Спорт • 17 Маусым, 2021

EURO-2020: Украина алғашқы ұпайын иеленді

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С тобындағы Украина мен Солтүстік Македония құрамалары кездесіп, 2:1 есебімен Андрей Шевченко шәкірттері жеңіске жетті. Осылайша, Украина құрамасы турнирдегі алғашқы 3 ұпайына қол жеткізді деп хабарлайды Egemen.kz

EURO-2020: Украина алғашқы ұпайын иеленді

Шевченко Нидерландыға қарсы матчтпен салыстырғанда осы жолы аздаған өзгеріс жасапты. Сидорчуктің орнына Степаненко шықса, Шапаренко жарақат алған Зубковты алмастырған.

29 минутқа дейін де Украина Столе Димитриевски қақпасын жиі торуылдап, гол соғатын мүмкіндік іздеумен болды. Әрине, Солтүстік Македония да алғашқы ойынына жеңілгендіктен, 3 ұпай оларға да ауадай қажет. Алайда ойынның өн бойында Зинченко бастаған жігіттердің бір бас биік екенін байқамау мүмкін емес еді. Бұл Украина үшін жеңісті һәм жемісті матч болды деуге толық негіз бар. Әуелі 29 минутта Андрей Ярмоленко бұрыштамадан келген допты кәдеге жаратып, есеп ашты. Одан соң 34 минутта Роман  Яремчук есепті еселеді. Қақпашымен бетпе-бет қалған Яремчу мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Македониялықтар Эзджан Алиоскидің добымен ғана жауап қатты. Украина қақпашысы Бушан Алиоскидің әуелгі соққысын қайтарған, алайда серпілген допқа бірінші жеткен «Лидс» футболшысы Бушаннан айласын асырып кетті.

Айтпақшы, 55 минутта Македонияның ғана емес, турнирдің ең ардагер ойыншысы Горан Пандев гол соққан. Алайда қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, гол есепке алынбады. Осылайша, Украина маңызды үш ұпайды еншілеп, өз тобында 3-орында тұр. Топтағы өзге командалар Нидерланды мен Австрия енді ойнайды. Аталған матчты түнгі 01:00-де Qazsport телеарнасынан тамашалауға мүмкіндік бар.