Бір замандары тамыры бір мемлекеттің идеясына байланып, одан кейін өз тәуелсіздігін жариялап, төркүл дүниеге әр қырынан танылып жатқан Достастық елдерінің мұғалімдері мен білім қызметкерлерінің тұңғыш съезінің екінші күнгі жұмысы негізінен білім сапасын көтеруге, мұғалім дайындау ісін жандандыруға бағытталды. Алғашқы сөзді Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Андрей Фурсенко алып, жаһандану заманында білім беру ісін бірлікте жүргізудің пайдасы ерекше болатынын, бұл халықаралық деңгейдегі білім бәсекелестігіне кең жол ашып, қабілеттіліктің артуына, мемлекеттердің интеллектуалдық, кәсіби әлеуетінің тұрақты өсуіне тигізетін септігіне тоқталды. Әрбір елдегі жақсы жетістікті білім стандартына сай қолданудың еш артықтығы жоқтығын тілге тиек ете келе, ол осыдан біраз жыл бұрынғы қиындықтар тұсында демографиялық ахуалдың құлдырап кеткенін, ауылдық жерлердегі шағын мектептерде бала саны 10-15-тен аспай қалғанына нақты мысалдар келтіріп, мұғалімнің беделін көтеру мәселесіне ерекше тоқталды. Мектепте химия, математика, физика пәндерін жақсы оқытпаған жерде ел экономикасын көтеретін азаматтардың шықпайтынын, мықты экономистер мен инженердің болмайтынын, ол пәндерге жауапты мұғалім екенін айта келіп, осыдан 20-30 жыл бұрын көшбасшы да, үлгі алар, өнеге көрсетер адам мұғалім болатын. Қазіргі мұғалімдер сол дәрежеде дей алмасақ керек. Себебі, осы күнгі оқушылар пәнге қатысты деректерді интернеттен, теледидарлардан, өзге де жерлерден алады. Ендеше, осындай заманда мұғалімнің мәртебесін қалай көтереміз, – деген министр Николай біріншінің Александр Пушкинге: реформаны бастамас бұрын не істеген жөн деген сұрақ қойғанын, сонда ақын іркілместен білімнің іргетасын мықты қаламай надандықты жоя алмайсың, – дегенін айтты. Осы тәмсілді алға тарта отырып, ол жаңа заманның мектебі қалай болу керек деген ойға жауап беріп бақты. Жаңа мектеп – барлық адамға ортақ, жаңа мектепте – жаңа заманға сай білім беретін білімді, білікті мұғалім болуы тиіс, жаңа мектеп – тек мұғалім мен баланың ғана емес, ата-ананың, қоғамдық ұйымдардың ұйытқысы, уақыт талабына жауап беретін инфрақұрылым, ең бастысы білім сапасының тұғыры екенін еске салды. Ал оқу бағдарламасы бұрынғыдай қатып қалған қасаңдықтан арылып, қағазбастылықтан құтылып, мұғалімдерге еркіндік берілуі тиіс. Бірақ бұл арадағы еркіндіктің арғы жағында мұғалімнің жоғарыда айтқан көшбасшылығы, білімділігі, парасаты жатуы тиіс. Ондай болмаған жағдайда барлық іс сөз жүзінде қалып қояды. Мұғалімнің мәртебесін көтеру дегенде, бірінші –моральдық жағынан, екінші – материалдық жағынан жақсы мүмкіндіктер қарастырылуы керек. Біз 2010 жылды Ресей мұғалімдерінің жылы деп жариялап отырмыз. Тағы бір айтарым, талантты мұғалім мен талапты балаға әркез қамқорлық көрсетіп отыру керек, деген ол білім – тәрбие орныққан жерде оқушының бойына даритынын айта келіп, тәрбиенің басы рухани құндылықтарда жатқанын, өзінің жастайынан елдің ардақты ұлдарын үлгі етіп өскенін, күні бүгінге дейін сол үрдісті жалғастырып келе жатқанын, әсіресе Отанын сүюде Бауыржан Момышұлына деген ілтипатының ерекше екенін білдіріп, Александр Бектің “Волоколамск тас жолы” повесін, қазақтың қас батырының “Артымызда Мәскеу”, т.б. шығармаларын атап өтті.
Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков “Қазақстан Республикасындағы жоғары педагогикалық білімді жаңарту” деген тақырып бойынша ой қозғап, еліміздегі жасалып жатқан білім реформасы, мұғалімдердің білімін жетілдіру, білім мазмұнын арттыру мәселелеріне де тоқталып, сондай-ақ осы саладағы жаңа білім технологиясы туралы да мәлімет берді.
Съезд делегаттары бірнеше секцияда жұмыс істеді. Онда білім сапасын білім беру жүйесін қамтамасыз етуші фактор ретінде қарау, білім ұяларын нормативтік, оқу әдістемелік жағынан толтырып отыру, оқулықтар мен оқу әдістемелерін әзірлеу, жетілдіру, кадр әлеуетін арттыру және тағы басқа мәселелер пікір бөлісуге арқау болды.
Сол секілді құрылтайда педагогикалық ынтымақтастықты зерттеп, зерделеу, интеллектуалды тұлғаны қалыптастырудағы психологиялық-педагогикалық тәжірибе, қазіргі заманғы оқыту технологиялары мен электронды білім ресурстарының жаңа буынын қалыптастыру, көп тілділік пен халықаралық ынтымақтастыққа жету жайы да жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ оқулық пен оқу әдістемелерді әр елдің ерекшелігіне қарай жазу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Оның кейбір үлгілері көрмеден көрініс тапқанына куә болдық.
ТМД мемлекеттері мұғалімдері мен білім қызметкерлерінің бұл съезінде білім берудің толғақты мәселелері қозғалып, әсіресе, жаратылыстану пәндерін оқыту, ортақ оқулықтар шығару жайы да қозғалды. Оқулық туралы әңгіме қозғағанда бірден айтайық, біз өзге мемлекеттердің, оның ішінде Ресейдің оқулықтарын баяғыдағыдай көшіріп алу деген ойдан мүлде аулақпыз. Біздің ғалымдар мен жаңашыл мұғалімдер Ресей, өзге де елдердің оқымыстылары бірлесе отырып, Отанымыздың білім бағдарламасына, оқу стандартына сай жазылатын болады, деген Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев құрылтайда көтерілген мәселелер болашақта өз шешімін табатынына сенім білдіре келіп, оқулыққа арналған мұндай басқосу алдағы уақытта Армения не Беларусь елінде өтетінін, білім беру саласы бойынша Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастыққа, сол секілді Қазақ елінің біліктілікті арттыру институты мен Ресейдің біліктілікті арттыру және қайта даярлау академиясы арасында да ынтымақтастыққа қол қойылғанын, өзге де мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайту туралы құжаттар қабылданғанын алға тартты.
Сонымен жиырма екі жылдан кейін бас қосқан Достастық елдерінің мұғалімдері мен білім қызметкерлері алқалы жиынға арқау болған білім беру мен ұрпақ тәрбиесі, мұғалім жауапкершілігі, оқулық жазу, әдістемелер шығару, жаңа білім технологиясын бірлесіп жүзеге асыру туралы нақты ұсыныс-пікірді айтып қана қоймай, оны алдағы уақытта бірлікте жүзеге асыруға келісті.
Сүлеймен МӘМЕТ, Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ,
МҰҒАЛІМ ӨЗ ҚЫЗМЕТІН БІЛУІ КЕРЕК
Қанипа БІТІБАЕВА, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, “Құрмет” орденінің иегері:
Екі күн ішінде көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Соның ішінде еліміздің Білім және ғылым вице-министрі М.Сарыбековтің “Қазақстан Республикасындағы жоғары педагогикалық білімді жаңғырту”, Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі А.Фурсенконың “Қазіргі заманғы мектептік білім ТМД кеңістігіндегі біріктіретін фактор ретінде” деген баяндамаларындағы айтылған тың идеялар маған қатты ұнады. Өйткені, екеуінде де мұғалім туралы, олардың дайындығы туралы өте жақсы пікірлер қозғалды. Бүгінгі таңда мектепте мұғалімнен бала білімді болып келеді. Интернет, БАҚ дегендерден жан-жақты сусындайтын балалар қашанда білуге құштар келеді. Сондықтан да осы жерде мұғалімнің де әрдайым өздерін жетілдіруге асыққандары жақсы.
Мұғалім өз қызметін білуі керек. Құрылтайда көтерілген басты мәселе де осы болды. Білім саласы деп жатырмыз, осының бәрі мұғалімнің дайындығына тәуелді. Әр мұғалім алдында отырған балаға ұлттың болашағы, елдің ертеңі деп қарасын. Университетке, институтқа мұғалімдік мамандыққа талапкерлерді қабылдап жатамыз. Сол талапкерлердің бала тәрбиелеуге, сабақ оқытуға қабілеті бар ма, жоқ па, бұл ескерілмейді. Мұндай жағдайда білімді мұғалім қайдан шығады? Талапкердің білімін адам арқылы емес, “өлі тест” арқылы бағалайтын болдық. Мен – мұны қолдамайтын адаммын. Мұғалім даярлауды түбірімен өзгертуіміз керек. Сонда ғана мұғалімнің беделі артады. Осы мамандыққа деген ұмтылыс, яғни талапкерлер көбейеді. Қазір әр облыс өздерінше институт ашып, мұғалімдерді қайта даярлап жатады. Соның бәрінде жұмыс сапалы жүреді дегенге мен сене қоймаймын. Мұндай институттың беделін көтеру керек. Беделі жоғын, тек ақша жасап отырғандарын жауып, ірілендіру қажет. Сөйтіп, мұғалім мамандығын жетілдіретін мықты университеттер ашып, онда мықты ғалымдар, жаңашыл ұстаздар дәріс оқуы тиіс.
РОБОТ ЖАСАУДАН ДА БӘСЕКЕГЕ ТҮСЕТІН КҮН АЛЫС ЕМЕС
Александр ЖУРБЕНКО, Семей қаласындағы тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебі физика пәнінің оқытушысы.
Білім беру саласындағы аса көңіл аударатын әрі зор табыс алып келетін ол жаратылыстану пәндерін оқытуды жетілдіру болып табылады. Бүгінгі таңда жаратылыстану ғылымдарының араласпайтын саласы мүлдем жоқ десе де болады. Сондықтан да бұл пәндерді терең оқытсақ болашақта бәсекеге төтеп бере аламыз. Соның ішінде кенжелеп қалған робот жасауды қолға алу керек. Көріп отырғандарыңыздай, көрмеге қойылған 4 роботтың бәрін өзіміз оқушылармен бірге жасап шықтық. Робот жасау техникасының курстары тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебінде бесінші сыныптан бастап оқытылады. Апта сайын практикалық дәрістер жүргізіледі. Осы салаға бейімделген оқушылардың тарапынан қызығушылық өте жоғары деңгейде. Білім беру барысында оқушылар робот құрылымдарын үйренеді. Олар қарапайым тапсырмаларды орындай алатын роботтарды жасайды. Робот ол жай ғана темір-терсектерден жасай салған ойыншық емес, ол адам жұмысын жеңілдететін, көмекші. Роботты бағдарлай алатын маман ол – нағыз бәсекеге қабілетті адам. Сол себепті де бүгінгі таңдағы көкейтесті мәселеге зор ықылас аударғанымыз жөн. Мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар болатын болса, робот жасаудан біз де бәсекеге түсетін боламыз.
БІЛІМ САПАСЫ – АДАМЗАТ ДАМУ ПРОГРЕСІНІҢ ЕҢ ҮЗДІГІ
Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ, Батыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған дарынды балалар мектебінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, “Құрмет” орденінің иегері.
– Бұл съездің маңызы өте жоғары. Соңғы 15-20 жылда қай ұлт, қай ел, қай республика қандай жаңалықтар тапты, өздерінің ерекшеліктеріне сай ағарту жүйесін дамытуда қандай инновациялық жаңалықтар ашылғанын естіп білдік. Заман талабы әрбір адамның, әрбір оқушының жеке тұлға ретіндегі дамуын қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз, білім инновациясының негізгі қағидаты. Кеңес мектебінде қалыптасқан ағарту жүйесіне біз үлкен жаңалықтар, табанды реформалар жасай алмай отырмыз. Ал енді реформа жасау үшін, жаңалықтар енгізу үшін, өзге елдердің жеткен жетістіктерін көріп талдай алуымыз керек. Әрине, бізде үлкен жаңалықтар бар. Бейінді білім беру осы бағыттың бастамасы болып отыр. Бейінді білім беру саласында әсіресе мамандандырылған дарынды балалар мектебі, лицей-гимназиялар өте жоғары деңгейде тәжірибелер жинақтады. Екінші қол жеткен жаңалығымыз, ол – әлемдік білім кеңістігіне сәйкес келетін жаңалық – тестік модельдің біздің ағарту жүйемізге енуі. Тестік модель өзінің оқушыға қоятын талабы жағынан, мемлекеттік стандарттың орындалу деңгейі қаншалықты дәрежеде жүріп жатқандығын анықтауда үлкен рөл атқарып отыр.
Бір айта кететін жайт, білім сапасын біз тек қана “Алтын белгі” немесе “грант” иегерінің санымен есептейтін болсақ, онда білім жүйесі үлкен қателікке ұшырайды. Сапа – ең алдымен ғылымда философиялық түсінік. Біз сол арқылы әрбір оқушының қандай дәрежеде білім алғандығын анықтай аламыз. Білім сапасы дегенде екі нәрсені ескеруіміз керек. Біріншісі әрбір баланың өз қабілетіне және қабілетінің ең жоғары деңгейіне сәйкес білім берілуі керек. Екіншіден, ол білім қазіргі қоғамның қойып отырған талабына жауап беретіндей болуы тиіс.
РОБОТ ЖАСАУ МЕН ҮШІН ҚИЫН ЕМЕС
Темірлан ЖҰМАНОВ, Астана қаласындағы тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебінің 8-сынып оқушысы.
Компьютердің, соның ішінде бағдарлаудың тілін жақсы меңгерген адам үшін робот жасау қиын емес. Біздің мектепте 5 сыныпта оқитын оқушының өзі қарапайым роботтарды емін-еркін жасап бере алады. Біз шетелдерге шығып, өзге елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып, өзіміздің жаңа идеяларымызды қосып, бүгінде күрделі қимылдарды орындайтын 10-ға жуық роботты жасадық. Алғашқы кезде роботтарды біз шетелдерден сатып алып келіп, жетекшілерімізбен бірге оның құрылымдық ерекшеліктеріне назар аудара отырып, үйренуге кірістік. Көп ұзамай өзіміз де оны жасауға бейімделдік. Роботты бағдарлау барысында оның амалдарына аса мұқияттылықпен қараған абзал. Өйткені, роботқа дұрыс бағдарлама енгізбесе, ол адамның өміріне қауіпті қимылдарды да орындауы ықтимал.
ҰЛТТЫҚ ЖОБА – ӘР ЕЛДІҢ МАҚТАНЫШЫ БОЛУЫ ТИІС
Александр АЛЕСИMНОК, Беларусь Республикасы.
Әр елдің білім беру кеңістігінде өзіндік ұлттық жобалары болады. Ұлттық жобаны қалыптастыруда екі басты факторды ескеруіміз керек. Біріншіден, әр елдің өндірісінің, шаруашылығының, менталитетінің ерекшеліктеріне сәйкес оқу-ағарту жүйесі болады. Яғни, білім беруде әр ұлт өзінің ерекшеліктерін ескере отырып білім сапасын жетілдіруі керек. Ал екіншісі, дүниежүзілік деңгейде экономиканың, инфрақұрылымдық жүйелердің дамуына жауап бере алатындай білім беруіміз керек. Сонымен қатар, білім берудегі аса көңіл аударатын нәрсе, ол ұстаздардың әлеуметтік жағдайы. Қоғамда ұстаз мәртебесін қалай биіктете аламыз деген сұрақ төңірегінде ойланатын болсақ, ең біріншіден, оқытушыларды толық кәсібилік тұрғыдан да, әлеуметтік жағынан да қолдап, жалақыларын мейлінше жоғарылату керек. Мәселен, көптеген батыс елдерінде мұғалімнің жалақылары шенеуніктердің, тіпті министрлердің табыстарынан да жоғары. Мінеки, олардың еңбектеріне осылайша ілтипат көрсетілетін болса, сонда ғана ұстаздардың жауапкершілігі артады, оқушыларға үлкен талап қоя біледі.