Коронавирус • 18 Маусым, 2021

Індетпен күресте іркілмеген маман

585 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамзат ХХІ ғасырдың обасы атаған COVID-19 індетімен танысқалы екінші жылға аяқ басты. Бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйдырған пандемиямен алғаш бетпе-бет келген дәрігерлер, соның ішінде санитар-эпидемиолог мамандар болатын...

Індетпен күресте іркілмеген маман

Коронавирус Батыс Қазақстан облысына 2020 жылдың 29 наурызы күні «келді». Бұл күн, әсіресе, Орал қала­лық санитариялық-эпидемиологиялық қа­да­ғалау басқармасы мамандарының анық есінде. Көршілес Атырау қаласына іссапармен барып қайтқан оралдық үйіне келген соң қызуы көтеріліп ауырған. Дәрігерлер тексерген кезде ол науқастан коронавирус анықталған.

«Біз бұл күнге алдын ала дайындалдық. Өйткені Қазақстандағы алғашқы ковид-науқас наурыздың 13-і күні Алматыда тіркелді. Кейін әр өңірде шыға бастады. Іргелес Атырау облысында жағдай қиын болды. Сондықтан ерте ме, кеш пе біз де бұл жұмбақ дертпен бетпе-бет кездесеріміз анық еді. Бірақ іштей қан­ша дайындалдық десек те, оңай емес екен», деп еске алады Орал қалалық са­ни­­тариялық-эпидемиологиялық бақы­лау бас­­қармасының жетекші маманы Ұлдай Бақтығұлова.

Әрине, бірден дабыл қағылды. Науқас­тың үйіне Перизат Арыстанова мен Раушан Бахтиярова аттанды. Пациенттің өзі­мен сөйлесу үшін ауруханаға Қибат Ахметқалиева мен Айшат Ұзақбай барды. Вирустың жұғу жолын анықтап, тара­луын тоқтату, ауру ошағын жою санэпидемиолог мамандардың жанұшыра кіріскен ісі сол еді. Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды анықтау, оларға оқшаулану жөнінде ескертіп, қолхат алу, вирус ошағына дезинфекция мамандарын шақыру, басқа да міндеттер бірден санитар-эпидемиологтер­ге жүктелген.

Алғашқы күндері коронавирус тура­лы ақпарат аз, күмән-күдік көп еді. Санитарлық-эпидемиялық қызмет сала­сын­да талай жыл қызмет еткен тар­лан­дардың өзі мұндай жұмбақ та жауыз вируспен бетпе-бет келіп көрмеген. Орал қаласындағы ең алғашқы ковид-нау­­қаспен кездесіп келген санитар дәрі­гер­лер антисептикпен әбден сүртініп, үрей­­ленген. Бірақ «адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген рас екен.

«Алматыдан қызым хабарласып, «Мама, жұмысты тастасаңызшы. Вирус жұқтырып алсаңыз, қиын болар» деді. Көнбедім. Сонша жыл жаным сүйіп қызмет еткен жұмысты қалай тастаймын? Сенесіз бе, біздің бөлімдегі 20 шақты қызметкердің бірде-бірі кетпеді. Бәріміз де жұмылып, бір үйдің баласындай қызмет еттік», дейді Ұ.Хамитқызы.

Кейіпкеріміз сол кездегі Орал қала­лық санитариялық-эпидемиологиялық ба­қылау басқармасының басшысы бол­ған Мәдениет Танауовты ерекше жы­лы­лықпен еске алады. Созылмалы қант диабеті науқасына қарамастан, Мәдениет Рашидұлы күні-түні шапқылап жүрді. Жасы зейнет демалысына таяп қалған Толқын Болатбекқызы, Роза Хәкімқызы секілді тәжірибелі тарландар қауіпті учаскеге өздері сұранатын. Пандемия күшейіп, бүкіл елде қиын жағдай туғанда дәрігерлер үй бетін көрмей кетті. Отбасы мен туған-туыстарын қатерге байламау үшін арнайы орындарда түнеп жүрді.

«Әсіресе жас мамандарға қиын бол­ды. Сәбилерін үйге қалдыру оңай емес. Сол күндері оқушылардан босаған «Дарын» орталығында жаттық. Кейде да­йын тамақты ішуге әліміз келмей қалады. Күн­нің ыстығы бар, санитарлық қор­ғау киім­деріміздің қымтауы бар, шөл­дей­міз, тер­лейміз. Қатты жүдеп кеттік», дейді Ұ.Бақтығұлова.

Елдің бірлігі, ынтымағы осындай тө­т­е­нше сынақ кезінде арта түседі екен. Жай уақытта елдің назары ауа бер­мей­­тін, жалақысы аз, қадірі білінбес са­ни­тарлық-эпидемиялық қызмет күллі жұрттың назарына ілікті. Күн сайын еріктілер ыстық тамақ тасиды. «Бұл не қылған батпан құйрық, ертең жалақымыздан ұстап қалмай ма?!» деп алғашында қорыққандар да болыпты. Пандемия кезіндегі қауіпсіздік шараларын халыққа түсіндіру, сырқатпен қарым-қатынаста болып, оқшауланған жандарды бақылау, оларға күн сайын хабарласып, күнделік жүргізіп отыру – осының бәрі әдеттегі шаруаға айналған.

Пандемиямен арпалысқан күрес төртінші айға ауғанда біздің кейіп­кері­міз­дің өзі де ауырып қалыпты. Бұрын талай адамға диагнозы туралы естіртіп, «Біз суыт хабар алып отырмыз, сіздің анализіңізден вирус жұқтырғаныңыз анықталды. Бірақ уайымдамаңыз, қо­рық­паңыз, бәрі жақсы болады» деп ты­ныш­тандыруға тырысатын. Дәл осы сөз­дерді өзі естігенде төбесінен суық су құйып жібергендей болыпты. Ком­пью­терлік томография оның өк­пе­сінің 30 пайызы зақымданғанын көр­сет­кен. Ауру­ханада жатқанда Ұлдай Хамит­қы­зы дәрігерлердің ерлігіне тіпті таң­ғал­ға­нын аузынан тастамайды. Тұм­ша­лан­ған киіммен жүріп науқасты емдеу, укол салғанда тамырын табу, тонометр­мен тыңдау, тағы басқа қиынға соққан мың сан жұмыс.

Тоғыз күн аурухана төсегінде, 14 күн өз үйінде оқшауланып, қызметіне қайта оралған Ұлдай Хамитқызы содан бері саптан шыққан жоқ. Ағзада антидене қалыптасқан соң қауіп те аз болады екен. Оның үстіне, алғашқы кездегідей емес, коронавирустың да сыры белгілі бола бастаған. Қандай жағдайда жұғатыны, қалай қорғану қажеттігі айқындалып келеді. Қазір Құдайға шүкір, дәрі-дәрмек те, құрал-жабдық та жеткілікті.

Сонау 1987 жылы Гурьев медицина училищесінің санфельдшер бөлімін бітірген Ұлдай Бақтығұлова осы салада жүргеніне 40 жылдай болған екен. «Мен осы мекемеге келгенде өте тәжірибелі Стенина Надежда Абдрахманова, Зайцева Ираида Александрова, Жұмағалиева Құрманай Қатымғалиқызы секілді өте білікті мамандар көп еді. Өмір ғой, қазір жастар келіп, ұжымдағы үлкені өзім болып қалдым», деп күледі кейіпкеріміз.

Бір қызығы, бұрын санэпид бас­қар­масы маман тұрақтамайтын, қыз­мет­­керлер жиі ауысатын сала болған екен. Расында, 80-90 мың теңге жалақы кімді қызықтырсын?! Бірақ пандемия басталғалы бірде-бір қызметкер жұмысын тастамаған. Қайта басқа жақтан келгісі келетіндер көбейіпті. Мұның сыры – мемлекеттің көмегі, қатерлі дертпен күрескен мамандарға төленіп жатқан өтема­қы, қаржылай қолдауда екен.

Әрине, пандемияға қарсы күресте жанкешті еңбек еткен облыстық департамент, аумақтық басқарма мамандары ескерусіз қалған жоқ. Өңірде халықтың санитарлық-эпидемиялық ахуалын жақ­сартуға үлес қосқан қызметкерлер «Ха­лық алғысы», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау саласына қос­қан үлесі үшін» медальдарымен, Ден­саулық сақтау министрі, вице-ми­нис­трі, облыс әкімі аттарынан Алғысхаттармен марапатталды. Осындай озып шыққан 30-ға жуық маманның ішінде Ұлдай Хамитқызы да бар.