Қазақстан • 17 Маусым, 2021

Билет – қымбат, вагондар – ескі

77 рет көрсетілді

Демалыс маусымы басталысымен, пойыз билеттерінің бағасы шарықтап шыға келеді. Өкініштісі, бұл жағдай жылда қайталанады. Алыпсатарлардың араны ашылатын шақ та осы кез. Вагондары ескірген, билеттері қымбат темір жолдың бағасы көрсетілетін қызмет сапасына сай емес.

Алакөлге жетудің өзі мұң

Мәселен, Алакөл демалыс орнын мысалға алайық. Отандық туризмнің алтын алқасы – Ала­көлге қатынау қиындап кетті. Екін­ші жыл қатарынан осындай жағ­дай орын алып отыр. Был­тыр пандемияға байланысты турис­тердің жүріс-тұрысы шектелген еді. Ал биыл ұшақпен әрі көлік­пен қатынау қиямет-қайымға айналды.

Өйткені ұшақ жолаушыларын құшақ жая қар­сы алатын Үржар ауданының әуе­жайы биыл уақытша жабылды. Қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әуежайдың ұшу-қону жолағы заман­ға сай қайта жаңғыртылмақ. Қазіргі жолақ заманауи әуе кемелерін қабылдауға қау­­қарсыз. Әуежай тек келер жылы ғана турис­тер­ге өз қызметін ұсына алады.

Бұдан бөлек, Алакөл демалыс орны­на алып баратын автокөлік жолдарына да күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізі­луде. Өкінішке қарай, осының бәрі турис­тер­дің Алакөлге қатынауын қиын­датып отыр. Сондықтан демалушылар да, туристік компания­лар да биыл темір жол қаты­насына тәуелді. Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­паниясы бұл мін­детті қан­­шалықты мінсіз атқара алады? Қазір отан­­дық турис­терді осы сұрақ жиі толған­дырады.  

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, елдің аумағындағы 141 маршруттың бәрі қазір толық жұмыс істеп тұр. Тек Шығыс Қазақстан облысы бағытында ғана проблема бар көрінеді.

– Өткен жылдың қара­шасынан бастап пандемияға қатысты шектеу шараларынан кейін Шығыс Қазақстан бағытындағы по­йыздар санын қысқарттық. Содан бері бұл мәселе әлі реттелген жоқ. Ал жолаушылар пойыздардың санын арттыруды талап етіп отыр. Біз көпшіліктің тіле­гін орындай аламыз. Алайда ол үшін өңір­дегі бас санитарлық дәрігердің шешімі керек, – деді Қанат Әлмағамбетов.

Басқарма төрағасының бірінші орынбасары дәл қазіргі уақытта Алакөлге қатынау өзекті мәселе болып отырғанын мойындады. Айтуынша, әдетте бұл бағытқа 7-8 пойыз қатынайды екен. Қазір 10 пойыз жолау­шыларды тасымалдауға дайын. Оның екеуі жеке компанияға тиесілі. Бұл ретте 15 маусымнан бастап «Жолаушылар тасы­малының» коммерциялық пойызы жолға шықты. Ал 18 маусымнан бастап «Vagon Service Almaty» компаниясы екі пойы­зын қатарға қосады.

 

Араны ашылған алыпсатарлар

Өкінішке қарай, коммерциялық пойыз­дардың шығуымен Алакөл бағытындағы пойыздың билеті де қымбаттаған. Қазақ­стандық туризм индустриясы қауым­дас­тығының төрайымы Мунирам Ахме­тованың айтуынша, кешелі бері жүйеде жаңа билеттер пайда болыпты. Алайда олар­дың құны әдеттегі бағадан 3-4 есе қымбат. «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының маркетинг және сату жөніндегі орынбасары Виктор Бош­ман­ның түсіндіруінше, бұл билеттер ком­мерциялық пойыздарға тиесілі.

– Коммерциялық пойыздардың баға­сы нарықтың сұранысына байла­ныс­ты қалыптасады. Сондай-ақ тасымалдау­шының шығындары да ескеріледі. Оның үстіне мұндай пойыздарға Үкімет тарапынан субсидия қарастырылмаған. Сондықтан баға белгілеу кезінде компа­ния­ның шығындарын жабу ең алдымен қаперге алынады. Сонымен қатар бұл пойыз­дардағы жағдай анағұрлым жақсы. Желдеткіштер жұмыс істейді. Сол себепті бағасы субсидияланатын пойыздармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, – деді Виктор Бошманн.

Белгілі болғандай, 16 маусымдағы жағ­дай бойынша Алакөл бағытына «Жолау­шылар тасымалы» АҚ және жеке тасымалдаушы компаниялар тарапынан 123 354 по­йыз билеті сатылымға түсіпті. Бұл алдағы 45 күнді, яғни 16 маусымнан 31 шіл­деге дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінде оның 76 800-і сатылып кеткен. Қал­ғаны – 46 550 билет.

– Маусым айының басында күніне орташа есеппен Алакөл бағытына 3 700 билет­тен сатылды. Мәселен, Алматы – Алакөл бағыты бойынша алдағы 45 күнге пойыздардың барлығына 55 686 билет бар. Оның 44 мыңы сатылды. 11 600 билет сатылған жоқ. Нұр-Сұлтан – Алакөл бағытына алдағы 45 күнге 33 700 билет қарастырылған. Оның 20 150-і сатылды, қалғаны – 13 550 билет, – деп нақтылады «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының маркетинг және сату жөніндегі орынбасары.

Қ.Әлмағамбетовтің айтуынша, билетке қатысты қалыптасқан жағдайды кейбір тараптар өз мүддесіне пайдаланып қалуға тырысуда. 

– Дүрбелеңді қолдан жасап отырғандар баршылық. Бұл жерде жолаушыларға уақытында дұрыс ақпарат ұсына алма­ған біздің де кінәміз бар. Халықтың сұраны­сын бір сәтте қанағаттандыра алмаймыз. Дегенмен, қабылданған шаралар өз нәти­жесін береді деген сенімдеміз, – деді ол.

Еске сала кетейік, 2019 жылы Қазақ­станда билет сатылымының жетілдірілген жүйесі қабылданды. Ол арқылы билетті рәсім­­деу мен қайтаруға дейінгі барлық про­­цесті бақылауға мүмкіндік бар. Оның бәрі осы жүйе арқылы сатылады. Би­летті 45 күн бұрын алуға болады. Ал қала маңын­дағы бағыттар үшін сатылым 10 күн бұрын басталады. Виктор Бошманның айтуынша, билет сатылымы күн сайын таңғы сағат 7-де ашылады. Халық билеттің сатылымға қашан түсетінінен бейхабар. Қазір осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.

– Билет кассасында күту парағы деген бар. Жолаушылар осы қызметті де пай­далана алады. Күту парағына тізімге тұрғандарға компания билет тауып беруге тырысады. Мәселен, маусым айының алғашқы он күнінде бұған 6 581 өтінім келіп түскен. Соның 3 510-ы қанағаттандырылды. Яғни күту парағына тұр­ған адамдардың 50 пайызына билет тауып берілді, – деді В.Бошманн.

Ол алыпсатарлармен күрес қарқын алғанын мәлімдеді. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының сайты арқылы бір қолданушы 10 билет қана ала алады. Одан асып кетсе, қолданушының парақ­шасы автоматты түрде бұғатталады. Бұл шара 2019 жылы енгізілген. Бұдан бөлек, 2020 жылдың қаңтарынан бастап алыпсатарлықпен айналысқандарға тағайын­далатын айыппұл сомасы 500 ай­лық есептік көрсеткішке дейін ұлғай­тылған.

 

Ashyq жолаушыларға кедергі ме?

Билет мәселесінен бөлек, демалушылар­дың жолын бөгейтін тағы бір кедергі бар. Ол темір жол вокзалдары мен ірі стансаларда Ashyq жүйесінің енгізілуі.

– Республика бас санитарлық дәрі­гері­нің шешімімен осы айдан бастап темір жол вокзалдарында Ashyq жүйесі қол­данылады. «Нұрлы жол» темір жол вок­залы кешені бүгіннен, яғни 17 маусым­нан бастап аталған жүйемен жұмыс іс­тейді. Жалпы Ashyq бұған дейін бір апта сынақтан өтті. 21 маусымнан бастап Алматы-1, Алматы-2, Қарағанды және Өскемен вокзалдары жүйеге қосы­лады. 1 шілдеден бастап өзге облыс орталық­тарындағы вокзалдар мен Шу, Бейнеу секілді ірі стансалар Ashyq жүйесімен жұ­мыс істеуге тиіс, – деді Қ.Әлмағамбетов.

Бұл жүйе белгілі бір деңгейде жолау­шыларға да, вокзал қыз­меткерлеріне де қолайсыздық тудырады. Мұны «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­паниясы» АҚ бас­қарма төрағасының бірінші орынбасары да мойындады.

– Ashyq жүйесі әуежайларда жұмыс істеп тұр. Сондықтан оны қалай қолдану керек­тігін көпшілік біледі деп ойлаймыз. Өз кезегінде біздің тарапымыздан толық­қанды түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жолау­шылар барынша түсіністік танытады деп ойлаймын. Бұл бірінші кезекте жолау­шылардың қауіпсіздігі үшін жасал­ған қадам екенін ұмытпайық, – дейді Қ.Әлмағамбетов.

Осы жерде тағы бір мәселе туындайды: Ashyq жүйесінде «сары» немесе «қызыл» түс көрсетілген жолаушылар билетті қалай қайтарады? Өйткені қауіпті індетті жұқ­тырған жолаушылар вокзалға кіре алмайды. Тиісін­ше, кассаға өтіп, билетті тапсыру да мүмкін емес.

– Ashyq қосымшасынан өте алмаған жолау­шыларға арнап, WhatsApp әлеумет­тік желісінен арнайы топ құрылды. Оның нөмірі – 8-707-207-36-64. Осындай жағдайға тап болғандар аталған нөмірге келесідей үш құжатты жіберу керек: бірінші – билеттің суреті немесе скриншоты. Екінші – Ashyq қосымшасындағы нәтиженің суреті немесе скриншоты. Үшін­ші  – жеке куәлік немесе паспорттың суреті. Осылайша, жолаушы арнайы тізім­­ге алынады. Алты айдың ішінде ол «Жолау­шылар тасымалы» компаниясының кез келген кассасына барып, билет ақша­сын кері қайтарып ала алады. Билеттің ақшасы жолаушыларды тасымал­даудың қолданыстағы ережесіне сәйкес қайта­рылатынын атап өткен жөн, – дейді В.Бошманн.

Қызмет көрсету сапасы сын көтермейді

Нарықтағы ойыншылар темір жол қатынасына қатысты түрлі проб­лемалар бар екенін алға тартуда. Мәселен, Мунирам Ахметова вагондардың әбден ескір­генін айтты.

– Қазір Алакөлдемін. Демалыс орнына Алматы арқылы бардық. Пойыз вагон­дарының іші адам төзгісіз. Кондиционер жоқ. Вагондар әлдеқашан ескірген. Оларды қал­пына келтіру де мүмкін емес. Терезелер жабылмайды. Жабыл­са, ашу машақат. Үнемі жел үрлеп тұрады. Перроннан мініп-түсу де қиындық тудырады. Халық вагондардың жанға жайлы болғанын қалайды. Туристер платцкартпен қысылып барғысы келмейді. Сондықтан купе вагондарды көбейту керек. Алакөлдегі демалыс маусымы үш айға ғана созылады. Осыған дұрыс жағдай жасауға болады. Сервисті жақсарту керек, – деді Қазақстандық туризм индустриясы қауымдастығының төрайымы.

Қ.Әлмағамбетов аталған кемшілік­терді мойындады. Айтуынша, парктің жартысына жуығы ескірген. «Жолаушылар тасымалы» компаниясында Кеңес үкіметінен мұра боп қалған 1 551 вагон бар екен. Бүгінде мұның 93 пайызы жолаушыларды тасымалдауға әзір. Бұдан бөлек, 670 тальго вагоны бар. 174 вагон резервте тұр. 2019 жылдан бастап 209 жаңа вагон сатып алынған. Жақын арада 32 купе вагоны сатып алынбақ. Жаңа вагондардың алғашқы легі тамызда жеткізілуі тиіс. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 62 вагон қатарға қосылады деп күтілуде.

«Sky Way» туристік компаниясының бас­шысы Әсем Қозбағарова Алакөл бағы­тындағы пойыздардың барлығын субсидиялау керек деп санайды. Сонда демалушылар да барынша көп қамтылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжановтың айтуынша, Нұр-Сұлтаннан Алакөлге қатынайтын үш маршрут субсидияланады. Бұдан бөлек, Алматы-Алакөл бағытындағы төрт мар­шруттың үшеуіне субсидия бері­леді. Өскемен арқылы қатынайтын екі маршурт­қа да субсидия қарастырылған.

«Тұмар-Транс» компаниясының директоры Раушан Шәміл «Қазақстан темір жолы» компаниясының сайты арқылы билет рәсімдеу ұзақ уақытты алатынын алға тартты.

– Бұрын ондай емес еді. Мәселен, баламен баратыныңды көрсетсең, оның азаматтығын, жынысын, электронды поштасын белгілеу керек. Ата-анасымен бірге бара жатқан бала үшін мұның бәрі артық ақпарат деп ойлаймын. Көп уақытты алады, – дейді Р.Шәміл.

«Express Tour Company» компаниясының басшысы Раушан Сартаева туристік операторларға билет сату тетігін қайта қарастыруды ұсынды. Өйткені 10 билеттен артық алмау туралы шектеу бизнестің қызметіне кедергі келтіреді екен.

Мұның бәрі биыл ғана белгілі болған жайт емес. Жылда қайталанатын жағдай. Осыдан нәтиже шығара алмай келе жатқанымыз өкінішті.

Соңғы жаңалықтар

Ақпараттық хабарлама

Егемен Қазақстан • Кеше

Доллар тағы да арзандады

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар