Қазақстан • 17 Маусым, 2021

Жалақыға сай талап та жоғары болуға тиіс

1553 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы білім беру мен саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне басымдық беріп келеді. Осы орайда мұғалімдердің мәртебесін арттыруға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы білім беру саласында үлкен серпіліс туғызды.

Жалақыға сай талап та жоғары болуға тиіс

Әрине, қазіргі заманда кез келген маман беделінің артуына әлеуметтік жағдайының жақсаруы зор ықпалын тигізеді. Бұл ретте мұғалімдердің еңбек­ақысы едәуір көтеріліп, мерейі де өсіп қалды. Дегенмен ұстаз­дардың айлығын ғана емес, сапа­сын да арттыру ұдайы назарда болуға тиіс. Яғни лайықты бағаға лайықты сапа керек екені сөзсіз.

Мұғалімдердің қоғам­дағы мәртебесін арттыру мен әлеу­меттік жағдайын жақсартуды Та­мыз конференциясында көтер­ген Президент алдағы үш-төрт жыл ішінде осы бағытта кешенді жұмыстарды жүзе­ге асыруды тап­сырған еді. «Алды­мыз­да тұрған құ­былмалы заман­да жас­тары­мыз еңбекқор болмаса, ешқан­дай бәсекеге түсе ал­май­тынын те­рең түсінуі керек. Білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қа­былдау қажет. Бұл, алдымен, мұ­ғалімдердің біліктілігіне, оқулық­тардың сапасына, заман тала­бына сай инфрақұрылым мен мате­риалдық қорға байланысты. Атал­ған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет, яғни туындаған мәсе­лелерді дер кезінде анықтап, оларды шешудің оңтайлы жолдарын ұсыну керек», деді Мемлекет басшысы.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің жоғары оқу орындарының педагогика мамандығында оқитын студенттермен, оқытушылармен кездесулерінде «Ұстазы білікті болса, баланың білімі де сапалы, тәрбиесі де жақсы болады» дегенді үнемі қаперде ұстап келеді. Осы орайда заманауи педагогке ғылым мен техника қарқын алған заманда өмірге бейім, жаһандық өзгерістерге, еліміздің индустриялық-инновациялық бағыт-бағдарына икемді, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу міндеті жүктеліп отыр.

Елімізде «Білім және ғылым туралы» заңға өзгерістердің енгізілуі, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы педагогтердің сапалық құрамының жақсаруына, мектептер мен жоғары оқу орындарында қордаланған түйткілді мәселелердің бірте-бірте шешілуіне ықпал етіп отыр. Бұл өз кезегінде мұғалім мамандығына деген сұранысты арттырды. Осындай пікірін алға тартқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков соңғы кезде мұғалім мамандығына түсетін сту­денттердің саны артқанын айтады.

Мысалы, 2021 жылы оқуға түскен 13 мың түлектің 65 пайызы мұғалім ма­мандығын таңдаған. Жалпы, студент­тердің 55 пайызы мемлекеттік грантқа қабылданған десек, соңғы екі жылда университетке мұғалім мамандығына квота берілмегендіктен, түлектер рес­публикалық квотаны жеңіп алуға тырысуда. Хайрулла Нышанұлының айтуынша, мұғалім мамандығына «Алтын белгімен» бітірген түлектер тарапынан сұраныс артып келеді. Мысалы, 2018-2019 жылы «Алтын белгімен» бітірген 200 студенттің 143-і, яғни 72 пайызы мұғалім мамандығын таңдаса, 2019-2020 оқу жылында 300 «Алтын белгі» иегерлерінің 177-cі, ал былтыр 522 талапкердің 300-і мұғалім мамандығына оқуға түскен.

Соңғы отыз жылда білім саласында қордаланған мәселелерді бір-екі жыл ішінде шешіп тастай алмайтынымыз анық. Дегенмен «Педагог мәртебесі туралы» заңның күшіне енуімен мектептегі жүктемесін он екі сағат бойы арқалап, қолбалаға айнала бастаған көптеген мұғалімнің иығынан жүк түсті. Әрбір ұстаз білімнің жаршысы, тәрбиенің ұйытқысы екеніне көзі жеткендей. Осы орайда өз пікірімен бөліскен Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы: «Көптеген реформадан шаршаған әрі жеткілікті көңіл бөлінбеген саладағы жағдай баршаға мәлім. Осы жылдарда білім саласынан дарынды мамандардың басқа жаққа кету үрдісі орын алып, мектептер аутсайдерлер мен басқа саладан жұмыс таппағандардың ордасына айналды. Осылайша, әртүрлі келеңсіздіктерге тап болған саланы аз уақытта түзету мүмкін емес», деп атап өтті.

Сондай-ақ оның айтуынша, «Педагог мәр­тебесі туралы» заңның қабыл­­дануы біріншіден, мұғалімдерді қағазбастылықтан, өзіне тиісті емес шаруалардан арашалаудың алғышартына айналып отыр. Мұғалімнің жалақысы көтеріліп, алдағы уақытта әлеуметтік жағдайына жіті көңіл бөлінетіні саладан он шақты жыл бұрын кеткен мамандарды білім ордаларына қайта оралуға ықпал етті. Оларды жұмысқа қабылдаған кезде біліктілігін растау тетіктерін қолданумен қатар, білімін арттыру мәселесі де уақыт күттірмейді. Ал кәсіби біліктілігін қайта шыңдау үшін білігі төмен мұғалімдерді базалық білімге қайтадан оқытуды сапалы, жүйелі түрде жолға қою қажет. Бұл бір апталық немесе он күндік курстармен емес, үш айдан бір жылға дейінгі оқулармен жалғасын табуы тиіс.

Мұғалімнің білімі сапалы болмай, білім беру үрдісі оңалмайды. Ал осы заң аясында педагог мәртебесі категориясының енгізілуін дұрыс шешім деп бағалаған А.Ахметжанұлы аттестация­лау барысын күшейтуді ұсынды.

«50 пайыздан төмен көрсеткіш алған мұғалімдерге шектеме қойылуы қажет. Мысалы, 80 балдық тест нәтижесінде 30 балл алып жатса, онда қайта өтуге, тіптен жұмыс орнын босатуға дейінгі қатаң талаптар қолданған жөн болар. Орнына басқа адамдарды кіргізу, не болмаса мұғалімдердің басым көпшілігінің біліктілігін қорғай алмау фактілерінің кездесіп жүргені саладағы «қасірет». Ал аутсайдерлер мен ақша үшін мұғалім болып жүргендерден саланы тазартпай, сапаға қол жеткізе алмасымыз анық. Сондықтан да педагог біліктілігіне мәртебе керек», деді ол.

А.Ахметжанұлының айтуынша, мұға­лімдерді қолдауға арналған жаңа заң аясында жүктемесі азайған мұғалімдер үшін тың мүмкіндіктерге жол ашылды. Дегенмен әлі де жүктеме арқалап жүрген мұғалімдердің бар екені белгілі. Жұмыстың нәтижелі болмағы жергілікті білім басқармаларына байланысты. Сондай-ақ әрбір мұғалімнің құқықтық сауаты болғаны маңызды. Білікті маман, ойы озық ұстаз – мектептің абыройы. Сонымен бірге заң шеңберінде тәлімгерлік қолдау мәселесі де оңды іс болды. Жаңадан келген жас маманға іс-тәжірибесімен бөлісіп, алға жетелеп, жол көрсете білетін кәсіби маманның орны айрықша. Сондай-ақ мектеп директорын да таңдаған кезде бәсекелестік орта қажет. Ал айлығының төмендігіне байланысты бұл орынға қызығатындар аз әрі конкурс барысында қиындық туғызатын көрінеді. Сондықтан да бұл салада бәсекелестік орта қажет әрі бюрократиялық қадамдардың шектелгені ләзім.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы №61 мектептің директоры Ернұр Омар­ханов қандай заң қабылданса да мұға­лімнің мәртебесін көтеретін мұғалім­нің өзі екенін атап өтті. Өйткені мұға­лімнің ата-ананың, оқушының алдындағы жауап­кершілігі жоғары. Ал пандемия кезінде қоғам мұғалімнің де, дәрігердің де қадірін түсінгендей. Ел іргесіне індет кірген­де қоғамдық жұмыс­тардың бел орта­сында осы екі мамандықтың иелері жүрді.

«Жаңартылған оқу бағдарламасына көшу кезінде жаңаша критерий алды бағалау, жаңаша оқыту мақсаттары мен стандарттарын меңгеру мұғалімдер үшін оңай болған жоқ. Олар барлық курстан өтті. Қашықтан оқыту кезінде заманауи ресурстарды меңгеріп, оқушыларға қал-қадерінше білім беруге тырысты. Десек те, білікті мұғалімнің бастауы – жоғары білімде. Осы орайда педагогикалық мамандықты таңдаған түлектерді материал­дық-техникалық, оқу-әдіс­темелік базасы жетілген оқу орындарда дайындау қажет. Ал педагогикалық ма­мандыққа түсетіндер үшін шектік балдың 75-ке көтерілуі – құптарлық жағдай. Егер талапкер осы шектік балды жинай алмаған жағдайда ақылы бөлімге де іліге алмайды. Бұл өз кезегінде талаптың күшейгенін көрсетеді. Яғни мұғалім болуға білімі таяз түлектердің түсуіне жол жоқ. Сонда ғана мектепке мықты мұғалім келеді. Ал сапалы білім – еліміздің әлеуметтік-экономикалық болашағының кепілі», деді Е.Омарханов.

Бұл ретте Президенттің педагогикалық мамандықты таңдаған түлектерге 42 мың теңге стипендия тағайындау туралы тапсырмасы салада қалыптасқан үдерістерді оң арнаға бұрғандай. Оған осыдан 5-6 жыл бұрын «Алтын белгіге» бітірген түлектердің мұғалім мамандығына бармай келгенін мысалға келтіруге болады. Ал соңғы кездері «Алтын белгі» иегерлері педагогикалық мамандықтарға көптеп түсе бастады. Бұл жағдайға қоғамдағы мұғалімге деген көзқарастың өзгеруі мен еңбекақысының өсуі ықпал етті деуге негіз бар.

Соңғы уақытта мектептерде мұ­ғалім­дер арасында бәсекелестік орта қалыптаса бастады. Оның бір себебін алдағы оқу жылында күшіне енетін аттестациялаудың жаңа талаптарымен байланыстырған Ернұр Омарханов бұл жүйеде мұғалімге талап күшті екенін айтады. Тесттен өту барысында мұғалім қандай да бір ереже­лерді бұзатын болса, онда 5 жылға дейін ат­тес­тациядан өту құқығынан айырылады. Мұның өзі – мұғалім үшін ауыр жаза. Санатының төмендеуі салдарынан алатын жалақысы да төмендейтіні заңдылық. Сондықтан мектеп мұғалімдері үшін қай кезде де шығармашылық ізденіс маңызды. Ал олимпиадаға дайындық, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту, нашар оқушылармен жұмыс істеу, сынып сапасын көтерудегі өзіндік жаңа тәжірибелермен бөлісуі санатына, алатын жалақысына да оң ықпал ететіні сөзсіз.

Сонымен қатар қазіргі кезде бірқатар мектепте мұғалім жұмысына мониторинг жасау үрдісі жолға қойылған. Комиссия шешімінің қорытындысына орай мұғалімдердің шығармашылық жұмыстарының нәтижесі бағаланып, ынталандыру коэффицентіне ие болады. Бұл да мұғалім ізденісіне бағытталған кешенді қадамдардың бірі. Біліктілігін арттыратын мұғалім үшін мектептің шалғай өңірде орналасқаны маңызды емес. Оған тек мұғалімнің ынтасы мен ерік-жігері қажет. Ал жастардың мектепке көптеп келе бастауы білім жүйесіндегі тағы бір жағымды жаңалық. Заманауи технологияларды, жаңашыл әдіс-тәсілдерді меңгерген жастар бойында ынта-жігер басым. Ал талпыныс пен жылдамдық бар жерде бәсеке жоғары.

 

АЛМАТЫ