Алдымен «Жүрек жылуы» акциясының кеңінен қолдау тауып, көңілі дарқан, қолы ашық адамдардың басын біріктіріп, жақсылық жасауға ұйытқы болғанын айта кеткен ләзім. Азық-түлік бағасы қымбаттап, елді абыржытып отырса да, көп қамын ойлаған азаматтар қолда барымен бөлісіп, бірін-бірі демеуде. Осы бір жақсы жоралғы бірлікті нығайта түсуде. Бірлік бар жерде қандай қиындықты болсын елдің еңсеріп шығатынына сенім мол.
Зеренді ауданында еріктілер шама-шарқынша қаражат жинап, жалғызілікті 70 зейнеткерге азық-түлік себеттерін таратты. Әрине қара суға қамалып отырмағанымен, жерлестерінің өздерін елеп-ескеріп, сәлем беріп келгеніне қарттар жағы кәдімгідей қуанып қалды. Өзгеге үлгі болар өнегелі іс ауданда әлі де жалғасуда.
«Мейірім» қорының да жақсылық жасаудан жарысқа түскендей кеңпейілділік көрсетуі жарасымды. Қорға жиналған қаражатқа олар екі отбасының қысқы отын-көмірін сатып алып берді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған он шақты отбасына қаржылай көмек көрсетті. Осы орайда ауданда қолға алынған «Мұқтаж жандарға сыйлық» қайырымдылық акциясы туралы бөле-жара айта кетуге болады. Еріктілер акция аясында ондаған отбасында болып, материалдық көмек көрсетті.
Жақсы іс өңірдің өзге аудандарында да кеңінен өрістеуде. Айталық, Қорғалжын ауданының еріктілері әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдармен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қалдырмай, көмек көрсетуде. Таяуда олар есту қабілеті төмен бір адамға құны 500 мың теңге тұратын аппарат сатып алып, сыйға тартты. Сандықтау ауданындағы Бірлік селолық округінде де қайырымдылықтың қанат жайып тұрғаны өзгеге жақсы мысал. Осындағы «Балкашин» серіктестігінің құрылтайшысы Атлан Докаев жалпы құны 1 млн 720 мың теңге тұратын 215 қап ұнды тұрғындарға тегін таратып беріп, алғыс арқалаған жайы бар.
Ел ішіндегі бірлікті нығайтуға септесетін «Біз біргеміз» акциясы аясында да қаншама қайырымдылық шарасы қолға алынуда. Бұл арада бір ғана мысал келтіре кетелік, Степногорск қаласындағы «Дәрігер plus» медицина орталығы облыстық мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларын бағып отырған отбасыларды жүрек жылуымен жадыратты. Оларға тәтті тағамдармен бірге азық-түлік те таратылды. 8 отбасына 80 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Жер-жердегі жүрек жылуымен бөлісетін қайырымды адамдардың қарекеті барша қауымның көңілін демдеп, келер күндерге деген үміт отын лаулатып отыр.
Ақмола облысы