Жиналған қауым Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан Кәмен Жұманов пен Төлеубай Жұмабековтің рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті. Өкінішке қарай, марқұмдардың мүрдесінің жанынан табылған үшінші жауынгердің есімі белгісіз.
Іс-шараға Ресей елшілігінің Қазақстандағы әскери атташесі Талғат Юмадилов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, «Атамның аманаты» қоғамдық қорының өкілдері, соғыс ардагері Кәмен Жұмановтың қызы Мәдениет Аяпбаева және зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Ұлы Отан соғысы жиырмасыншы ғасырдың ұлы қасіреті. Биыл Жеңістің 76 жылдығын атап өттік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің халқымыз Жеңіске өзінің шексіз үлесін қосты. Бабаларымыздың ерлігі жер бетіндегі бейбітшілікті сақтап қалды» деп атап өткен болатын, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев, – ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды.
Салтанатты шарада Талғат Юмадилов ағымдағы жылдың сәуір айында «Пионер» іздеу отрядының өкілдері Ржев қаласының маңынан қазақстандық үш жауынгердің мәйіті мен екі медальон тауып алғандығы туралы кеңінен толғап айтып берді. Екі медальон иесі Ақмола облысының Қорғалжын ауданының жауынгерлеріне тиесілі екендігі анықталған. Қорғалжындық Кәмен Жұманов пен Төлеубай Жұмабеков аудандық әскери комисариаттан майданға бірге аттанған екен. 1942 жылдың 21 ақпан күні қандыкөйлек жолдастар бір күнде қаза тапса керек.
– Әкем қан майданға аттанғанда мен небәрі үш жаста екенмін. Әкемнің бейнесін тек ойша ғана елестетінмін. Мінекей мен де сексеннен астым, – дейді Кәмен Жұмановтың қызы Мәдениет Аяпбаева, – көзімнің тірісінде әкемнің рухымен қауыштырған елге мың алғыс.
Жауынгерлердің мәйіті туған жерлері Қорғалжында жер қойнауына тапсырылды.