Тоғызыншы рет әлемдік ақпарат айдынының алпауыттарын, саяси сахна серкелерін, мәміле майданының майталмандары – дипломатиялық мисссиялар өкілдерін Алматыда тоғыстырған Еуразия медиа-форумына биыл 37 елден 400-ден астам делегат келді. Әлемдік ақпарат айдынындағы дәстүрлі үнқатысу алаңының додасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Дүние өзгеріп келеді. Соңғы жылдары орын алған оқиғалар, дағдарыс, табиғи тосын апаттар, көрші елдегі келеңсіз жағдайлар медиа-форумға әсер етпей қалмағанын жасыруға болмас. Алматыдағы пікірталас алаңының бел ортасында жүретін айыр қалпақты бауырлардан да биыл көз жазып қалғандаймыз. Әйтеуір олардың үні бәсеңдеу шығып жатқандай... Бірақ, оған қарап ақиқатты іздеген айтыс пен пікірталас ағыны толастап қалған жоқ.
Сонымен, биылғы медиа-форумның тізгіні “Әл-Жазира Интернешнл” телеарнасының жүргізушісі, әлемдегі ең танымал халықаралық репортерлердің бірі Стивен Коулға тиген екен. Модератор Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атаған түсіністікке, тұрақтылыққа бастайтын төрт қағидаттың көкейкестілігін атай отырып, сөз кезегін ЕАМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваға берді.
– Біз тоғызыншы рет осы арада Еуразия медиа-форумында бас қосып отырмыз. Мақсат – артта қалған бір жылға көз салып, жаһандық БАҚ-та көрініс тапқан қайшылықты құбылыстар мен оқиғаларды түсінуге талпыну. Әркез өткенді ұғынып, болашақ оқиғаларды болжаймыз әрі оларды толық дайындықпен қарсы аламыз деген түсінік туындайды. Ашығын айтсақ, ылғи да олай бола бермейді. Біздің жаһанды, өкінішке қарай, болжап-білу қиын болып барады, – деді Ұйымдастыру комитетінің төрайымы.
Алғашқы күннің алғашқы отырысы “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: маңызы, үміт және мүмкіндіктер” тақырыбын талқылаудан басталды.
Еліміздің Еуропадағы белді ұйымға төрағалық етуі республика үшін аса маңызды екендігі аз айтылып жүрген жоқ. Қазақстан – бұрынғы социалистік елдер арасында, ТМД-да, Орталық Азияда ғана емес, тұтас мұсылман әлемінде 35 жылдық тарихы бар тегеурінді ұйымды басқарып отырған алғашқы мемлекет. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі халықаралық саяси құралдардың айтарлықтай өзгеріп бара жатқанын да білдіреді.
Әлем елдері идеологиялық соқыр нанымдардың, “өзіміз” және “өзгеге”, еуропалық және азиялық, мұсылмандық және христиандық өркениетке бөлінудің ескіргенін әрі жаңа басымдықтарға жол беру қажеттігін түсіне бастады.
Бұған қоса Қазақстан Республикасындағы негізгі азаматтық және саяси еркіндіктің даму жағдайы туралы теріс түсінік пен елдің ЕҚЫҰ стандарттарын сақтаудағы “кемшіліктеріне” құрылған сыни пікірлер де бар. Жеке бақылаушылардың сендіруіне қарағанда, бұл болашақта ЕҚЫҰ-ның нәтижелілігі мен беделіне теріс әсер етуі мүмкін. Осының ақиқаты қаншалықты?
Енді бір күдікшілдер Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы – бұл тек Батыстың республикаға берген саяси авансы немесе Қазақстандағы бай көмірсутегі қоры мен пайдалы қазбасына көз тіккен экономикалық мәміле деп сендіреді. Міне, осындай түрлі мүддеге қызмет ететін пікірлер алғашқы отырыста талай сауалдың тиегін ағытты. Тіпті айыр қалпақты бауырларымыздың басындағы бақытсыз оқиғалар кезінде ЕҚЫҰ қандай рөл атқаруы тиіс? Оған қоса Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы “жаңа посткеңестік демократияларға қатысты жекелеген таптаурын көзқарастарды өзгерте ала ма? Мемлекет мұндай жауапкершілікке дайын ба? Осы міндет Қазақстанға соншалықты қажет пе? Бұл не – үлкен абырой ма әлде экономикалық дағдарыс пен тұтастай әлемдік қауымдастықта және жеке ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағында қарбаластың күшеюі кезіндегі ауыр жүк пе? Осы сауалдарды АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері жөніндегі көмекшісінің бұрынғы орынбасары Дэвид Меркель медиа-форум қатысушыларының талқысына тастады. Спикерлер арасында АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі Уильям Кортни, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі, Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Питер Фрейзер, ЕҚЫҰ БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович (Австрия), НАТО Бас хатшысының Сырт Кавказ және Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Роберт Симонс (Бельгия), ЕҚЫҰ Бас хатшысы кеңсесінің директоры Пол Фритч болды.
Сондай-ақ, форум аясында жоғарыдағы отырыспен қабаттасып, “Абай” залында өткен алқа жиында Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығының болашағы талқыланып жатты. Алқа жиынның тізгінін қолына алған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов осынау беделді халықаралық ұйымның әлемдік қоғамдастықта алатын орнына кеңірек тоқталды. Қазір құрамында 57 қатысушы елі бар, 1969 жылы құрылған Ислам конференциясы ұйымы дүние жүзінде ауқымы жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орында тұрады. Қазақстан бұл ұйымға 1995 жылдан бері мүше, бүгінде айтарлықтай беделге ие болып үлгерген. Алқа жиында сөйлеген ИКҰ хатшылығы бас хатшысының көмекшісі Абдул Моиз Бохаридің, Ұйымның ғылыми-зерттеулер департаментінің директоры Дабур Небиль Мохаммедтің сөздерінен Қазақстанға деген құрмет аңғарылды. Олар Қазақстан Ұйымға төрағалық еткен жағдайда Ислам әлемі мемлекеттерінің бірқатар түйткілдері шешімін табарына сенім білдірді. Алқа жиында Батыс пен Шығыстың, Батыс өркениеті мен мұсылман өркениетінің арасындағы қайшылықтар пікірталас өзегіне айналды. Осы арада Беларусь Президенті жанындағы басқару академиясының кафедра меңгерушісі Сергей Кизима айтқан: “Белоруссия мұсылман әлемінің ең дәйекті жақтаушысы болып табылады” деген тәмсілін келтіре кетсек артық болмас.
Түскі астан кейін форумға қатысушылар қайта тоқайласып, “белгісіз” Иран тақырыбы төңірегінде мәселені қайта өрбітті.
Форум Иран және оның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалға, Еуразиядағы аса маңызды осы елдегі саяси жағдайдың дамуы барысына бірінші рет назар аударып отырған жоқ. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында Ирандағы оқиғалардың көрініс табуының ерекшелігі жөнінде сөз қозғалды. Масс-медиа Иран жайында не біледі әрі осы елдегі болып жатқан үрдістер мен оның даму феноменін қаншалықты шынайы дәрежеде көрсете алуда деген сауалмен екінші мәжілісті “Russіa Today” телеарнасының жүргізушісі Питер Лавель жүргізіп отырды.
Әлем Иранның ядролық бағдарламаны қайта жаңғыртуын, уранды байыту бойынша жаңа зауыт салу жөніндегі мәлімдемесінен және ел басшыларының ядролық мәселе бойынша саяси ұстанымынан туындаған ресми Теһран мен Батыс дүниесі арасындағы саяси қарым-қатынастың ушығуын мазасыздықпен бақылауда. Өткен жылғы президент сайлауынан кейін қарқын алған Ирандағы үрейлі оқиғалар, мұсылмандар үшін қасиетті Ашура күні болған тәртіпсіздік алаңдаушылық туғызып, жергілікті элита арасындағы күрес нәтижесі Иранның және Таяу Шығыстың болашағына қалай әсер ететіні сияқты көптеген мәселелер түрлі сауалдарды көлденең тартуда.
Ендігі жерде Ирандағы билік журналистермен үнқатысуға қаншалықты дәрежеде ашық? Иранда шетелдік ақпарат құралының тілшісі болу оңай ма? Осы сауалдарға орай мінберге Иран сыртқы істер министрінің ресми өкілі Рамин Мехманпараст, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Қайрат Әбусейітов, Ресейдің 1-арнадағы “Судите сами” ток-шоуының авторы әрі жүргізушісі Максим Шевченко, Ресей Ислам комитетінің төрағасы Гейдар Жамал, Американ-Иран кеңесінің президенті Хушан Әмірахмади көтерілді.
Батыс пен Шығыс бұл мәселеде әлі де мәмілесіз болып отырғанда, аталмыш отырыстың әр кездегідей кереғар көзқарастарға толы болатыны белгілі еді. Максим Шевченко бұл отырысты “белгісіз” Иран дегеннен гөрі, “түсініксіз” Иран деп атау керек еді деген түзетуіне бас шұлғығандар да табылмай қалған жоқ.
Еуразия медиа-форумы биыл талқылауға тиісті деп тапқан тақырыптың бірі “Үрей індеті” болды. Бұл туралы Ресей медицина академиясының академигі Олег Киселев неғұрлым таратыңқырап айтты. Мұның өзі де қауіпсіздік мәселелерінің қатарына қосылатынын ізерледі.
Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығы аяқталып келеді. Ол өзімен бірге көптеген қауіп-қатерді ала келді. Солардың ішінде бұрын естілмеген, бірақ адамзатқа қауіп төндіретін кеселдер бар. Өткен жыл “шошқа тұмауы” деп аталатын індетпен әйгіленді. Әу баста жұртты соншалықты үрейлендіргенімен, артынан сиырқұйымшақтанып кетті, бірақ соңында көптеген сауал қалдырды. Солардың, тым құрыса, қайсыбіріне жауап осы форумда ізделінуі кездейсоқтық емес.
Қорқыныш мәдениеті мен жасанды фобиялар арқылы қоғамдық сананы билеп-төстеуде БАҚ-тың жауапкершілігі қандай? “БАҚ қорқынышты ақпаратқа ілеспейді, керісінше, оны қолдан жасап, жан-жаққа таратады...” деген уәжге дәлел бар ма? Осы сауалмен отырыстың тізгінін продюсер Владимир Рерих қолға алды. Сұңғыла журналист жарық көрген ақпаратқа қоғамның сеніммен қарауын қалыптастыру үшін мемлекеттік құрылымдар, ғалымдар және БАҚ арасында ынтымақтастық пен байланыстың аса тиімді түрі бар ма дей отырып, Түркиядағы TRT-Turk телеарнасының бас редакторы Үміт Сезгин, Данияның тәуелсіз жазушы-журналисі Луиз Воллер ханымды, Ұлыбритания Премьер-Министрі кеңсесінің саяси коммуникациялар жөніндегі бұрынғы арнайы кеңесшісі Даррен Мерфи мырзаны, Ресей медицина академиясы Тұмау ғылыми-зерттеу институтының директоры және ДСҰ Тұмау ұлттық орталығының жетекшісі Олег Киселевті пікірталас иіріміне тартты.
Сағаттарға созылған отырыстарда салмақты ой да, айта-айта жауыр болған жәйттер де жеткілікті еді.
Сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты форум аясында “Кеден одағы: мәселелері мен болашағы” атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына белгілі сарапшылар мен саясаткерлер қатысты.
Дөңгелек үстелдің отырысы барысында төмендегідей мәселелер легі қаралды. Кеден одағының негізгі құжаттарын үйлестіру үдерісі және кезеңдері, Кеден одағы мүшелерінің БСҰ-ға кіру мәселесі, Кеден одағы экспорттық әлеуеті дамуының және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігінің жаңа кезеңі ретінде, Кеден одағы және үшінші елдерге қатысты сыртқы экономикалық саясат, Кеден одағын құрудың экономикалық жағынан оң және теріс тұстары жан-жақты қаузалып айтылған пікірталас ешкімді бей-жай қалдырмады десе де болғандай...
Еуразия медиа-форумы бүгін өз жұмысын одан әрі жалғастырады.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.