Спорт • 16 Маусым, 2021

Испания мен Польша әзірше фаворит емес

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Италияда шымылдығы түрілген биылғы Еуропа чемпионатының бірінші тур ойындары өз мәресіне жетті. D тобында өнер көрсететін 1996 жылғы кәрі құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері Чехия алғашқы турда Патрик Шиктің дублінің арқасында Шотландияны жеңсе, E тобының үздіктері саналған Испания мен Швеция бір-бірінің қақпасына гол соға алмай, тең тарқасты. Ал Польша ойда-жоқта Словакиядан ұтылып қалды.

Испания мен Польша  әзірше фаворит емес

Шиктің шедевр голы

Глазгодағы «Хэмпден Парк» стадионында өткен ойында Чехия футболшылары 1996 жылдан кейін Еуро додаға алғаш рет қатысып жатқан Шотландиямен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ойын тағдырын Германияның «Байер» клубында өнер көрсететін шабуылшы Патрик Шиктің бір өзі шешіп тастады. 25 жастағы шабуылшы алғаш бірінші таймның 42-минутында көзге түссе, екінші таймның 52-минутында матчтағы екінші голын соғып, Чехияға маңызды үш ұпай сыйлады.

Шиктің бірінші голы өте қара­пайым жағдайда соғылса, алаңның дәл ортасынан салған екінші голы осы турнирдің ең үздік голынан бірден-бір үміткер болып тұр. Шот­ландия футболшылары шабуыл ұйымдастырып жатқанда Джек Хендридің тепкен добы Чехия қор­ғаушыларынан кері қайтып, ортада тұрған Шиктің аяғына келіп түсе қалды. Допты өзінің ыр­қына көндіріп алған соң шабуылшы қақпашының қақпадан алыстап кеткенін байқап алаң ортасынан-ақ қақпаны дәл көздеді.

Еуропа чемпионатының арғы-бергі тарихында мұндай қашықтан әлі ешкім гол соқпаған. Шик допты қақпаға 45,44 метрден топ еткізе салды. Бұл Еуро үшін рекорд са­налады. Бұған дейінгі рекорд гер­маниялық Торстен Фрингске тиесілі еді (35,3 метр).

 

Жолы болмаған Польша

Санкт-Петербургтегі «Газ­пром Аренада» өткен ойында Сло­вакия футболшылары Польша құра­ма­сы 2:1 есебімен жеңіп, турнир кес­тесінде көш бастады. Ашығын айту керек, бұл кездесуде «Ақ-қы­зылдардың» жолы болмады. Алғаш Польша және «Ювентус» клу­­бының қақпашысы Войцех Щенсный 18-минутта абайсызда өз қақ­пасына гол соғып алса, 62-минутта Гжегож Крыховяк ойын­дағы екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Бұл – чемпионаттағы бірінші қызыл қағаз. Арада 7 минут өткенде Словакия қорғаушысы Милан Шкриньяр Щенсный қорғаған қақпадан саңылау тауып, құрамасына маңызды жеңіс сыйлады. Польшаның ойындағы жалғыз голын 46-минутта жартылай қорғаушы Кароль Линетти салды.

 

Севильяда сәтсіздікке ұшырады

Е тобындағы екінші ойында Испания өз елінде Швеция құра­ма­сын жеңе алмады – 0:0. Матч бойы ойында үстемдік танытқан Пи­ре­ней түбегі елі­нің өкіл­дері скандина­вия­лықтардың қор­ғанысын бұза алмады. Испания футболшылары 90 минут бойы допты өз бақылауында ұстап (75 пайыз!), Швеция қақпасында 17 соққы жасағанымен, бұл кездесуде Луис Энрике шәкірттеріне гол соғу бақыты бұйырмады.

Сондай-ақ Швеция құрамасында да гол соғатын екі мүмкіндік бол­ға­ны­мен, олар да шабуылды голмен түйін­дей алмады. Сөйтіп Испания мен Швеция арасындағы матч осы чем­­пионатта гол соғылмаған бірін­ші ойын болды.