Міне, осындай себептерден соң былтыр жазда қауіпті вирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмекпен қамту үшін тұрақтандыру қоры құрылған еді. Дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ дәрі-дәрмектерді сақтауға арналған қоймалары бар «INKAR» ЖШС филиалына 500 млн теңге көлемінде қарыз бергені анықталды. Алайда коронавирусқа қарсы қолданылатын дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге қатысты ұйымдастырылған жұмысқа Атырау қалалық мәслихатының депутаттары мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің көңілі толмай отыр. Олар бұл мәселені «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалында өткен дөңгелек үстел басында талқыға салды.
– Біз «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірге жергілікті дәріханаларда коронавирусқа қарсы препараттардың бағасына мониторинг жүргіздік. Жалпы дәріхананың шекті бағасы сақталады. Алайда олардың көпшілігі «INKAR» ЖШС филиалынан, яғни тұрақтандыру қорынан сатып алынбайтынын айтып отыр. Өйткені дәрі-дәрмектердің құны басқа жеткізушілер ұсынатын бағадан әлдеқайда қымбат. Сондай-ақ жеткізу мерзімі өте ұзақ уақыт алады. Бірқатар дәріханада қауіпті вирусқа қарсы қолданылатын препараттар жоқ. Тіпті дәрі-дәрмектердің бағалары мен тізімі көрсетілген ақпараттық таблоны таппадық. Осы мәселеге қатысты фармацевтикалық бақылау департаментіне, «INKAR» ЖШС-нің филиалына хат жолдадық. Бірақ тиісті жауап алған жоқпыз, – дейді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Гүлзейнеп Дүсіпова.
Ал «Атырау» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Амантай Айтбаевтың мәліметінше, «INKAR» ЖШС-нің филиалымен жасалған келісімшарттың мерзімі биылғы 1 шілдеде аяқталады екен. Қазір аталған серіктестік былтыр берілген қарыздың 200 млн теңгесін ғана қайтарыпты.
– Қазір біз «INKAR» ЖШС-мен келісімшартты ұзарту мәселесін қарастырудамыз. Әзірге мәселе ашық күйінде қалып отыр. Ал 300 млн теңге көлемінде қалған берешекті өтеу үшін серіктестік тұрақтандыру қорындағы дәрі-дәрмектерді сатады. Сондықтан онда дәрі-дәрмектердің кейбір түрлері жоқ. Қор ерекше жағдайға байланысты құрылған еді. Бірақ мұндай жағдай болған жоқ. Дәрі-дәрмектер ауруханаларда қажетті мөлшерде бар, – дейді А.Айтбаев.
Атырау қалалық мәслихатының депутаттары мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері «INKAR» ЖШС-нің филиалымен келісімшарт жасау кезінде коронавирусқа қарсы препараттарға шекті бағалар нақтыланбағанын дұрыс емес деп санайды. Сондай-ақ олар «Атырау» ӘКК» АҚ тарапынан бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізілмейтіндігімен келіспейді.
Қазір өңір «сары аймақта» тұрақтап тұр. Оған соңғы аптада қауіпті вирусқа шалдыққандар санының азайғаны себеп болып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 14 маусымда 27 адамнан коронавирус инфекциясы анықталыпты. Алайда әлі де өңірдегі инфекциялық стационарларда 331 науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде модульдік ауруханада – 111, №2 облыстық ауруханада – 100, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 56, фтизиопульманологиялық орталықта 18 пациент адам ем алу үшін оқшауланыпты. Ал «Теңіз» кен орнындағы инфекциялық стационарда 46 адам емделуде. Сондай-ақ 538 науқас үй жағдайында емделіп жатыр.
Неге екені белгісіз, Атырауда вакцина алу мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр. Қазір өңірде 31 стационарлық, 10 жылжымалы вакциналау бекеті ашылғанмен, 1 ақпан – 14 маусым аралығында Спутник V, QazVac, HayatVax вакциналарының бірінші компонентін салдырғандар саны 66 587 адамға жетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, маусымда Атыраудағы фармацевтикалық қоймаға Спутник V вакцинасының екінші компоненті үшін 39 850 доза жеткізіліпті. Бірақ бұл дозаларға Ресейден келетін сертификат кешіктіріліп жатыр. Енді сертификаттар 16-18 маусымда жеткізіледі деп күтіліп отыр.
Биылғы 1 ақпаннан бері Атырау облысына Спутник V, QazVac Hayat Vax вакциналарының екінші компоненті үшін 32 350 доза сертификаттарымен бірге жеткізілді. Қазір бұл компонентті 23 505 адам салдырды. Коронавирусқа қарсы вакциналардың екінші компонентін алғандар арасында 2 298 педагог, 608 полицей, 208 студент, медицина саласының – 2 601, арнайы мекемелердің – 95, құқық қорғау органдарының 1 578 қызметкері бар. Сондай-ақ 419 мемлекеттік қызметші, созылмалы ауруы бар 243 адам мен жергілікті 15 455 тұрғын ектірді.
Атырау облысы