Түн жарымы еңсерілген уақыт. Шырт ұйқыда жатқан. Кенет телефон бебеулеп қоя берді. Ұйқылы-ояу құлағына көтерген. Асығып-аптығып хабарласқан ауылдасы көршісінің үйі жанып жатқандығын жеткізді. Қалай киінгені де, қалай жылдам жеткені де есінде жоқ.
Өрт шалған тұрғын үй қызыл жалын, қара түтіннің құшағында екен. Абырой болғанда, үй иелері балаларын сыртқа шығарып үлгеріпті. Бірақ өздері жанып жатқан үйге қайта енген. Әлде құжаттарын, әлде басқа бір заттарын алып шықпақ болды ма екен. Тіршіліктерінен белгі жоқ. Әбден абыржып, өрт сөндіре жүріп айғайлап шақырғандарға тіл қатып жауап беретін емес. Ал тілсіз жау үйді түгел орап алған. Міне, осы кезде ауылдағы орта мектепте дене шынықтыру және технология пәндерінен сабақ беретін қарапайым мұғалім Дәулет Әкімжанов нар тәуекелге бел буып, қызуы бет қаратпай, төңіректің бәрін шарпып өртеніп жатқан үйдің ішіне қойып кетті.
Тынысын тарылтқан қара түтіннің ортасында қарманып жүріп үй иелерін тапқан. Ерлі-зайыпты Индира мен Алексей Очеретнюктер ес-түссіз сұлық жатыр екен. Өрт болса өршіп барады. Сәл кешіксе, кәдік. Алдымен құлап-сүрініп жүріп Индираны шығарған. Бұл кезде үй әбден от құшағына оранып тұрған, қайтып кірудің өзі қауіпті. Бірақ үй иесінің жайын көре тұрып, адам баласын аяуды білмес от ішінде тастап кетуге дәті шыдамады. Өз басына төнер қауіпті елеген жоқ. Әйтеуір, бір тылсым күштің ауыл мұғалімін аман сақтағаны рас. Бұл кезде төбе жанып болып, ішке түсе бастаған. Оттың алапат қызуы, улы жыланның тіліндей сумаңдаған жалын өз алдына, үйдің іші қою түтіннің әсерінен көзге түртсе көрінбестей қап-қараңғы. Есі шығып жүріп әлгінде ғана көрген, ес-түссіз жатқан Алексейді әзер тапқаны. Табуын тапқанымен, тұщы етін қуырып, күйдіріп бара жатқан от ішінен алып шығуы керек. Қарманып жүріп алып шықты. Өрт сөндіріп жатқан ауылдастарының қуанғанын көрсең, бәрі бірауыздан айтпай келген апаттан аман қалғандар үшін шаттанған. Бұған дейін шәкірттеріне терең білім беруімен абыройға бөленген мұғалімнің өздері бұрын байқамай келген ержүректігіне таңғалысып: «Жігіт екен, азамат екен!», дескен.
Кейін оқиғаның мән-жайы ауданға жеткен. Тиісті қызмет өкілдері келіп министрдің атынан «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалін тапсырды. Ал Дәулет үшін мәселе марапатта емес, ең бастысы – бір ауылда тұрып, бір құдықтан су ішіп, кездескен сайын емен-жарқын амандасып жүрген
ауылдастарын от құшағынан аман алып қалды. Ең маңыздысы да сол. Әйтпесе, дәл сол сәтте, қас-қағым уақытта ерлік жасайыншы, ел көзіне түсейінші деген ойының болмағаны анық.
Өзі де көпбалалы отбасының отағасы. Балалары да жап-жақсы өсіп келеді. Қазақстан Қарулы Күштері қатарында борышын өтеген екінші ұлы анасы Айман Нұртазақызына «Отан қорғаушының анасы» медалін әкеліп, қуантқаны бар. Өзінің де, анасының да төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Адал сүт емген ұлдың қанына тартқаны да. Перзентіңнің Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, азамат атанғанынан артық қуаныш бар ма екен, сірә! Маңдайынан сүйген, кекілінен иіскеген. Мақтана білмейтін адам мақтауға да сараң. Іштей сүйсініп, ризашылығын білдірген.
Сөз арасында кейіпкеріміздің бойындағы тамаша қасиетін бір ауыз сөзбен айта кеткен де жөн шығар. Кәдімгі ағашты қашап-жонып, әртүрлі зат жасап, кәдеге асыратыны бар. Әкесінен дарыған қасиет. Кішкентайынан ағашпен алысқан әкенің қасында жүріп өнерін бойына дарытты, еңбек етудің қаншалықты жақсы қасиет екендігін ұғынды. Құдды әкесіне ұқсап қарап отыра алмайтын болды. Бос уақыт деген ұғым болып көрген емес. Қолы қалт етсе, әлдебір ауылдасының өтінішін орындап жатқаны. Соңғы жылдары, әсіресе ел ішінде ағаштан шабылған қазақы үстелге сұраныс көп. Әрі Дәулеттің шебер қолынан шыққан мұндай заттар жеп-жеңіл, орнықты болады. Жасаған бұйымдарын көрмеге де қойды. Аудандық, облыстық байқаулардың сан мәрте жүлдегері атанды. Қолданбалы өнер бағаланған «Ақмола жұлдыздары» байқауында топ жарды. Қазір Ақкөл қаласы мен маңындағы елді мекендерде он саусағынан өнер тамған Дәулеттің бұйымдары самсап тұр.
«Шебердің қолы ортақ» деген осы да, сірә! Ерлігі де ел аузында жүр.
Ақмола облысы,
Ақкөл ауданы