Тәуелсіздік • 17 Маусым, 2021

Халықаралық феномен немесе қазақ көшінің тарихы

1108 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ тарихын оқыған сайын, трагедия тарихын оқығандай болушы едім. Жақында тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлының «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» атты еңбегі жарық көрді.

Халықаралық феномен немесе қазақ көшінің тарихы

Кітаптың  әр бетін парақтаған сайын, шынымен, бір ұлттың басынан өткерген трагедиясын бүгінгі күні үлкен феномен деп баға беруге болады екен. Тіпті сонау Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінде»: «Ең  ақырында  сәтсіз  тағдырдың қырсығынан   соншама   халықтан міне  бүгін  төртінші  жыл  болып барады, ешбір жерде із де қалмапты.» деп қазақтар туралы айтпайды ма? Тарих сахнасынан ұлт ретінде жоқ болып кетейін деп тұрғандай боламыз, бірақ тағдырдың сырлы сиқыры ма, әйтеуір бас көтеріп алға жылжи бердік. Міне бүгін «Бұл еңбегімді Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын» деген Нәбижан Мұхамедханұлының кітабысоған дәлел. Тәуелсіз Ел болдық, төрт құбыламыз түгенделді. Бірақ артта қалған тарихты да түгендеукүн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Әрине осы аралықта көптеген ақтаңдақтардың беті ашылды, талай істер атқарылды. Әйтсек те «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» кітабын оқығаннан кейін қазақтану мәселесі 2 724 900 км² аумағында ғана емес, ал әлемнің түкпір-түкпіріндегі әр шаңырақты қамтитын үлкен сала екенін көрсетті.

Кітаптан жер жүзіне тарыдай шашылған қандастарымыздың тарғыл тағдырын, Қытайға, Моңғолияға, Үндістанға, Пәкістанға, Түркияға барған жолдары, тарихы, мәдениеті, экономикасы, тіпті қалыптасқан психологиясын да байқауға болады. Сонау аруақты Абылай ханның Цин империясымен тіресе жүріп, ата-баба жерлеріне қазақ халқын қайта қоныстандырғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі үдере көшкен көштің қай жерге дейін қоныстанғанын, қазіргі жағдайына дейін қамтыған.

Автордың сөзімен айтсақ: «Белгілі бір этностың немесе этникалық топты ғылыми түрде тану үшін, олардың өмір сүрген қоғамдық саяси экономикалық жағдайы мен мәдени ортасына назар аудару керек. Өйткені адамдардың өскен ортасы, өмір сүрген қоғамының саяси жүйесінің сипаты мен мәдени құндылық ұстанымдары олардың өмір сүру көзқарастары мен дүниетанымының қалыптасуына, тіпті мінез-құлқына терең әсер етеді.» дейді. Ал автордың зерттеуінің негізгі объектісі болып отырған шетелдегі қандастарымыздың ортасынан шыққан ғалымекенін, 40 жыл өмірі миллиардтың арасында өткенін ескерсек, көз алдымызда бұл туындының құны арта түсері хақ. Сондықтан кітаптан бұрын автордың кім екенін білгеніміз жөн деген ойға келдім.

Нәбижан Мұхаметханұлының балалық шағының өзі бір тарих. Бала Нәбижанның көз алдында жан түршігерлік оқиғалар өтіп жатты. 1958-60 жылдардағы «Халық коммунасы» қозғалысы мен «Үлкен секіріс» науқаны, нәтижесінде аштық, Балапан әулиенің ұрпағы, елін Ілеге қоныстандырған атақты Бәйеке бидің әулетінің тізгінін ұстап отырған Мұхамметхан қарияның жанұясын «бай ұрпағы, партияға қарсы болған» деп қудалауға да салды. Автор оған былайша баға береді: «Үлкен секіріс» пен «Коммуналандыру» науқаны жыл айналмай жатып өзінің ауыр әлеуметтік-экономикалық зардабын көрсетті. Бұл қозғалысқа наразылық танытқан ішкері өлкелердегі қытайлар, әсіресе интеллигенттер «Оңшылдар»  деген кінәмен саяси соққыға ұшыраса, Шыңжандағы аз санды ұлт зиялылары «Жергілікті ұлтшылдар» деген айыппен саяси қуған-сүргінге түсті. Бірақ мәселе саяси күреспен шешілмеді, науқанның ең ауыр зардабы бүкіл Қытайды шарпыған ауыр ашаршылыққа әкеп соқты. Бейресми мәліметтерде 1959-1962 жылғы ашаршылықта жалпы 40 млн. адамның қырылғаны айтылады» дейді. Ғалым бұл процестерді көзбен көріп, бастап өткізіп жатса да, үшінші жақпен айтып отырғанның өзі еңбектің ғылыми жағынан жоғары дәрежеде екініне баға беретіндей. Тек ғылыми анализ, ғылыми қортынды. 1966 жыл атышулы «Мәдени төңкерісті» яғни зиялыларды ату, қудалау, жер аударулары және бір кезең дерсіз. Осының барлығы жүрегіне өшпес із қалдырса да, мойымаған Нәбижан Мұхаметханұлы білімге ден қояды.

70-80 жылдары білімге құштар аз ұлттар өкілдерінің дені Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетіне түсетін, ал зерек жас Нәбижан Мұхаметханұлы 1973 жылы екінің бірі қол жете бермес, (бүгіннің өзінде аспан асты елінде 8-орында тұрған, 5% шетелдіктер оқып жатқан) Гуанчжоу қаласындағы Сунь Ятсень атындағы мемлекетік университетінің Тарих факультетіне қабылданады. Студент кезінен қытайша мақала жазып, көне қытай жазбаларына сілтеме жасап ел арасында ғалым тұлғасы қалыптаса бастайды.

Университетті тәмамдағаннан соң облыстың ұйымдастыру бөлімі әкімшілік қызметке шақырады, бірақ ғылымды жоғары қойған ғалым 1980 жылы Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып қабылданады. Осылайша тарих ғылымындағы ұлы жорығы басталады.

1980-85 жылдар аралығында «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және қазақ халқының қарсылық күресі» (1981), «Абайдың әлеуметтік идеясы» (1983 ж.), «Абылай хан туралы зерттеу» (1984 ж.) сияқты тақырыптағы зерттеулерін қытай тілінде жариялайды.

1985 жылы Пекин университетінің профессоры, Орталық Азия тарихының маманы, аты әлемге әйгілі ғалым Чжан Гуанданыңжетекшілігінде екі жыл (1985-1987) Пекин унверситетінің Тарих факультетінде білім алып, біліктілігін жетілдіреді. Сол жылдары ол «Хань патшалығы дәуіріндегі Хұндар мен үйсіндерің қарым-қатынастары», «Шыңғыс ханның Орталық Азия елдерін жеңу себептеріне талдау», «Моңғолдың хандық мирасқорлық дәстүрі және Хаду дүрбелеңі» сияқты ғылыми мақалалар жариялады.

Бүгінгі күні  Нәбижан Мұқаметханұлы 300 жуық ғылыми еңбектері, оннан аса ғылыми монографиялар мен оқу құралдары жарық көрді. Бұл еңбектердегі ежелгі түркі мемлекеттерінің тарихы мен мәдениеті, ерте заманнан қазірге дейінгі маңызды тарихи кезеңдердегі түрлі бағыттағы зерттеулері, ғылыми тұжырымдары қазақ, қытай, орыс, түрік, моңғол және ұйғыр тілдерінде жарық көрді. Қазақтар мен жоңғарлар қатынасы туралы қытай тілінде жариялаған мақаласы, Синхуа агеттігінің сараптауы бойынша 1989 жылы Қытай бойынша жарияланған ең үздік ғылыми мақалар тізіміне енді.

Бүкіл қытайлық жастар ассоциациясы мемлекет деңгейде жүргізген зерттеулерінде, яғни миллиардтың арасынан «Жеңіске жеткендер - Қазіргі заманғы жас таланттар шоғыры» атты жинағында, Нәбижан Мұхамметханұлы «Мен қазақпын» деген тақырыппен таныстырылды. 1990 жылы Нәбижан Мұқаметханұлын Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясы Ұлттарды зерттеу институты директорының ғылымға жауапты орынбасары міндетіне тағайындады. Сол жылы ол «Он үздік қытай жастары» тізімінде тұрды. 1991 жылы Қытай жастар сыйлығының иегері болады. 1993 жылы «Қытайдың қазіргі заманғы тарихшы ғалымдары сөздігіне» енді.

Нәбижан Мұқамеханұлы Қытайды тарих ғылымы саласында маман және жастар арасында элита ретінде кеңінен танымал болды. Ол «Қытай ұлттар тарихы ғылыми қоғамының», «Қытай этнография ғылыми қоғамының» мүшесі болды. Сондай-ақ Шыңжаң Жастар ассоциациясының екі мәрте тұрақты мүшесі, Бүкіл қытайлық жастар съезінің VІІ кезекті депутаты және  ассоциация мүшесі болады. Жас талантты тарихшыны сол кездегі ҚХР төрағасы Цзэн Цзэминің өзі қабылдайды. Бұл Нәбижан Мұхамметханұлының мойындалып, қызмет жағынан өсуі басталған шағы десек те болады, тіпті академия басшылары қызметінің өрлейтіндігін айтып та қойған еді.

Бірақ, Ұлы қытай қорғанының ар жағынан көк байрақ көтеріліп, мен мұндалап тұрды. Ендігі мақсат елге оралу. Бір жағынан, Қытай мойындап жатса, екінші жағынан, жапон әріптестері бірлесе жұмыс жасауға шақырып жатты. Сүйінбайша: «Бөрілі менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым.» демекші. Жапонның ұсынысы да, қытайдың кең өрісі де қызықтырмады, тәуелсіз елге қызмет ету бәрінен жоғары тұрды. 1993 жылы мансапты да, атақты да тастап Алматының алақандай тар бір бөлмелі жатақханасына келіп орналасып, қарапайым студент-солдат құсап сапқа тұрып ғалым ретінде мойындалу жолын қайта бастайды. Академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігінде докторлық диссертация жазуға кірісті. Сонымен қатар Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық  қатынастар және әлем тілдері университетінде қазақ тобына алғаш жапон тілі курсын ашып, үш жыл сабақ берді. 1995 жылы Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, ал 2001 жылы Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғады. Оның докторлық диссертациясы ҚР БҒМ Жоғары аттестациялау Комитеті тарапынан сол жылғы ең үздік докторлық диссертация болып бағаланды. Бүгінгі күні Нәбижан Мұқаметханұлының жетекшілігімен 4 ғылым кандидаты, 3 философия докторы (PhD) қорғады.

Қорыта айтқанда, «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтасу үдерісі» еңбегі тарих ғылымына қосылған құнды дүние. Қандастардың миллионы елге келіп, қайта шыңырақтарын көтеріп, керегелерін бекітті, демографияға, экономикаға, ұлттық руханиятқа үлестерін қосып жатқанын көз көріп отыр. Аттың жалында, түйенің қомында арпалысып өткен тұлғалардың есімдері ұлы көшпен қайта оралып жатса, Нәбижан Мұхамедханұлының еңбегімен ұлт тарихы ғылымына  да келіп қоныстанды. Автордың сөзімен айтар болсақ: «Біз үшін болашағамызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы»Ендігі мақсат, қайта оралған баққа бекем болу.

 

Саят Баймұратұлы

тарихшы