Он күн бойы астаналықтар мен қала қонақтарына таңдаулы туындылар ұсынатын театр мерекесін өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.
Шығармашылық кездесуге алыстан ат арытып келген Өзбек ұлттық академиялық драма театры мен Б.Қыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жастар театры және еліміздің Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Ұлттық ұлан ән-би ансамблі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры, Astana Musical Мемлекеттік театры және Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрлары атсалысып, мәдени шараның көрігін қыздырады.
Жалпы шығармашылық кездесудің мақсаты – қазақ театр өнерін дамыту, көршілес елдердің театрларымен арадағы байланысты нығайту және елорданы мәдениет орталығы ретінде танытып, көрермендерді театр өнеріндегі таңдаулы қойылымдармен таныстыруды көздейді. Театр ұжымдарының өнерін бағалайтын сарапшылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің президенті, Анар Еркебай, театртанушы, өнертану кандидаты Бақыт Нұрпейіс, театртанушы Айзат Қадырәлиева, сыншы Гүлнар Әбікеева, театртанушы Мирас Әбіл бар.
Айтулы іс-шараның алдында Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтіп, онда Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бірегей өнер ордаларының кездесуі ел тәуелсіздігінің мерейлі тойы мен қала күні қарсаңында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылғандығын атап өтті. Сонымен қатар ол азаттық алғаннан бергі отандық театр өнерінің дамуына қысқаша шолу жасады.
− Қазір елімізде 65 театр бар, оның 53-і мемлекеттік болып саналады. Тәуелсіздік жылдары 22 мемлекеттік театр ашылып, Нұр-Сұлтан, Орал, Қарағанды, Өскемен, Қостанай, Шымкент, Талдықорған, Түркі- стан қаласында 9 театрға жаңа ғимарат салынды. Былтыр елордада Музыкалық жас көрермендер театры ашылса, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры, биыл Түркістан шаһарындағы Түркістан музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшті. Мәдениет ұйымдарының кәсіби деңгейін көтеру мақсатында егемендік алғаннан бері 9 театрға Үкімет қаулысымен «академиялық» мәртебе берілді. Сондай-ақ тарихта алғаш Президент Жарлығымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ұлттық» мәртебе атағын алды, деді.
Нұрғиса Дәуешов қазіргі пандемия кезінде театрлардың халықтың еңсесін көтеріп, рухани қолдауға зор үлес қосқанын баса айтып, осы салада жүзеге асқан жобаларға тоқталды.
− Бүгінде театр саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық, халықаралық деңгейде театр фестивальдары жиі өтеді. Әсіресе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында еліміздің жетекші театрлары әлемдік деңгейдегі сахналарда өнер көрсетіп жатқанын айтуға болады. Мәдениет саласындағы жүйелі ынтымақтастық пен серіктестікті жаңарту мақсатында былтыр республикалық салалық мәдениет ұйымдарының жанынан ұйымдастыру орталықтары құрылды.
Сондай-ақ М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры жанынан Мемлекеттік театрлар мен театр ұйымдарының гастроль қызметін үйлестіретін республикалық орталық жұмысын бастады. Білім беруге арналған онлайн платформаларға арнап театр өнерімен таныстыратын бейнесабақтар дайындалды, − дей келіп, Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында айтылған балаларға шығармашылық пен қолөнер негіздерін үйрету туралы тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылғы қазаннан бастап «Ұлағатты ұрпақ» атты білім беруге арналған онлайн платформа іске қосылып, аталған жоба аясында оқушылар театр, музыка, кинематография, бейнелеу өнері және «Киелі Қазақстан» секілді 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілінде білім беру бейнесабақтарына еркін қатысуға мүмкіндік алғанын жеткізді. Қазіргі күні оған тіркелген жасөспірім қатары 11 мыңнан асып, бейнесабақтарды 5 миллион адам қараған.