Қоғам • 15 Маусым, 2021

«Астана LRT» ісі: Адвокаттар сот шешіміне қарсылық білдірді

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

LRT ісі бойынша сотталушылардың адвокаттары бірінші инстанциядағы соттың үкімімен келіспейтіндерін және апелляциялық шағым беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Астана LRT» ісі: Адвокаттар сот шешіміне қарсылық білдірді

Жанат Нұрпейісов, Ұлықбек Ачилов пен Дәурен Абдухамитовтің адвокаты олардың қорғаушыларының кінәсі сот арқылы дәлелденбегенін айтты.

«Ұрлық дерегі дәлелденбеген. Біздің қорғалушыларымызға байланысты жобалар бойынша барлық жұмыс көлемі орындалды. Сызбалар, жобалар тапсырыс берушіге ұсынылды, ол оларды қабылдады, шағымдар болған жоқ. Ол бұған келісіп, төледі, бірақ толық емес. «Астана LRT» компаниясы қарыз болып қалды», деді Ұлықбек Ачиловтың адвокаты Надежда Далабаева.

Дәурен Абдухамитовтің қорғаушысы Хамида Айткалиева іс бойынша келтірілген шығын сомасының LRT құрылысына ешқандай қатысы жоғын айтады. 

Ол өзінің клиенті Дәурен Абдухамитов лауазымды тұлға емес екенін, қандай да бір қосалқы мердігер ұйымның басшысы емес екенін, қандай да бір компанияның құрылтайшысы немесе қатысушысы емес екенін атап өтті.

«Соған қарамастан, сот оны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды, атап айтқанда консорциумдардың шоттарына түскен ақшаны алу үшін заңды тұлғаларды іздеді. Соманың 70-80 пайызы шетелдік компаниялардың шоттарына аударылды. Ал бізді бұл ақша қайта бөлінді деп айыптайды», деді Хамида Айтқалиева.

Заңгер Талғат Ардан («Астана LRT» экс-басшысы) сот айыптау көлемінен шығарылғанын айтты, себебі оның кінәсі сот отырысында дәлелденбеді.

«Іс жүзінде барлық сотталушы кімге көмектескендері туралы сұрақтар қойды. Сот сотталушылардың бұл сұрағына жауап берген жоқ», дейді ол. 

«Менің ойымша, бұл қылмыстық іс қозғалып, қоғамға «кінәлілер осы» деп көрсету үшін ғана қолға алынған. Ал тәжірибе жүзінде қоғамға бәрібір. Олар «LRT бойынша біреуді соттады» дегенді ғана естиді. Біз көптеген пікір оқимыз ғой, олар: «Сол керек, атып тастау керек» дейді. Қарғап, не болғанын түсінбейді, ал шын мәнінде менің қорғалушымның орнында кез келген адам болуы мүмкін еді. Мысалы сот өз үкімінде: «Абдухамитов қылмыстық топтың құрамында болуға келісімін берген» дейді. Ол қашан, қайда айтылғаны туралы қандай да бір құжат бар ма, сол әңгімені біреу естіді ме?», дейді Хамида Айтқалиева.  

Экс-депутат және қалалық мәслихаттың хатшысы Жанат Нұрпейісовтің адвокаты Нұрлан Оразалин да соттың үкімімен келіспей отыр. 

«Айыптау актінде ұйымдастырушы рольде - Ардан мен Сұлтанбеков болған. Олар жоқ, сотқа жеткізілмеді. Егер олардың кінәсі сот үкімімен анықталмаса, біздің қорғалушыларымыз Сұлтанбеков пен Арданға көмектесті деп қалай айта аламыз? Олардың кінәсі анықталып, сотқа берілмей, қалай көмектесу туралы әңгіме айтуға болады? 

Сот ақылдасу бөлмесіне барған кезде не істеді? Ардан мен Сұлтанбеков үкімде жоқ, тек кейбір жерлерде. Оларды «өзге тұлғалар № 1, № 2 деп белгіледі». Өзге тұлғалар пайда болды. (...) Сот оларды атай алмайтындығын айтады, себебі олардың кінәсі сот ісімен дәлелденуі керек. Бірақ егер біз оларды алып тастасақ, онда № 1, № 2 деген кімдер?», деді Нұрлан Оразалин.