Қоғам • 22 Маусым, 2021

Мейірім шуағы

533 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Мейірім: шығармашылық және мейірімділік баспалдақтары» атты балалар шығармашылығының ІІІ инклюзивті музейлік фестивалі өтті.

Мейірім шуағы

Мазмұнды іс-шараның мақсаты  – ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың дарындылық қабілеті мен мәдени ерекше­лігін дамыта отырып, инклю­зив­ті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету.

Фестивальдың ашылуында Ұлттық музейі директорының қор қызметі жөніндегі орынбасары Абай Сатыбалдин жинал­ғандарды  мәдени шарамен құт­тықтап, ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арт­тырудың маңыздылығын айтып, осы байқауды өткізуге қолдау көрсеткен Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы мен «Дар» қоғамдық қорына алғысын жеткізді.

Өз кезегінде «Дар» қоғам­дық қоры басқармасының төрайы­мы Динара Рахимбекова қоғамда ерекше балалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобалардың дамып келе жатқанын атап өтті.

«Дар» қоғамдық қоры – әрқашан осындай бастамаларды қолдап, ерекше балалардың өмір сүру жағдайларын жақ­сар­туға және оларды дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағыт­талған жобаларды жү­зеге асырып келеді. Бүгін­гі өткізіп отырған шарамыз бала­ларға ұнап, жақсы көңіл күй сыйлады деп ойлаймын», – деді ол. Сонымен қатар  Нұр-Сұлтан қаласы Nur Otan партиясының «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов те  оқушылардың әлеуметтену мүмкіндіктері мен қоғаммен қарым-қатынас жолдарына тоқталды.

Мәдени іс-шара  дамытушы шеберлік сабақтар үлгі­сінде өтіп, оған 7-18 жас аралығындағы ерекше білім алуды қажет ететін 60-қа жуық бала қатысты. Фестиваль бағдар­­ламасында «Менің елім – менің Қазақстаным» тақы­ры­бындағы «Шеберлер ғаламшары» музейлік үйірмесі­не қатысушылардың шығар­ма­шы­лық жұмыстарының көрмесі және «Киізден сурет: киіз басу», «Сазтерапия», «Тұмар жасау» және «Ермек­саздан пейзаж» тақыры­бында 4 шеберлік сабағы ұйымдас­ты­рылды. Осы шеберлік саба­ғында балалар киізден түрлі-түсті картиналар, әде­мі тұмарлар, ермексаздан таби­ғат көріністерін, сондай-ақ, қолөнер шеберлерімен бір­ге көзе ұршығында саздан құмыра жасады. Айта кетейік,  «Сазтерапия» шебер­лік сағатын көзеші шебер Аза­мат Ысқақов пен №65 мектеп-гимназияның тәр­биешісі Әсел Қайсанова өт­кізсе,  «Ермексаздан пейзаж» шеберлік сағатын «Қасиетті жол» оңалту орталығының әдіскерлері жүргізді. Ал Nur Оtаn партиясының Jas Оtan жастар қанатының және Adal Volenteer Club мүшелері фес­тивальда ерікті ретінде жұмыс істеді. Сонымен қатар балалар ақыны Дина Ораздың  фестивальға арнап жазған «Мейірім ордасы» өлеңін Елдос Іскендіров пен Арнұр Хай­рул­лин нақышына келтіріп оқып берді. Фестиваль соңында қаты­сушы балаларға арнайы сыйлық сертификаты табыс етілді.