Туризм • 17 Маусым, 2021

Көркіне Зерендінің көзің тоймас...

941 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көрікті Көкше өңірінің құйқалы бір пұшпағы – табиғаттың зергер қолымен зерленген, жылдың қай маусымында да он бесінде толған айдай толықсып жататын Зеренді аймағы.

Көркіне Зерендінің көзің тоймас...

Сексен көлді омырауына сексен мон­шақ етіп таққан қасиетті Көкше топырағындағы тұмса табиғат талайды таңырқататыны да рас. Ел ежелден Бурабайдың бедерлі бейнесіне көз қа­нықтырған. Ал Бурабайдан ат шаптырым жердегі ну орманды, мөлдір су­лы Зерендінің де туризм саласын да­мы­туға айрықша ыңғайлы, әбден лайық еке­нін айту парыз. Соңғы жылдары ку­рортты аймақтың инфрақұрылымы бір­шама дамып, көп-көрім жақсарып қалды. Алыс-жақын шет елдерден дүмеп келіп жататын туристердің жолын жаман тұмау кессе де, былтыр 12 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті. Биылғы үміт те зор. Облыс таяуда ғана «қы­зыл аймақтың» құрсауынан шықты. Бәлкім биыл өткеннің есесі қайтатын-ақ болар. Қазір ауданның туристерге қызмет көрсететін ұйымдары қапысыз қамдануда. Ұзын-ырғасы қырықтан астам туризм нысаны бар. Сөз арасында олардың 11-і тәулік бойы жұмыс іс­тейтінін айта кеткен жөн.

– 2020 жылы облыс әкімдігі Зеренді курортты аймағын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын бекітті, – дей­ді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Күлия Бек­сұлтанова, – күні бұрын мұқият әзір­ленген жоспарда инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді түбегейлі шешу, көліктік-логистикалық және ком­муникациялық бағытты мейлінше дамыту, ерекше қорғалатын табиғи аумақ­та рекреациялық қызметті жетіл­діру қамтылған. Ауданның туристік әлеуе­тін дамытуға бағытталған ауқымды 45 жоба кезең-кезеңімен жүзеге асыры­лады. Бүгінге дейін жалпы құны 148,9 млн теңгенің құрайтын 16 жоба аяқ­талды.

Зеренді ауылдық округінің әкімшілік шекарасындағы туристік бизнес нысандарын елді мекен құрамына енгізе отырып, ауылдың бас жоспары әзірленген. Ертеректе ішінара сынға ілініп жүретін жол бойындағы қызмет түрлерін жақ­сарту барынша ескерілген. Алыстан ат арытып жеткен туристердің кірпияз көңілінен шығу оңай-оспақ шаруа емес. Демек зерлі Зерендінің қонақжай құшағына күмп ете түскенше жол азабын шекпегені жөн. Кіші Түкті мен Сера­фимовка ауылдарының бас жоспары бекітіліп, шаруашылық жүргізу құ­қығындағы мемлекеттік коммуналдық шаруашылық ұйымдастырылған. Ауыл­дың Ж.Мусин көшесінен бас­тап Зеренді көлінің жағалауына дейін қамтитын парк аймағының тұжырымдамасы жасалды.

Жанға жағымды жаңалық та аз емес. Келушілердің көңілін аударатын «Визит» орталығы салынып, тарихы қатпар-қатпар өңірдің археологиялық, геологиялық және мәдени мол ерек­шеліктері мұқият ескеріле отырып, жыл бойы үзбей жұмыс істейтін туристік соқпақтар абаттандырылды. Көркем табиғаттың аясындағы соқпақтың бо­йым­ен желе жортып өткен адам көңіліне көп сырды түйер еді. Жалғыз сұлу та­биғат қана емес, құйқалы өңірдің алуан құпиясы бөгіп жатқан айрықша ажарлы жердің тарихынан тамаша тағылым алуға болады. Елдік пен ерлікті жырлайтын аңызға тұнған өлкенің өңі топырағына табаны тиген адамды ұлттық рухқа сусындатып тұратын тәрізді.

Міне, сондықтан да бұл өлкеде мәдени-танымдық, іскерлік, емдеу-сауық­тыру бағыттарын дамытуға мол мүм­кіндік бар. Ақбас толқындары ас­панға атып жатқан күміс көлдерде шо­мылып, жүз сан әнші құстары дарқан даланың тамаша күйін шертіп жатқан өңді өлкеде жаяу, атпен серуендеп, аңшылық құруға да әбден болады. Жал­ғыз жазда ғана емес, қыс түсіп, төрт­күл дүние тегіс ақша қар жа­мыл­ғанда шаңғы спортының бағы жанады дей беріңіз.

Сөз арасында көрікті өңірдің бағын асырып тұрған Зеренді көлі туралы бірауыз сөз айта кетелік. Жағасы ит тұм­­сығы өтпейтін қалың қарағай, ақ қайың­мен көмкерілген Зеренді көлі теңіз деңгейінен 300 метр биіктікте ор­­на­ласқан. Көл табаны құмды, суы мөлдір. Мамандардың зерттеуіне қара­ғанда, суының тазалығында күмән жоқ. Оны зер салып қарасаңыз, зертханасыз да айыр­а аласыз. Айдынға шомылудан жа­лықсаңыз, қолыңызға қармақ алып, он сан балығы өрістеген көлде балық аулауға да болады. Зеренді көлі – шын мәнінде табиғаттың тамаша тартуы. Бәл­кім содан ба екен, көп көңілін өзіне тартып тұрады.

Соңғы жылдары туризм индустрия­сын барынша дамыту мақсатында әлеуетті инвесторлардың жұмылуы оң болды. Жер учаскелері ұзақ мерзімге жалға беріле бастады. «AuroraGarden» отба­сылық демалыс орталығы кеңей­тілді. 250 адамға арналған 2 қабатты асхана салынды. 2020 жылы туризм саласы бойынша ауқымды үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып, туристерге қыз­мет көрсету аясы көп-көрім кеңейіп қалды. Осы бір ілкімді істі ойға алғанда, «EliktiPark» тау шаңғысы кешеніндегі кеңейту жұмыстарын айта кеткен лә­зім. Жайлы күркелер, алуан түрлі ойын алаңдары орнатылған. Ажарлы саябақ алаңы, балалар мен ересектерге арнал­ған бассейндер салынып, спорттық жаб­дықтар жаңғыртылды.

Соңғы жылдары республикалық және халықаралық көрмелерде Зеренді курорттық аймағының туристік әлеуетін жақсарту мақсатында ауыз толтырып айтуға тұрарлық бірқатар жұмыстың атқа­рылғанын бөле-жара айта кетелік. Орындалғаны бір бөлек, оған қоса әлі де 29 жоба қолға алынып отыр. Ойға алғанның барлығы жүзеге асқан кезде зерлі Зерендінің көркем келбеті көз­тар­тарлық, көңіл тоғайтарлық деңгейге жететіні сөзсіз. Өлкеге аяқ басқан ту­рис­тердің ықыласын өзіне аударып, ынтасын арттырудың, қолайлы жағдай жасаудың бар шарасы қамтылуда. Мәселен, табиғаты тамылжыған Бура­байға қарағанда адам аяғы сиректеу тиетін Имантау мен Шалқар курортты аймағымен байланыстыратын облыстық маңызы бар екі автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Енді тылсым табиғат аясын тамашалаған өкпек жолаушы жол азабын шекпейтін болады.

Келімді-кетімді кісіге өткен тарихтың өнегелі тұсын ұқтыру, туған жердің тағылымын көкірегіне қотарып құйып беру де маңызды. Өзгелер де өлкенің өткен тынысын, қастерлі қасиетін біл­­гені дұрыс қой. Осы мақсатта Зе­рен­ді ауылында өлкетану музейінің құры­лысын жүргізу қолға алынбақ. Жо­балық-сметалық құжаттамасын әзір­леу үшін жергілікті бюджеттен 3,9 млн теңге қаражат бөлінді. Тәуелсіздік көшесінде музейге арналған жер теліміне мемлекеттік акт алынды. Таяу арада музей құрылысы қолға алынбақ.

Зерендінің туризм саласын дамытуға инвестициялық жобалардың әсері мол. Осы орайда «Парус» балалар сауықтыру орталығы бұрынғы межеден әжептәуір кеңейтілуде. Жаңадан 70 орынға шақ­талған 5 қабатты жатын корпусы салынуда. «ZerenNur» сауықтыру кеше­нінің аумағында 3 қабатты меди­циналық блоктың құрылысы таяу арада пайдалануға берілмек. Бұдан басқа да бірқатар жоба қолға алынып отыр.

Зерендіден тұп-тура 45 шақырым жерде қазақы ұғыммен әдіптеп айтқанда, иек астында Қараүңгір көлі бар. Бы­лайғы жұрт біле бермеуі де әбден мүм­кін. Сәл қиғаш жатқандықтан көз ұшына іліне бермейтін Қараүңгірдің суы емдік қасиетке ие. Мамандар көл суының құрамын зерттей келе, оның минералға өте бай екендігін дәлелдеп отыр. Гидрогеология ғылымдарының док­торы М.Пятовтың 2003 жылғы зерт­теуіне қарағанда, балшығы да емдік қасиетке ие екен.

Туризм жалғыз табиғат көркіне сүйсініп, таза ауасын жұту емес, бүгінгі жұрт тарихқа да қызығады. Бұл орай­да, Кеңөткел қойнауында бағзы заман­дағы Ботай мәдениетіне жататын тарихи ескерткіш бар. Соңғы жылдары түбегейлі зерттелу үстінде. Ақкөл мен Ивановка ауылдарының іргесіндегі Уәли хан мазары да тылсым тарихтың бір пұшпағын сыр етіп шертеді. Темір дәуіріндегі Ақшасор бейіті де аңыз ұйыған жер. Алдағы уақытта тұтас бір көне дәуірдің күмбезін сомдайтын қасиетті жерлер жан-жақты зерттелмек.

Сөз соңында тарихи тағылымы да, бүгінгі бедерлі бейнесі де, айдын шалқар көлі мен ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысты орман-тоғайы да туристердің талғампаз көңілінен шығатынын айт­қымыз келеді.

зеренді

 

Ақмола облысы

Зеренді ауданы