Футбол • 22 Маусым, 2021

Ресей құрамасы Еуромен қоштасты

254 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күн өткен сайын футболдан Еуропа чемпионаты өзінің қызған шағына еніп келеді. Еуроның 11-ші жарыс күнінде B және С тобындағы командалар топтық кезеңдегі бәсекелерін аяқтады.

Ресей құрамасы Еуромен қоштасты

B тобының соңғы турында плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алып қойған Бельгия мен жолдамадан үмітті Финляндия құрамалары кездессе, екінші матчта алғашқы екі турда соқыр ұпай да ала алмаған Дания мен екі ойынның біреуінде жеңіске жеткен Ресей футболшылары үш ұпай үшін таласты. Ал С тобында Украина Аустриямен келесі кезеңнің жолдамасын са­рапқа салса, Нидерланд Сол­түс­тік Македониядан емтихан қа­былдады.

«Йохан Кройф Аренада» (Амстердам) өткен кездесуде Ни­дерланд құрамасы Еуропа чем­пионатына тұңғыш рет қаты­сып жатқан Солтүстік Маке­до­ния қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Бірінші таймда Мемфис Депай құрамасын есепте алға шығарса, екінші таймда Джорджиньо Вейналдум екі гол соғып, дубль авторы атанды. Вейналдумның екі голына да Депай ассистенттік жасады. Қорытынды есеп – 3:0. Енді Нидерланд құрамасы плей-офф кезеңінде А тобында екінші орын алған Уэльс футболшыларымен кездеседі. Үш ойында бірде-бір ұпай ала алмаған Солтүстік Македония үшін Еуропа чемпионаты аяқталды.

Ал қатар өткен екінші матч­та Аустрия футболшылары Украинадан басым түсті – 1:0. Ойын­дағы жалғыз әрі жеңісті голды бірінші таймның 21-минутында Кристоф Баумгартнер салды. Нәтижелі пастың авторы – Давид Алаба. Осылайша Аустрия құрамасы өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының 1/8 ке­зеңіне жолдама алды. Ал Андрей Шевченко шәкірттері таразы басын теңестіруге қанша ұмтылғанымен, Аустрия футболшылары қарсыластарына гол соғатын мүмкіндік берген жоқ. Өйткені тең нәтиже Украи­на құрамасын келесі кезең­ге алып шығатын еді. Деген­мен Украинада әлі де үшінші орынмен 1/8 финалға шығуға мүм­кіндік бар. Егер үшінші тур қорытындысы бойынша Алек­сандр Зинченко бастаған украи­налықтар әр топта үшінші орын алған үздік төрт құраманың қата­рына кіретін болса, жарыс­ты әрі қарай жалғастыра алады. Әзірше олар қосымша көр­сеткіш бойынша төрттіктің қа­тарында тұр. Ал Аустрия плей-офф бәсекесінде А тобы­ның көш­басшысы Италия құра­масымен бақ сынасады.

Санкт-Петербург пен Копен­гагенде өткен B тобының ойын­дарында Дания мен Бельгия құрамалары жеңіске жетті. «Дат динамиттері» соңғы турда Ресей футболшыларымен кез­десіп, ірі есеппен басым түсті – 4:1. Келесі кезеңге шығу үшін бұл ойында Данияға тек қана жеңіс керек болатын, ал Ресейге тең есеп те жетіп жатыр еді. Дегенмен кездесуді ресейліктер өте белсенді бастады. Матчтың 18-минутында Александр Голо­виннің гол соғатын тамаша мүмкіндігі болған. Алайда Кас­пер Шмейхель қауіптің бетін қайтарып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Арада көп өтпей даниялықтар да қауіпті шабуылдың қарымтасын қайтар­ды. 28-минутта Пьер Хейбьергтің алыстан тепкен добы қақпа ба­ғытынан сәл қиыс кетті. Десе де ойындағы есепті бірінші болып Дания құрамасы ашты. Гол авторы – Миккель Дамсгор.

Екінші таймның 59-минутында ресейлік Роман Зобнин пас беру сәтінде өрескел қате жі­беріп, оны Юссуф Поульсен тиімді пайдаланып кетті. 70-минутта Александр Соболев өз ко­мандасына пенальти алып бе­ріп, 11 метрлік нүктеден Артем Дзюба мүлт кеткен жоқ. Есеп – 2:1. Бірақ матч аяқталғанға дейін даниялық футболшылар Матвей Сафонов қорғаған қақпадан тағы екі мәрте саңылау тауып, ойынның нүктесін қойды. 79 және 82-минутта Андреас Кристенсен мен Йоаким Мехле мергендігімен көзге түсті.

Осылайша соңғы турда ғана жеңіске жеткен Дания екінші орынмен келесі кезеңге жолдама алса, ресейліктер Еуродағы жо­­рығын аяқтады. Екінші матчта Бель­гия Финляндия қақпасына жа­уапсыз екі гол соғып, 100 па­йыздық көрсеткішпен топта бі­рінші орынмен 1/8 финалға өтті. Ал Финляндия үш ұпаймен үшін­ші орынға табан тіреді. Бір қы­зығы, Дания, Ресей және Фин­ляндия құрамалары бірдей үш ұпай жинаған, бірақ жеке көр­сет­кіш бойынша Дания екін­ші, Фин­ляндия үшінші орын­ға жай­ғасты.