Келіссөздер Женева қаласының маңындағы Villa La Grange қонақүйінде өтті. Мәртебелі меймандарды Швейцария президенті Гай Пармелиннің өзі қарсы алып, бейбітшілік қаласына келгендеріне ризашылығын білдірді.
«Мен екі президентке өз елдері мен бүкіл әлемнің мүдделері үшін жемісті диалог жүргізуді тілеймін!», деді Пармелин. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары келіссөздер бөлмесіне өтті.
Осы орайда, мына мәселені айта кеткен жөн. Әдетте Владимир Путин шетелдік басшылармен кездесуге кешігіп келетін. Мәселен, 2013 жылы Рим Папасы Францискпен кездесуге 50 минут кешіккен. Дәл сол жылы АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керриді үш сағат күттіріп қойған. 2012 жылы Германия канцлері Ангела Меркель де оны 40 минут күтуге мәжбүр болған.
Сарапшылар Женевадағы жүздесуде де Ресей президенті осындай қадамға баратынын болжаған. Алайда Кремль басшысы бұл жолы келіссөздерге дәл уақытында келді. Керісінше, Джо Байден 15 минутқа кешікті.
Айта кетерлігі, саммит қарсаңында Швейцария билігі Женеваға қосымша 1000 сарбаз кіргізетінін, сейсенбінің таңынан бейсенбінің кешіне дейін қала маңындағы әуе кеңістігі шектелетінін мәлімдеді. Швейцария әскери-әуе күштері іс-шара барысында әуеден бақылау жүргізді. Сонымен қатар Швейцарияның түкпір-түкпірінен келген қосымша 2000 полиция қызметкері қауіпсіздік күзетіне тартылды.
«Бұл жоғары деңгейдегі халықаралық саммит болғандықтан, іс-шара барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мұндай шара қажет. Швейцария халықаралық құқық бойынша арнайы қорғауды пайдаланатын адамдардың, мысалы, америкалық және ресейлік мемлекет басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті», делінген Швейцарияның Федералдық кеңесінің хабарламасында.
Осындай ерекшелікпен басталған жүздесу 3 сағатқа созылып, жоспарланған мерзімінен ерте аяқталды. АҚШ президенті келіссөздердің табысты өткенін айтып, әңгімелесуге көп уақыт қажет болмағанын алға тартты. Сондай-ақ АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жақсартудың алғашқы қадамы жасалғанына екпін түсірді.
Осыдан үш жыл бұрын Владимир Путин сол кездегі Ақ үй басшысы Дональд Трамппен Хельсинкиде кездесіп, футбол добын сыйға тартқан-ды. Бұл жолы Байден мұхиттың арғы бетінен арнайы әзірленген көзілдірік, бизонның кристалл мүсінін сыйлыққа әкеліпті.
Тараптар ядролық қаруды бақылау бойынша диалогты бастауға келісті. Сондай-ақ елшілерді бір-бірінің астаналарына қайтаруға уағдаласты. АҚШ Ресейді 2020 жылғы президенттік сайлауға араласты деп айыптағаннан кейін екі тарап та наурыз айында елшілерін консультация үшін шақыртып алған еді.
Дегенмен, президенттердің басқа мәселелер жөнінде, соның ішінде киберқауіпсіздік, Украина мәселесі және Ресей оппозициясының жетекшісі Алексей Навальныйдың тағдырына қатысты мәселелерде ортақ мәмілеге келген-келмегендігі туралы мүлдем айтылған жоқ. Тек Джо Байден өз сөзінде Навальный түрмеде қаза тапса, оның салдары Ресейге ауыр соғатынын айтып өтті.
Екіжақты келіссөздерден кейін мемлекеттер басшылары журналистермен кездесіп, баспасөз жиынын өткізді. Владимир Путин елшілердің қайтадан жұмыстарына кірісетінін мәлімдеді.
«Біз Ресейдің Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ Мемлекеттік департаменті дипломатиялық байланысқа қатысты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша консультацияларды бастауы туралы келісімге келдік», деді Путин.
Кремль басшысы мұның нақты қашан жүзеге асатынын айтқан жоқ, дегенмен елшілер өз міндеттерін жалғастыратынын жеткізді. Өздеріңізге белгілі, екі ел арасында «қара мысық жүгіріп өткелі», Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов пен АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Салливан елдеріне оралған болатын.
Бұдан бөлек, жиын барысында киберқауіпсіздік мәселесі де талқыланды. Өздеріңізге мәлім, биыл АҚШ-тың ірі мұнай құбыры жүйесі Colonial Pipeline-ға хакерлік шабуыл жасалған еді. Батыс елдері бұған Ресейді кінәлаған. Журналистермен кездесу барысында аталған мәселе туралы сұрақ қойылған. Владимир Путин болған киберқылмысқа Ресейдің қатысы жоқ екенін алға тартты.
Сондай-ақ сотталғандарды алмасу жөнінде де әңгіме айтылды. Алайда аталған мәселеде ауқымды уағдаластық жасау мүмкін болған жоқ. Тараптар келешекте осы тақырыпқа тағы оралатынын айтты.
Байден өз сөзінде Путинге су немесе энергетика секілді маңызды инфрақұрылымдарға хакерлік немесе басқа шабуылдар жасауға тыйым салынуы тиіс екенін мәлімдеді.
«Мен Путин мырзадан егер хакерлер Ресейдің мұнай құбырларын істен шығарса, өзін қалай сезінетінін сұрадым. Ол мұның өзекті екеніне тоқталды», деді Байден. Сонымен қатар егер Ресей осы «негізгі нормаларды» бұзса, АҚШ оған жауап қайтаратынын жеткізді. Ал адам құқығы, оның ішінде наразылық білдіру құқығы туралы мәселелерде мемлекеттер басшыларының айтқан сөздері кереғар шықты.
Баспасөз жиыны екі президентке де оңай тиген жоқ. Журналистер Путинге де, Байденге де сұрақты қарша боратты. Кремль басшысы кей сауалға тікелей жауап беруден жалтарып кетті. Мәселен, тілшілер Алексей Навальныйдың улануы туралы сұрап, неліктен Ресейдегі оппозиция өкілдері қудалана беретініне назар аударған. Бірақ Путин бұл сауалға жанама жауап беріп, құтылып кетті.
Журналистер Байденнен Ресей президентіне қаншалықты сенетінін сұраған. Ақ үй басшысы шарт кетті. «Бұл – сенім мәселесі емес. Бұл жеке мүдде мен оны нақтылау туралы. Пудингтің дәмін анықтау үшін жеп көру керек. Анық-қанығын көп ұзамай білеміз», деді.
CNN журналисі Кэйтлан Коллинс баспасөз жиынын аяқтап, кетіп бара жатқан Байденнен неліктен Владимир Путинге қатысты оң көзқараста екенін сұраған.
«Мен сенімді емеспін. Не масқара, не істеп жүрсіздер?», деген Байден кетіп бара жатқан жерінен бұрылып, журналистерге қайта оралды.
«Мен қашан сенімдімін деп айттым? Менің айтқаным – мәселеге тіке қарау туралы. Егер әлем олардың әрекетіне қарсы тұратын болса, олар өз мінезін өзгертеді», деді Байден.
Кейінірек ұшаққа мінер тұста Джо Байден журналистермен тағы кездесіп, қатты кеткені үшін кешірім сұрап, бұқаралық ақпарат құралдарының негативті ақпаратқа көп көңіл бөлетініне қынжылыс білдірді.
Халықаралық қоғамдастық та, АҚШ та Женевадағы жүздесуге қатысты пікір білдірді. АҚШ Республикалық партиясының ұлттық комитеті Джо Байденнің Путинмен кездескенін сынға алды. «Путинмен кездесу арқылы Байден оған жеңіс сыйлады», деді комитеттің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Даниелле Альварес.
Politico.eu сайтының сарапшылары АҚШ пен Ресей келісімге келсе, Батыстың басқа елдері де Кремльмен тіл табысуы мүмкін екенін алға тартты. Дегенмен, Еуропалық одақтың сыртқы саясат жөніндегі комиссары Джозеп Боррель қарт құрлықтың ресми Мәскеумен қатынасы одан сайын қиындай түсетінін айтты.
Қорыта айтқанда, Ресей мен АҚШ президенттерінің кездесуі салыстырмалы түрде табысты өткенін айта кеткен жөн. Әрине екі елдің келіспейтін мәселелері болатыны түсінікті. Бірақ алпауыт державалардың қырқысқанынан гөрі ынтымақтасқаны өздері үшін де, тұтас әлем үшін де тиімді болар.