Әлем • 16 Маусым, 2021

17 жылдық дауға нүкте қойылды. ЕО мен АҚШ авиация саласында уағдаластыққа қол жеткізді

11 рет көрсетілді

АҚШ пен Еуропалық одақ ұшақ өндірісін субсидиялауға қатысты ортақ келісімге келді. Бұған дейін тараптар мәмілеге келе алмай, дау 17 жылға созылған еді. Осылайша, әлемдегі авиация саласындағы трансатланттық бақталастық бәсеңдеді.

Мәселенің бәрі мынадан басталған. Еуропалық одақ елдерінің ортақ жобасы Airbus пен АҚШ-тың Boeing компаниялары авиация өндірісі саласында ең озық компания саналады. Соған байланысты екі корпорация өзара бәсекелеседі. 2004 жылы бұл бақталастық шиеленіске ұласып, тараптар бірін-бірі әділетсіз бәсекелестік жасады деп айыптады. Содан бері «Эйрбас» пен «Боинг» арасында қара мысық жүгіріп өтті десек, артық емес.

Қазіргі таңда азаматтық авиация саласында америкалық Boeing компаниясы мен еуропалық Airbus компаниясының шоқтығы биік. Нарықтың 75 пайызы осы екеуіне тиесілі. Осы күнге дейін AirBus 11 925 ұшақ жасап шығарса, «Боинг» 19 682 әуе кемесін құрастырған. Бұл санның бәрі азаматтық авиация саласына тиесілі. Әйтпесе, америкалық компанияның әскери ұшақ жасаудан да алдына қара салмайтыны белгілі.

Негізі, екі компания арасындағы бәсекелестік бұрыннан бар. 2000 жылдарға дейін «Боингтің» бәсі биік-тұғын. Мәселен, компания XXI ғасырға дейін 7658 әуе кемесін құрастырып үлгерсе, осы уақыт аралығында еуропалық бәсекелесінің жасаған ұшақтарының саны 2499-ға әрең жеткен. Алайда содан бері AirBus-тың тапсырысы артпаса, кеміген жоқ.

АҚШ 2019 жылы Еуропалық одақ Airbus-ты халықаралық заңға қайшы түрде қолдап отыр деп айыптап, Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірген. Өз кезегінде ұйым америкалықтардың өтінішін қанағаттандырып, қарт құрлықтан келетін тауарларға тариф қоюға рұқсат етті. Осылайша, Атлант мұхитының шығысынан келетін өнімдерге жалпы құны 7,5 млд долларлық салық салынды.

Бір жылдан кейін Еуропалық одақ америкалықтар «Боингті» заңсыз қолдап отыр деп айыптады. Сөйтіп мұхиттың арғы бетінен келетін тауарларға құны 4 млрд долларлық тариф енгізді. Осының салдарынан еуропалық ірімшік пен шарап АҚШ-та қымбатқа сатылса, америкалық темекі мен спирттік өнімдердің қарт құрлықтағы бағасы шарықтап кетті.

 Биылғы наурызда Еуропалық одақ пен АҚШ келісімге келіп, 4 айға дейін тауарларға салық салмауға уағдаласқан-ды. Енді аталған тарифтер біржола алынып тасталды.

«Airbas-Boeing дауын оңтайлы шешу ЕО мен АҚШ арасындағы сенімділікті арттырып, қарым-қатынасты нығайтады», дейді Еуропалық одақ Сауда бөлімінің басшысы Валдис Домбровскис.

«Боинг» те, «Эйрбас» та келісімді құптайтындықтарын мәлімдеді. Airbus бұл келісім дау басталғаннан бері тараптарды қолдайтын тең жағдай жасауға негіз беретінін айтады.

АҚШ-тың Сауда өкілі Кэтрин Тайдың сөзіне сүйенсек, уағдаластық екі тараптың азаматтық авиация өндірісіне көрсетілетін қолдауды нақтылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нарық заңына көнбейтін ойыншылардың әуе кемелеріне инвестиция құюына қарсы қадам жасалатынын да жеткізді.

Кэтрин Тэйдің ыммен айтып отырғаны – Қытай. Қазіргі таңда Бейжің билігі ірі лайнерлерін дамыту үшін мол субсидия бөліп жатыр. Әрине, әзірге қытайлық компанияларға Boeing пен Airbus-ты қуып жету қиын. Оның үстіне, екі компанияның ұшақтарын көп сатып алатын да Қытай. Сондықтан аталған елдегі авиация саласының күрт дамуы өндіріске үлкен шығын келтіреді.

Осыларды ескере келе, Airbus та, Boeing те ортақ қарсыласқа қарсы әрекет етпек. Мұндай жағдайда елдегі негізгі компаниялардың мүддесін Еуропалық одақ та, АҚШ та ескереді.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар