Футбол • 20 Маусым, 2021

Германия құрамасы Португалияны тізе бүктірді

471 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

F тобындағы екінші ойында Германия құрамасы Португалияны тізе бүктірді. Роналду бастаған футболшылар 4 гол соққанымен, есеп 2:4 есебімен немістердің пайдасына аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Германия құрамасы Португалияны тізе бүктірді

Матч бастала сала немістер шабуылға иек артқан. Алайда Португалия сауатты қорғана білді. Ара-тұра қарымта шабуылға иек артып отырды. Осындай сәттердің бірінде Жота қақпашымен жеке дара шыққан еді. Шабуылшы допты Нойердің жанына тастай салды. Керек кезде керек жерден табыла кеткен Роналду допты ашық тұрған қақпаға сырғыта салды. Есеп 1:0. 

Дегенмен португалдардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 35 минутта Гозенс әдемі пас берген. Хавертц допқа аяғын қоя салды. Серпілген доп Португалия қорғаушысы Диаштың аяғына тиіп, қақпаға кіріп кетті.
Төрт минуттан кейін немістер есепті еселей түсті. Киммихтың тепкен добы қорғаушы Геррейраның аяғына тиіп, қақпа торын бүлк еткізді. Осылайша, айналдырған 5 минуттың ішінде Португалия өз қақпасына екі гол жіберіп алды.
Екінші таймда Гозенс-Хавертц жұбы тағы бір гол ұйымдастырып, соңғысы есепті 3:1-ге жеткізді. Ал 60-минутта Гозенс мергендігімен танылды.
Әйтсе де, Португалия әупірімдеп жүріп 67-минутта есеп айырмасын қысқартты. Бұл жолы гол салған Жота.
Бұдан кейін де командалар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, есеп өзгеріссіз қалды. Айта кетерлігі, бүгінге дейін Еуро-2020 турнирінде футболшылар 5 мәрте автогол салды. Бұл осы турнирдегі рекордтық көрсеткіш.
Португалия – Германия 2:4
Голдар:
1:0 – 15 Роналду, 1:1 – 35, автогол Рубен Диаш, 1:2 – 39, автогол Геррейру, 1:3 – 51 Хавертц, 1:4 – 60 Гозенс, 2:4 – 67 Диогу Жота.
Португалия – Руй Патрисиу, Семеду, Рубен Диаш, Пепе, Геррейру, Данилу Перейра, Вильям Карвалью (Рафа Силва, 58), Бернарду Силва (Саншеш, 46), Бруну Фернандеш (Моутинью, 64), Диогу Жота (Андре Силва, 83), Роналду.
Германия – Нойер, Гинтер, Рюдигер, Хуммельс (Джан, 63), Гозенс (Хальстенберг, 62), Гюндоган (Зюле, 73), Киммих, Хавертц (Горетцка, 73), Кроос, Мюллер, Гнабри (Сане, 87).
Ескерту алғандар:
Хавертц (66), Гинтер (77).