Аймақтар • 17 Маусым, 2021

Жаңаөзендегі өрт кезінде химиялық заттардың төгілгені рас па?

413 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры Нақберген Төлепов 16 шілдеде кәсіпорында болған өрт бойынша түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңаөзендегі өрт кезінде химиялық заттардың төгілгені рас па?

«Кеше жергілікті уақыт бойынша сағат 22.15-те компрессорлық цехте ауа тоңазытқышы тұтанды. Біз дереу өртті сөндіру бойынша шаралар қабылдадық. Зауыт бірден тоқтатылды. Өртті сөндіруге жеке өрт сөндіру топтары мен ТЖД күштері жұмылдырылды. Сағат 22.52-де өрт сөндірілді. Ең бастысы қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ», деді Н. Төлепов.

Оның айтуынша, сағат 23.30-да мамандар кәсіпорынды шектеулі режимде іске қосуға кірісті. Қазір зауыттың жүктемесі шамамен 30 пайызды құрап отыр. Кәсіпорынды толық қуатына шығару үшін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар Н. Төлепов өрттің салдарынан тек ауа тоңазытқышының көтергіш конструкциясы ғана бүлінгенін айтты. Негізгі жабдыққа зиян келмеген.

Бұған қоса, ҚазГӨЗ директоры оқиға кезінеде химиялық заттардың ағып кетуі туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпараттарды жоққа шығарды. Ол алаңдауға негіз жоқ екенін баса айтты.

«Бұл жабдық шикі газды ауа-су әдісі арқылы салқындату үшін қолданылады. Бұл жабдықта қандай да бір химиялық заттар пайдаланылмайды. Сондықтан жұмыскерлер және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіптің жоқ екенін сеніммен айта аламын», деді Н. Төлепов.

Оның пікірінше, зауыттың қызметі жақын арада толығымен қалпына келтірілетін болады және сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету бойынша аутқулар болмайды.

Айта кетейік, осыған дейін Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты өртенгенін хабарладық.