Аймақтар • 18 Маусым, 2021

Негізгі салалар серпінді дамып жатыр

396 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысындағы шалғай әкімшілік бөліністердің бірі – Уәлиханов ауданы. Орталығы Кішкенекөл ауылы Қызылжар қаласынан 340 шақырым жерде орналасқан.

Негізгі салалар серпінді дамып жатыр

Тәуелсіздік жылдарында бұл аудан бұрынғы «Қызыл ту» ауданының негізінде құрылған. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шо­қан Уәлихановтың бұл өңір­ге қатысы болмаса да аудан б­ұрынғы Көкшетау облысына қа­рағандықтан оған ғалымның есімі берілген. Аудан аумағы Павлодар, Ақмола және Ресейдің Омбы облысымен шектеседі. Халқының 90 пайыздан астамы – өзіміздің қаракөздер. Ауданның жалпы жер көлемі 12,9 мың шаршы шақырым немесе 1 млн 290 мың га. Соның 203 мың га жеріне ғана ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Ал қалғаны – негізінен жайылым. Сондықтан мұнда мал шаруашылығын дамыту тиімді. Биылдың алғашқы тоқсанында мұнда 891 тонна ет өндірілген. Былтырдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл 3,5 пайызға артық. Сүт сауу 2,6 пайызға, жұмыртқа 1,6 па­йызға артқан. Аудан әкімі Қай­рат Пішембаевтың айтуына қа­рағанда қазір осы саланың да­муы қарыштап алға басып келеді. Тек биыл ғана аудандағы фермерлік шаруашылықтар 190 тұяқ асыл тұқымды қара мал сатып алған.

«Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында үлкен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарымызда бар. Жалпы сомасы 6,8 млрд теңгеге 7 инвестициялық жоба іске қосылады деп күтілуде. Аталған жобалар арқылы 7 мың 600 бас мал сатып алынбақ. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20 есе көп», деді әкім.

Аграрлық несие корпора­циясының көмегімен Ақбұлақ ауылында алғашқы бордақылау алаңын іске асыру қолға алынған. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңге, қуаттылығы жылына 15 мың тонна ет өндіріледі. Өткен жылы 100 басқа арналған ал­ғашқы сүт-тауар фермасы Қулыкөл ауылында іске қо­сыл­ған екен. Биыл осындай ферма Кішкенекөл ауылындағы «Жол­дасбай Агро» фермерлік шаруашылығында іске аспақ. Онда 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы салынып, жұмыс істейді. Жобаның қуаттылығы жылына 6 мың тонна сүт өндіру. «Ауданымызда мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін барлық жағдайлар бар. Мемлекеттің қолдауымен саланы дамыту бойынша қажетті жұмыстар әрі қарай жалғасады», дейді Қайрат Сәкенұлы.

Шалғай аудан болғандықтан мұнда жақсы автожол зәрулігі – үлкен проблеманың бірі. Эко­номиканың қан айналысын арттыратын жолдардың маңызы айтпаса да белгілі. 2020 жылы мұнда жолдардың жөнделу қарқыны жоғары болып, бұрынғы ойылып қалған жолдардың 20 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілген. Бұған 622 млн теңге жұмсалды, ал бұл 2019 жылға қарағанда 93 пайызға артық еді. Демек былтыр жол жөндеуге бөлінген қаражат одан арғы жылдан екі есеге жуық көп. Биыл тек аудан орталығы Кішкенекөл ауылының ұзақ жылдар бойы шашырап жатқан жолдарын жөндеуге 340 млн теңге бөлінген. Бұдан басқа ауданішілік жолдарды жөндеуге 1 млрд теңгені қажет ететін 12 жобалық-сметалық құжаттар дайындалып қойған. Егер осынша қаражат бөлінетін болса, аудан жолдарының 75 пайызы жақсартылып, тұрғындардың ризашылығын алар еді.

Ауданның басқа салаларында да оң өзгерістер бар. Қазір Уәлиханов ауданы бұрынғыға қарағанда көш ілгері қарқынмен дамып келеді. Оған облысқа Президенттің қолдауымен бекі­тілген әлеуметтік-экономи­ка­лық дамудың Екінші кешенді жоспарының шапағаты молынан тиіп жатыр. Елдің шеті жақсара бастаса басқасы да қалмасы анық.