Өнер • 22 Маусым, 2021

Тамашаға толы театр тойы

835 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бас шаһардағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Тәуел­сіздігіміздің отыз жылдығы мен астана күніне орай «Елорда – Өнер өлкесі» атты Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан театрларының шығармашылық кездесуі Жастар театрының «Жібек» мюзикілімен ашылды. Оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, сахна майталмандарына табыс тіледі.

Тамашаға толы театр тойы

Он күн бойы астаналықтар мен қала қонақтарына таңдаулы туындылар ұсынатын театр мере­ке­сін өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігі қолдау көр­сетіп отыр.

Шығармашылық кездесуге алыстан ат арытып келген Өз­бек ұлттық академиялық драма театры мен Б.Қыдыкеева атын­дағы Қырғыз мемлекеттік жас­тар театры және еліміздің Қ.Қуа­нышбаев атындағы мем­лекеттік академиялық қазақ музы­калық-драма театры, Ғ.Мү­сірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық бала­лар мен жасөспірімдер театры, М.Горький атындағы Мем­ле­кеттік академиялық орыс драма театры, Ұлттық ұлан ән-би ансамблі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры, Astana Musical Мемлекеттік театр­ы және Ә.Мәмбетов атындағы мем­ле­кеттік драма және комедия театр­лары атсалысып, мәдени шараның көрігін қыздырады.

Жалпы шығармашылық кез­десудің мақсаты – қазақ театр өнерін дамыту, көршілес ел­дер­дің театрларымен арадағы бай­ланысты нығайту және елорданы мәдениет орталығы ретінде танытып, көрермендерді теат­р өнеріндегі таңдаулы қойы­лым­­дармен таныстыруды көз­дейді. Театр ұжымдарының өне­рін бағалайтын сарапшылар алқасының құрамында Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, өнертану кандидаты Ер­кін Жуасбек, Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің президенті, Анар Еркебай, театртанушы, өнертану кандидаты Бақыт Нұрпейіс, театртанушы Айзат Қадырәлиева, сыншы Гүл­нар Әбікеева, театртанушы Мирас Әбіл бар.

Айтулы іс-шараның алдында Президент жанындағы орталық коммуникациялар қыз­метінде баспасөз мәслихаты өтіп, онда Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бірегей өнер ордаларының кез­десуі ел тәуелсіздігінің мерейлі тойы мен қала күні қарсаңында тә­жірибе алмасу мақсатында ұйым­дастырылғандығын атап өтті. Сонымен қатар ол азаттық ал­ғаннан бергі отандық театр өнерінің дамуына қысқаша шолу жасады.

− Қазір елімізде 65 театр бар, оның 53-і мемлекеттік бо­лып саналады. Тәуелсіздік жыл­дары 22 мемлекеттік театр ашы­лып, Нұр-Сұлтан, Орал, Қара­ғанды, Өскемен, Қостанай, Шым­кент, Талдықорған, Түркіс­тан қаласында 9 театрға жаңа ғимарат салынды. Былтыр елор­дада Музыкалық жас көрер­мендер театры ашылса, Қа­либек Қуанышбаев атындағы мем­лекеттік академиялық му­зыкалық-драма театры, биыл Түр­кістан шаһарындағы Түр­кістан музыкалық-драма театры жаңа ғимаратқа көшті. Мәдениет ұйымдарының кәсіби деңгейін көтеру мақсатында егемендік алғаннан бері 9 театрға Үкімет қаулысымен «академиялық» мәртебе берілді. Сондай-ақ тарихта алғаш Президент Жар­лы­ғымен М.Әуезов атындағы Қазақ мемле­кеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік акаде­миялық орыс драма театры «Ұлт­тық» мәртебе атағын алды, деді.

Нұрғиса Дәуешов қазіргі пандемия кезінде театрлардың халықтың еңсесін көтеріп, рухани қолдауға зор үлес қосқанын баса айтып, осы салада жүзеге асқан жобаларға тоқталды.

− Бүгінде театр саласын дамыту бағытында атқарылып жат­қан жұмыс көп. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйым­дас­тыруымен республикалық, ха­­лықаралық деңгейде театр фес­тивальдері жиі өтеді. Әсіресе «Рухани жаңғыру» бағ­дар­лама­сының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында еліміздің жетекші театрлары әлемдік деңгейдегі сах­наларда өнер көрсетіп жат­қанын айтуға болады. Мәде­ниет саласындағы жүйелі ынты­мақ­тастық пен се­ріктестікті жа­ңарту мақсатында былтыр республикалық салалық мә­де­ниет ұйымдарының жанынан ұйымдастыру орталықтары құ­рылды. Сондай-ақ М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық акаде­миялық драма театры жанынан Мемлекеттік театрлар мен театр ұйымдарының гас­троль қызметін үйлестіретін республикалық ор­талық жұ­мы­сын бастады. Білім беру­ге арналған онлайн плат­фор­ма­ларға арнап театр өнерімен та­­ныстыратын бейне-сабақтар да­йындалды, − дей келіп, Мем­лекет басшысының былтырғы Жолдауында айтылған бала­ларға шығармашылық пен қол­өнер негіздерін үйрету туралы тап­сырмасын орындау мақ­са­тында өткен жылғы қазаннан бастап «Ұлағатты ұрпақ» атты білім беруге арналған онлайн плат­форма іске қосылып, атал­ған жоба аясында оқушылар театр, музыка, кинематография, бейнелеу өнері және «Киелі Қазақстан» секілді 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілінде білім беру бейнесабақтарына еркін қатысуға мүмкіндік ал­ғанын жет­кізді.

Қазіргі күні оған тір­келген жас­­өспірім қатары 11 мыңнан асып, бей­несабақтарды 5 миллион адам қараған.