Аймақтар • 18 Маусым, 2021

Елордада судағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда елордада 23 шомылу орны анықталды, алайда олардың тек 3-еуіне ғана рұқсат етілген. Қалғаны рұқсат етілмеген және қауіпті болып есептеледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада судағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Шомылу маусымында судағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетіні және су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері туралы онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Есен Байыров айтып берді.

Спикердің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖ департаменті қайғылы жағдайларға және суда жарақаттануға жол бермес үшін қажетті іс-шараларды қарқынды жүргізуде.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында ТЖД күштері мен құралдары, 29 құтқарушы-сүңгуір, сүңгуірлік жарақтары бар 2 бірлік жедел-құтқару техникасы, 6 бірлік жүзу құралы (2 катер, 4 қайық) және басқа да құтқару жабдықтары пайдалануға дайын. Күн сайын рейдтік іс-шараларға 80-нен астам адам жұмылдырылады. Ал демалыс және мереке күндері қызметкерлер саны артады», деді Есен Байыров.

Рейдтік іс-шаралар кезінде елорда тұрғындарымен және қонақтарына үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарды ақпараттандыру мақсатында ТЖД әкімдікпен бірлесіп, 140 тыйым салу белгісі, 20 ақпараттық стенд және 20 жүзу белгісі шомылуға тыйым салынған орындарда орнатылды.

«Нұр-Сұлтан қаласының су айдындарында 2020 жылдың шомылу кезеңінде 5 адам қаза тапты. Биыл шомылу кезеңі басталғанға дейін елорданың су айдындарында қайғылы оқиғалар болып, 3 адам (оның ішінде 1 бала) қаза тапты. Судағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда мас күйінде шомылу, сондай-ақ балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру», деп қосты спикер.

Еске сала кетейік, елордада 23 шомылу орны анықталды, оның 3-еуі ғана Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қаулысына сәйкес рұқсат етілген: Орталық жағажай, «Три пескаря» және «Астаналық аула» демалыс аймақтары.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше