15 маусымда жарияланған Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша, «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы, «сары аймақта» Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр. Ал «жасыл аймақта» – Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары. Бұдан бір күн бұрын ғана «сарғайып» тұрған Ақмола облысында жағдай дұрысталып, «жасылға» көшті.
Сондай-ақ Қазақстанда бірінші компонентпен 2 547 363 адам, екінші компонентпен 1 435 334 адам вакцина салдырды. «Қызыл аймақта» қалып отырған елордада вакциналау қарқыны әлі де бәсең. Соңғы мәлімет бойынша бірінші компонент бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 176 мыңнан аса адам екпе алды.
Дегенмен, астанадағы асқынған жағдайдың оңалуына осы вакциналау әсер етіп жатыр. Өйткені қалада карантин және оқшаулау режімін бұзған жағдайлар әлі де азаяр емес. Бұл ретте елорда әкімі Алтай Көлгіновтің жетекшілігімен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қалалық штабының отырысында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мәселелері қаралды. Енді сақтық шараларын талапқа сәйкес ұстамаған қала тұрғындары жауапкершілікке тартылып, айыппұл сомасы шамамен 90 мың теңгені (30 АЕК) құрайды.
Бүгінгі таңда, Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандары арқылы үй карантинін бұзған 3 550 адам анықталды. Олардың ішінде «қызыл мәртебесі» бар, яғни Сovid-19 жұқтырған 1 651 келуші, «сары мәртебесі» бар 1 899 адам анықталды.
Карантин шараларын сақтау бойынша мониторинг топтарына жұмысты күшейту тапсырылды. Сонымен қатар мобильді топтар Ashyq жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандарының жұмысын тексереді. Яғни келушілердің мәртебесі тексерілетіні, санитарлық нормалардың сақталатыны, белгіленген уақыт режімі бұзылмайтыны және басқа да талап қатаң қадағаланады. Карантин шаралары бұзылған және сақталмаған жағдайда нысандар жабылады.
«Тұрғындар өз жауапсыздығынан жақындарына қауіпті індетті жұқтыруы мүмкін екенін ескермейді. Олардың ағзасы коронавирусты жеңе алатынына кепілдік жоқ. Сондықтан біз қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Мұның бәрі қала тұрғындары мен елордамыздың қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр. Коронавирус көрсеткіші азайып жатқанына қарамастан, қала әлі де «қызыл аймақта». Сырқаттанушылықтың төмендеуі вакциналау есебінен жүріп жатыр. Вакциналанғандардың санын көбейтіп, ұжымдық иммунитетті қалыптастыра отырып, біз коронавирусты жеңе аламыз», деді Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сарқат Бейсенова.