпак» дүкені алдындағы заңсыз кесілген 11 ағаштың дауынан кейін айыппұл да өсіпті. Енді Қызыл кітапқа енген әрбір ағашты заңсыз кескені үшін айып­ты азамат бұрынғыдай 6 емес, 1000 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Бұған қоса, Әкімшілік және Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізілген. Сондай-ақ ведомство өсімдіктер дүниесін қорғау, оның өсімін молайту және пайдалану жөніндегі барлық мәселені заңнамалық тұрғыдан оңтайландыру мақсатында «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң жобасын дайындапты. Қазір ол Мәжіліс қарауында жатыр.

Министр жиын соңында экологиялық туризмге де тоқталды. Қоғамның пікірін ескере отырып жоспар әзірленіп, ұлттық парктер жанынан Қоғамдық кеңестер құрылды, деді М.Мырзағалиев. Алматы облысындағы 4 ірі ұлттық парк бойынша инвесторлар да анықталған. Олардың реті мынадай: «Көлсай көлдері» МҰТП – «Атырау-Рент» ЖШС, «Шарын» МҰТП – QazaqGeography РҚБ, «Алтын-Емел» МҰТП – QazaqGeography РҚБ, «Іле-Алатау» МҰТП – «Туранга Групп» ЖШС.

Алматы өңіріндегі ұлттық парктер бо­йынша 31,5 млрд теңге көлеміндегі жеке инвестицияны тартудың арқасында 11 заманауи визит-орталық, 5 эко-отель, 28 глэмпинг, 8 кэмпинг, 4 этно-ауыл бой көтермек. Ұлттық парктердің демалу жүктемесін ескере отырып, министрлік 2 млн-нан астам турист келеді деп күтеді.

 

Соңғы жаңалықтар

Шығыс «Қызыл» аймақта

Аймақтар • Кеше

Цифрлы теңге жобасы талқыланды

Экономика • 23 Шілде, 2021

Ақпараттық хабарлама

Егемен Қазақстан • 23 Шілде, 2021

Қазақстанда вакцинаның қанша қоры бар?

Коронавирус • 23 Шілде, 2021

Ұқсас жаңалықтар