Спорт • 15 Маусым, 2021

Жапония жеңіске жетті

106 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Будапешттегі әлем чемпионатының ең соңғы күні дзюдошылар аралас командалық сайыста мықтыларды анықтады. Бұл тартыс Жапония құрамасының жеңісімен аяқталды.

Жапония  жеңіске жетті

Күншығыс елінің өкілдері айтулы додада екінші құраммен өнер көрсет­ке­ніне қарамастан, барлық бәсекеде өз қар­сыластарынан басым түсті. Топтық турнирде олар Украинаны ұтса, жартылай финалда Ресей құрамасының тас-талқанын шығарды. Ақтық айқаста азиялықтар Фран­цияның балуандарымен шеберлік бай­қасты. Олар өз кезегінде Нидерланд, Грузия және Өзбекстанның өрендерін жолдарынан ығыстырған еді. Финалдық сайыста Жапония балуандарының қарқыны тым күшті болды. Олар француздарды бет қаратпай ұтып, командалық жарыстың бас жүлдесін олжалады. Ал қола медаль Бразилия мен Өзбекстанның дзюдошыларына бұйырды.

Бұл жарыста Қазақстанның дзюдошылары да өнер көрсеткен еді. Алғашқы айналымда жерлестеріміз бразилиялықтардан 0:3 есебімен жеңілгеніне қарамастан, таразы басын теңестіре алды. Бұл ретте Аңсарбек Ғайнуллин (73 кг), Ерсұлтан Мұзафаров (90 кг) және Мөлдір Нары­нова (70 кг) өз қарсыластарын қапы қалдырды. Бірақ қосымша кездесуде Оң­түстік Америкадан келген оғландардың бағы жанды.