38-мәрте жалауы желбірегелі отырған жарысқа жерлестеріміз сан рет қатысқан. Солардың арасында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтар да аз емес. Бұл жолы ұлттық командамыздың бас бапкері Бақтияр Байсейітов Айдос Сұлтанғали, Мейрамбек Айнағұлов (60 кило), Асхат Ділмұхамедов, Демеу Жадыраев, Темірлан Шадукаев (77 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов және Азамат Құстыбаев (87 кило) сынды саңлақтарға сенім артып отыр. Олардың барлығы да үлкен сынақтардан өтіп, аса ірі халықаралық жарыстарда атой салып жүрген спортшылар екенін жанкүйерлер жақсы біледі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері дәл осы салмақ дәрежесінде олимпиадалық лицензияға иелік еткен болатын. Бұл біздің жігіттер үшін соңғы сынақ. Анадолы еліндегі сайыста ең жақсы нәтиже көрсеткен балуандар келесі айда Токиода алауы тұтанатын жаһандық додада бақ сынау құрметіне бөленеді.