Оқиға • 21 Маусым, 2021

Алматы облысында Kolsay CBT Workshop семинары өтті

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Kazakh Tourism ҰК АҚ Алматы облысының туризм басқармасы және Қазақстандық туризм ассоциациямен бірлесіп «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде турист қабылдайтын үй иелері үшін алғашқы практикалық семинар өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында Kolsay CBT Workshop семинары өтті

Үш күндік іс-шара шеңберінде қазақстандық туроператорлар мен басқа өңірлерден келген турист қабылдайтын үй иелері үшін ақпараттық тур, ауылдарда тамақтандыруды ұйымдастыру, қолөнершілік және туризмді тұрақты дамыту бойынша оқыту тренингтері мен семинарлар ұйымдастырылды.

«Қазақстан биыл CBT туризмінің бағыты ретінде Lonely Planet ірі халықаралық басылымы бойынша үздік дестинациялары тізіміне енді. Яғни, біздің елімізде, дәлірек айтсақ, Көлсай мен Алматы облысының басқа бөліктерінде әлемдегі ең жақсы қонақ үйлердің бірі бар», дейді Қазақстан туристік ассоциациясының директоры Рашида Шайкенова.

Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жақында қабылданған туризм саласындағы мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын түсіндіру бойынша жергілікті қоғамдастықпен кездесуі өтті.

«Туристік объектілерді салуға немесе қайта жаңартуға, туристік көлік сатып алуға, жол бойындағы сервис объектілерін салуға және оларды күтіп-ұстауға, туристік алымды әкімшілендіруді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады деп жоспарлануда. Бұл шаралар 2022 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді», деді МСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдос Сәкенов.

Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева Алматы облысы елімізде экотуризмді дамыту, соның ішінде турист қабылдайтын үйлер саны бойынша көшбасшыға айналғанын атап өтті.

«Бұл көп жылғы еңбектің, жергілікті халықты үздіксіз оқытудың және өңірдің ойластырылған стратегиясының нәтижесі. Қабылданған қолдау шаралары біздің саланы жаңа сапалы деңгейге шығаруға көмектеседі», дейді ол.

Қазіргі уақыттың үрдісттеріне сәйкес, экотуризм бүкіл әлемде туризмнің басым түріне айналды, ол әлемдік ағынның 30% құрайды. Қазақстанда да экотуристер үлесінің ұлғаюы байқалады. Барлық ішкі туристік ағынның шамамен 20%-ы ұлттық парктерге тиесілі.

«Көлсай көлдері» ұлттық паркі, атап айтқанда Саты ауылы, бұл жергілікті халықтың туристерден экономикалық, әлеуметтік және өзге де нақты пайда ала отырып, туризмді дамытуға қалай тартылуы мүмкін екендігінің айқын мысалы. Біз туризмнің осы түрін танымал етуге және Саты тәжірибесін бүкіл Қазақстанға көрсеткіміз келеді», дейді Kazakh Tourism ҰК АҚ туристік өнімдерді дамыту департаментінің директоры Даниел Сержанұлы.

Бір қызығы, екі жыл бұрын Саты ауылында барлығы 53 турист қабылдайтын үй жұмыс істеді, ал қазір олардың саны 81-ге жетті. Қонақ үйлер саны да өсуде, егер 2019 жылы мұнда 8 нысан болса, биыл 29 қонақ үй жұмыс істейді.

Биыл еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі, осыған дәл Саты ауылында Kolsay CBT Workshop іс-шара аясында 23 нөмірлі 30-шы қонақ үйдің салтанатты ашылуы өтті. Сонымен қатар қайта құру мен кеңейтуден кейін 160 орындық эко-қонақ үй ашылды.

Сондай-ақ іс-шара шеңберінде пакеттелген туристік ұсыныстарды орналастыруға арналған Forte Travel мобильді қосымшасы таныстырылды. Турбизнес өкілдері атап өткендей, мұндай құрал халықтың жоспарланған демалыс мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді.

Іс-шараға бизнес-қоғамдастықтан басқа «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының салалық туризм басқармаларының өкілдері қатысты.