Футбол • 22 Маусым, 2021

Италия 80 жылдық рекордын қайталады

155 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Еуропа чемпионатында сәтсіздікке ұшыраған алғашқы құрама анықталды. Топтық кезеңнің соңғы турында Швейцариямен кездес­кен Түркия футболшылары 3:1 есебімен жеңіліп, қарт құрлықтың біріншілігін топтық кезеңде аяқтады. Ал «Скуадра адзурра» үшінші турда Уэльс құрамасын да тізе бүктіріп, плей-офф кезеңіне еш қиындықсыз шығып отыр.

Италия 80 жылдық рекордын қайталады

Италияны Уэльс те тоқтата алмады

Биылғы доп додасының фаворитіне айналған Италия аса тартысты өткен кездесуде Уэльстен басым түсіп, толық 9 ұпай жиды. Төреші ысқыра салысымен Уэльс қақпасын торуылдаған Манчини шәкірттері ақыры 39-минутта қақпа кілтін тапты. Маттео Пессина есеп ашып, командасын алға шығарды. Екінші таймда да италиялықтар қарқынды ойын өрнегін көрсетті. 55-минутта Итан Ампаду дө­рекі ойыны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Он ойыншымен ойнау Уэльске тіпті қиынға соқты. Соған қарамастан кездесу соңына дейін есеп өзгеріссіз күйінде қалды.

Сөйтіп Роберто Манчини шәкірттері топтық кезеңдегі үш ойында жеңіске жетіп, жеңіліссіз ойын сериясын 30-ға дейін жеткізді. Осылайша, Манчини 1930 жылғы Витторио Поццоның рекордты қайталады. Сон­дай-ақ Италия кейінгі 11 ойында өз қақпасына бірде-бір гол өткізген жоқ. Есеп – 32:0. Соңғы рет «Скуадра адзурра» қақпасына 2020 жылдың қазан айында Нидерланд футболшылары гол соққан екен.

Енді Италия құрамасы 26 маусымда Лондонда өтетін 1/8 финал бәсекесінде С тобында екінші орынға жай­ғасатын Украина немесе Аустриямен кез­деседі.

Айта кетейік, 2016 жы­лы Францияда ұйым­дас­тырылған Еуропа чемпионатында да Италия құ­­рамасы топтық ке­зең­ді бірінші орынмен аяқ­тап, ширек финалда Гер­маниядан матч соңындағы пенальти се­риясында же­ңіліп қалған еді.

 

Түркия топтық кезеңнен шыға алмады

Әзербайжан ас­та­насы – Ба­кудегі Олим­­пиадалық стадионын­да өт­кен ойында маңызды жолдамаға та­лас­қан Швейцария мен Түркия матчы алдыңғы құраманың ірі жеңісімен аяқталды. Швейцария құ­рама­сынан Харис Сеферович және Джердан Ша­кири (дубль) мергендігімен көзге түс­се, Түр­­кияның жалғыз голын Ирфан Ках­феджи соқты. Бұл – Түркияның биылғы Еуродағы бірінші және ең соңғы голы.

Дегенмен статистикалық көр­сет­кіш бойынша, екі құраманың күші тең түсті. Соққылар бойынша швей­цариялықтар сәл ғана басымдыққа ие болды – 23:19 (тура соққылар – 10:6). Ал допқа иелік ету бо­йын­ша күштер тең түсті – 51 пайызға 49 пайыз. Пас­тар­дың дәлдігі бойынша екі құрама да бірдей нәтиже көрсетті – 86 пайыз. Бірақ мүмкіндіктерді пайдалану жағынан швейцариялықтар дәлдік танытты. Сеферович жылдам гол соғып, басымдықты қолдарына алса, кейіннен Шакири екі гол салып ойынның ең үздік футболшысы атанды.

Осылайша, А тобында бірде-бір ойында жеңілмеген Италия 9 ұпаймен көш бас­тады. Уэльс құрамасы Ита­лиядан жеңілсе де 4 ұпаймен екінші орын­ға табан тіреді. Негізі Уэльс пен Швейцария екеуінің ұпайы тең. Бірақ доп айырмашылығы Роб Пейдж командасының пайдасына. Дегенмен Швейцария құрамасының 1/8 финалдан әлі де болса үміті бар. Өйткені үшінші орын алған ең үздік 4 ұжым жиған ұпай мен қосым­ша көрсеткіштеріне байланысты плей-офф ке­зеңіне шыға алады. Әзір­ше Швейцария бұл тізімде бірінші орында тұр.

Шенол Гюнеш жат­тықтыратын Түркия құ­рамасы Еуропа чемпио­натында соқыр ұпай жинай алмай, еліне абыройсыз қайтатын болды. Түркия 1996 жылдан кейін алғаш рет Еурододаның финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде ұпай ала алмаған Еуропадағы жалғыз құрама болып тұр. 1996 жылғы Англияда өткен турнирде де құрамында Хакан Шүкір, Бүлент Қорқмаз, Рушту Руж­бер секілді жұлдыз футболшылары бар Түркия үш ойынның бәрінде жеңілген еді. Бірінші турда Хорватиядан (0:1), екінші турда Португалиядан (0:1), үшінші турда Даниядан (0:3) ұтылған болатын.

Ал 2016 жылғы Еурода Анадолы елінің футболшылары Чехияны 2:0 есе­бімен жеңіп, Испания мен Хор­ва­тиядан 0:1 есебімен ұтылып қалған еді.