Санкт-Петербургтегі «Газпром Аренадағы» сайысты 24 540 көрермен тамашалады. В тобындағы бәсекенің басталғанына небәрі екі минуттай уақыт өткенде, Йоэл Похьянпалоның баспен ұрған добы қақпа торынан табылды. Алайда төреші VAR жүйесіне сүйене отырып, доптың офсайдтан соғылғанын анықтады. Осыдан кейін-ақ ресейліктер қарқынын күрт күшейтті. Алғашқы турда Бельгиядан ойсырай ұтылған олар бұл жолы қалай да үш ұпай олжалауды көздеді. Сол себепті де дамылсыз шабуылдады. Десек те жанкүйерлер торда тулап жатқан допты тек үзіліске шығар сәтте ғана көре алды. Бұл голдың авторы – Алексей Миранчук.
Екінші кезеңде Ресей құрамасының сапындағы Александр Головин, Рифат Жемалетдинов және Артем Дзюбаның тепкен доптары қауіпті болды. Суоми елінің сайыпқырандары арасында Теэму Пукки өте белсенді ойнады. Бірақ олардың ешқайсысы таблодағы есепті өзгерте алған жоқ – 0:1.
Бакудегі «Олимпийский» стадионында Түркия мен Уэльс шеберлік байқасты. Тұсаукесер кездесуінде италиялықтардан оңбай жеңілген Анадолы елінің өкілдері бұл бәсекеде барын салады деп үміттендік. Өйткені өз ойыншыларына қолдау көрсету мақсатында іргедегі Түркиядан Каспий теңізі жағалауына сан мың жанкүйер арнайы ат басын бұрды. Және де әзербайжан халқы да өз бауырластарының шашбауын көтереді. Ал жанкүйерлердің қолдауы қай кезде де команданы ерекше жігерлендіріп, қанаттандыратыны анық.
ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Шенол Гюнеш пен Фатих Терим сынды білікті бапкерлер Түркия құрамасының тізгінін ұстағаны белгілі. Майталман мамандардың жетекшілігімен айтулы мемлекеттің аяқдоп шеберлері әлем мен Еуропа чемпионаты және Конфедерация кубогында төрткүл дүниені тамсандырып, қола медальды олжалады. Сол кездері Хаһан Шүкір, Хасан Шаш, Рюштю Речбер, Бюлент Қорқымаз, Йылдырай Бастүрік, Үміт Давала, Илхан Масыз және тағы басқа ойыншылардың есімдерін естияр баладан, еңкейген қартқа дейін жатқа білетін. Бұл жолы да тізгін даңқты Гюнештің қолында еді. Бірақ біз мүлде басқа Түркияны көрдік. Әйгілі команданың қаңқасы да қалмапты. Уэльске қарсы ойында соған анық көз жеткіздік. Түріктер не бір жақсы шабуыл, не бір көңілге қонымды комбинациялар ұйымдастыра алмады. Нәтижесінде, олар тағы да жеңілістің кермек дәмін татты. Есеп – 0:2. Бұл голдардың авторлары – Аарон Рэмси (42-минут) мен Тайлер Робертс (92-минут).
А тобында Италия құрамасы жеке-дара көш бастады. Алғашқы турда Түркияны 3:0 есебімен тізе бүктірген олар келесі кездесуде өте керемет ойын өрнегін көрсетіп, ірі есеппен жеңіске жетті. Бұл жолы Апеннин түбегінің түлектері Швейцария футболшыларының тас-талқанын шығарды. Таблодағы есеп тағы да – 3:0.
Римде өткен матчтың 19-минутында Джорджо Кьеллини есеп ашты. Бірақ сол эпизодты қайталап көрген ресейлік төреші Сергей Карасев соғылған голды есепке алмады. Десек те одан кейін де алаң иелері қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Жанұшыра алға ұмтылған италиялықтар көздеген мақсаттарына қол жеткізді. Бәсекенің 26 және 52-минуттарында Мануэль Локателли екі мәрте нысананы дәл көздесе, 89-минутта Чиро Иммобиле кездесудің соңғы нүктесін қойды.