Қоғам • 23 Маусым, 2021

Бозаев әулетінің белесі

545 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бозаевтар әулетін Жезқазған қаласының жұртшылығы полицейлер отбасы деп біледі. Әулеттің ақсақалы Думан Бозаев – саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған жан. Ағаларының ізін басқан үш інісі Дулат, Самат және Ислам Бозаевтар да иықтарына погон тағып, құқық қорғау қызметінің ыстығына күйіп, суығына тоңған білікті мамандар. Бүгінде олардың барлығы ішкі істер органдарының ардақты ардагерлері. Ал әке мен алдыңғы толқын ағаларының жолын қазір Ақсұлтан Думанұлы жалғастырып келеді.

Бозаев әулетінің белесі

Ақсұлтан – Жезқазған қала­сы­ның полиция басқармасы Жер­­гілікті полиция қызметінің учас­келік полиция инспекторы, полиция капитаны. Арлан мен Әлинұр есімді қос құлыншақтың әкесі. Шаңырағының жылылығын сақтап, жарығын еселеп отырған Мерейдей арудың арқасүйер азаматы. Әке жолын абыроймен жал­ғастырып келе жатқан ұл. Ең биігі ол – егемен ел болудың, бостан­дық­тың бақытын сезініп өскен, қадірін шын түсінген ұрпақ. Тәуел­сіздіктің туын көтерген құр­дасы!

Ақсұлтанның әкесі Думан Бозаев полицияда 20 жыл еңбек етіп, 2011 жылы зейнеткерлікке шы­ғады. Дәл осы жылы ұлы ел алдында адал қызмет етуге ант беріп, тәртіп сақшыларының сапына қосылады.

«Әке жолын жалғастыру – өз таңдауым» деген ол бала кезден полиция қызметкері болуды армандағанын айтады. «Бала кезімнен әкемнің формасына қатты қызығатынмын. Ол кісінің жұмысына деген адалдығы мен жауапкершілігін ерте жастан сезініп өстім. «Әкемдей полиция болсам» деген арманның жетегінде жүріп ер жеттім. Ес біліп, ақыл тоқтатар жасқа келгенде мен де асқар тауымның жолын жалғастырып, ағаларымның ізін басамын деп шештім», дейді ағынан жарылған Ақсұлтан.

«Полиция қызметкері болу мен үшін абырой ғана емес, міндет және ерлікке пара-пар. Өйткені өзгелерге қарағанда бұл салада менің үлгі тұтар әкем мен бойым мен ойымды түзер ағаларым болды. Елге адал қызмет етуді отбасымда қалыптасып қалған осындай қағидаттарға қарап бойыма сіңірдім», деген Ақсұлтан анасы туралы да перзенттік ақ көңілін білдірді.

«Анам Айжан мектепте мұ­ға­лім болып жұмыс істейді. Ол кісінің әкеме деген құрметі ерек­­ше. Екеуінің сыйластығын, татулығын көріп өскендіктен болар, ұл-қыздарының ата-анаға деген құрметі өмірде қандай жағдай болса да ортайған емес. Шындап келгенде, біз әкеміздің қас-қабағына қарап тәрбие алдық, анамыздың мейіріміне шомылып ер жеттік. Анамның «әкең біледі» және «әкеңмен ақылдас» деген екі ауыз сөзін естіп, құлаққа құйып өстік. Одан жаман болған жоқпыз», дейді полиция капитаны.

«Отбасымызда әкем бізді үнемі бірлік пен татулыққа, сабырлық пен тәртіпке шақырып отырады. Әсіресе ол кісі қыз­метті адал істеп, жұмыста тиянақ­ты болуға, міндеттерімізге жауап­кершілікпен қарауға ерекше мән береді. «Полиция қызметкері – ел­дің алдында жүретін маман. Сон­дықтан не істесеңдер де ниеттерің ақ, пейілдерің таза болсын. Өйткені халықтың қырағы көзі бәрін көріп, сергек көңілі жақсы мен жаманның барлығын сүзгіден өткізіп отырады» дегенді жиі айтады. Ол кісінің бізге үнемі айтатын бір кеңесі бар. Ол – «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» және «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген сөздері», деген ұлы кез келген жағдайда ең бірінші әкесімен ақылдасып, бірге шешім шығаруды әдетке айналдырғанын да айтады.

Ақсұлтан Бозаев жауапты учаскелік аумақта бүгінде 3 мыңнан астам халық тұрады. Жыл басынан бері аумақта бір ауыр қылмыс тіркелсе, 700-ден астам адам әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тар­тылған. «Учаскелік инспектор ретінде менің бас­ты міндетім – қылмыстың алдын алу, тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу. Қызмет барысында түрлі жағдайлар болады. Түрлі адам, түрлі мінез, түрлі тағдыр бар. Әсіресе ішімдік ішіп алып, үйінің берекесін алатын есерлер көп. Жақындарының тыныштығын кетіріп, отбасында бір-бірінің қадірін білмейтін шаңырақтар да, өкінішке қарай, аз емес. Араққа салынып, ар-ұяттан аттап жүргендер туған-туыстарының тұрмақ, заң өкілі ретінде біздің өзімізге де тарпа бас салатын кездер болады. Ал тіркелген құқық бұзушылардың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілер жиі ұшырасады», дейді тәртіп сақшысы.

Әңгімеге араласқан Ақсұл­танның әкесі Думан ақса­қал: «Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды қадам­дардың бірі. Сол себепті де бұл таңдауды жүрекпен, жауап­кершілікпен жасау қажет. Ішкі істер органдарына мен де өз қалауыммен келдім. Әр күні қым-қуыт, қиындығы мен жауап­кершілігі қатар жүретін полицияда міндетімді абыроймен атқардым. Бүгінде міне, Аллаға шүкір бейнеттің зейнетін көріп отырмын. Осының өзі бақыт емес пе?!», дейді кеудесін мақтаныш кернеп. «Ұлымның ізімді жалғап, осы қызметке келгені – әрине, мен үшін зор мақтаныш. Алайда әр уақыттың бұл қызметке артар өз талап-міндеті болады. Ұлымның сол межеден төмендемей, абыройлы қызмет еткенін тілеймін» деген Думан Бозаев «Полиция әулетінде ең бірінші темірдей тәртіп болғаны дұрыс» деген пікірін де білдірді.

«Қазіргі жастар спортқа көп көңіл бөле бермейді. Сүйікті ісіңмен айналысуға көбіне уақыт та жете бермейді. Алайда қазіргі уақыт технологияның дамыған заманы ғой. Бүгінде полиция қызметкерлері үшін барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жұмысты жеңілдету үшін бүкіл шаралар жасалып келеді. Қызметтегі жас буынға тек өз ісіне адал бо­лып, еңбек ету ғана қалып отыр. Сондықтан артымыздан ер­ген жас буынға тек абырой тілей­мін. Ал абыройлы болу үшін жұмысыңа адал болуың қажет. Отанымыздың тыныштығы үшін тынбай еңбек етіп жүрген барша тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелері – полиция күнімен құт­тықтаймын. Ең бастысы, отба­сыларыңыз аман болсын!», деп ойын ақ батамен аяқтады ақсақал.