Әлем • 22 Маусым, 2021

Басқа басылымдардан: Дубайда алғашқы Израиль арнасы ашылды

101 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Израильдің i24News теле­ар­­насы Ду­бай­дан өз кеңсесін ашатынын мәлім­де­ді. Осы­лайша, аталған арна араб елде­рін­де таралатын алғашқы израиль­дік ар­на атанып отыр.

Басқа басылымдардан: Дубайда алғашқы Израиль арнасы ашылды

«Өткен жылы іскерлік байланыс­тар мен серіктестікке тың серпін бе­ре­­тін аймақтық дипломатиялық өз­ге­­ріске куә болдық. Дубай Медиа Си­тиде кеңсеміздің ашылуы Таяу Шы­ғыс мәселелерін аймақтық медиа ин­дустриясының орта­лы­ғынан тара­ту­ға жол ашатын стра­те­гиялық алаң қалыптастыруға мүмкіндік бе­реді», деді i24News-тің бас директоры Фрэнк Мелло.

Сонымен қатар Біріккен Араб Әмір­лік­терімен бірқатар келісім жасалған. Мәселен, ағылшын тілінде шығатын Gulf News газетімен контент алмасады. БАӘ Туризм министрлігінің жарнамалары жарияланады.

Дубай медиа-офисінің бас ди­рек­торы Мона әл-Марри БАӘ мен И­з­раильдің медиа секторлары ара­сын­дағы ынтымақтастықтың орна­ға­нын құптады. Dubai Media City компаниясының директоры Мажед әл-Сувайдидің ай­туын­ша, i24News-пен келісім жасасу медиа өкілдерінің аясын кеңейтеді.

i24News арнасының жаңалықтарын Etisalat және DU байланыс операторлары таратпақ. Арна араб, ағылшын және француз тілдерінде хабар таратады. Былтыр желтоқсанда Тель-Авив қаласында орналасқан i24News Әбу-Даби Медиамен келісімшарт жасасып, ортақ ақпарат тарату, мұрағат материалдарын бөлісу жөнінде уағдаласты.

Бұдан бөлек, БАӘ билігіне тиесілі Dubai Media Incorporated компаниясы i24News-бен контент жасау, медиа-технологиялар және қызметкерлермен алмасу бағдарламалары бойынша ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойғанын мәлімдеді.

Таяу Шығыстағы бұл жылымық былтыр басталған. АҚШ-тың арағайын­ды­ғымен «Abraham келісіміне» қол қойылды. Соған сәйкес, Израиль БАӘ, Бахрейн, Марокко елдерімен дип­ло­матиялық байланыс орнатты. Биыл бұл тізімге Судан қосылды. Бұған дейін араб елдерінің ішінде Мысыр пен Иор­дания ғана Израильмен дипло­ма­тия­лық байланыс орнатқан еді.

Палестиналықтар бұл келісімге нара­зы­лық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, қарым-қатынасты қалыпқа келтіру Араб лигасының ұстанымына қайшы келеді. Онда Израиль тарапы Палестина жерлерін басып алуды тоқтатпайынша және тәуелсіз Палестина мемлекетімен келісім жасамайынша, аталған елмен қарым-қатынас болмауы керек екені ай­тылған.

 

Еуроодақтың ережесі сынға ұшырады

Сарапшылардың пайымдауынша, Еу­ро­палық одақтың хи­миялық зат­тар­ға қа­тысты жаңа ережесі поли­мер­­лер­­дің көп­шілігін тексерусіз пайда­ла­ну­ға мүм­кіндік бермек.

Еуропадағы химиялық ережелерге сәйкес, 200 000-ға жуық полимер түрінің 6 пайызы Еуропада қауіпсіздікті тек­се­руді қажет етеді. Осыған байланыс­ты 19 ғалым Еуропалық Комиссияға хат жолдады.

Олардың айтуынша, бұл – өте аз көрсеткіш. Пластик заттар қоршаған ортаға зиян. Соған қарамастан, жаңа ережелер полимерлердің көптеген түрін еркін қолдануға мүмкіндік береді.

Еуропалық экологиялық бюро­ның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, тек­се­руді қажет етпейтін химикат­тар­­дың қа­тарына қауіпті түрлері де еніп кеткен. Мәселен, полистирол егеуқұйрық өкпесінің қабынуына себеп болған. Сондай-ақ қалдық суларды, желімдерді және тамақ орамаларын тазартуда қолданылатын акриламид мономері нейротоксинге айналатын полиакриламидтер де тізімге енген.

Таяуда Еуропалық Комиссия осы мәселеге қатысты зерттеуге тапсырыс берген еді. Соған сүйенсек, кей плас­ти­калық заттарды қатаң тексеруден өткізбесе, қоршаған ортаға орасан зиян келтіреді.

Еуропалық Комиссия ұсыныстар бастапқы сатыда екенін, әлі де талқы­лау жалғасатынын айтып отыр. «Ендігі жиында полимерлерді қалай тіркеу­дің кейбір техникалық аспектілері талқы­ла­нады, бірақ полимерлердің қалай тіркелуінің түпкілікті нәтижелері әзірге тал­қыланбайды және ережелер жобасы жоқ», дейді Еуропалық комиссияның баспасөз хатшысы.

 

Әрбір жүзінші тұрғын – босқын

Планетаның әрбір жүзінші тұрғыны – бос­қын. Олардың саны соңғы онжыл­дық­та екі есеге өскен. Қазіргі таңда бос­қындар саны 82 миллионнан асып кетті.

БҰҰ есебінде мигранттардың көп бөлігі «ішкі қоныс аударушылар», яғни өз елдерінде босқындарға айналғандар екені атап өтілген. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Грандидің айтуынша, көші-қон мәселелеріне қарағанда, ішкі қоныс аударушылар түйткілдерін шешу қиын, өйткені олар қарулы қақтығыс жағдайында тіршілік кешіп жатыр.

«Йемен туралы, Тиграй туралы, Ауғанстан туралы ойлаңыз. Трендтің, одан әрі өсу тенденциясы бар Бұл бізді қатты алаңдатады. Осы есепте ішкі қо­ныс ауда­­­ру­шылар саны шамамен 50 мил­лионға жуықтады», дейді ол.

Босқындардың көпшілігі – сирия­лықтар. Олардың саны 6,8 мил­лион­ға жеткен. Екінші орында – палес­ти­налықтар, үшінші орында – венесуэла­лықт­ар. Бұдан бөлек, Оңтүстік Судан және Мьянма елдерінің азаматтары да босып жүр. Қазіргі таңда аты аталған бес елдің азаматтары әлем­дегі босқындардың үштен екісін құ­рай­ды. Бір өкініштісі, шартараптағы миг­ранттардың 42 пайызы кәмелетке толмаған балалар.