Қоғам • 23 Маусым, 2021

Ел мақтаған инспектор

417 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Учаскелік инспекторлардың жұмысы аса қауырт әрі тыным­сыз. Халықпен етене жұмыс істейтін олар барлық құ­қық бұзушылықтың қасынан бірінші болып табылады.

Ел мақтаған инспектор

Былтыр  Ішкі істер министр­лігінде өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Учаскелік инспекторлар – нақты аумақтағы қыл­мыс­тың алдын алудағы ең маңызды тұлға» деп олардың жұмы­сына жоғары баға берген еді.

Петропавл қаласындағы Екінші полиция бөлімшесінің аға учаскелік инспекторы Есен Қоңқашев соңғы 10 жылдан бері осынау тынымсыз жұмысты абыроймен атқарып келеді. «Жұмысым халыққа пайдасын тигізіп жатса, қуа­намын. Халықтан алған әрбір алғыс біздің қызметке деген ынтамызды арттыра түседі», дейді ол.

Есен Есләмұлы – 1998 жылдан бері полиция қатарында қызмет атқарады. Алдымен ол жедел қызметте біраз жыл еңбек еткен. 2012 жылдан бері аға учаскелік инспектор қызметінде. Учаскеде төрт инспектор мен бір көмекші жұмыс істейді. Бірақ көмек қажет болғанда белсенді студенттер мен волонтерлер кө­мекке тартылады. Е.Қоңқашев қызмет ете­тін учаскесінің аумағында 14 520 адам тұрады.

Жоғарыда аталған жиында Президент: «Халықпен ашық әңгіме өткізіп, олардың полициядан нені күтетінін біліп отыру керек және көмек керек болғанда үнемі жақыннан табылуы керек» деген талап қойған еді.

Есен Есләмұлы – нақ осы талаптан шығып, өзінің міндетін тиянақты орындап жүрген учас­келік инспекторлардың бірі. Оның халық алдында берген есе­біне бұрынғы облыстық полиция департаменті бастығы қатысып, жүздеген адамның инспектордың жұмысына айтқан алғысын өз құлағымен естіді. Осы оқиға да себеп болған шы­ғар, қаланың учаскелік инспек­торлары арасында Есен Қоң­қашевке бірінші болып под­полковник атағы да берілді. Бұл еңбектің жоғары бағалан­ған­дығының белгісі.

Есен өзінің жұ­мысы туралы айтқанда ағыл-тегіл сөйлейді. Барлық ісі­не мақтанмен емес, кәсіби білгірлікпен баға беріп жат­қа­нына риза боласың. Екі ұлы да әке жолын қууды мақсат етеді. Келіншегі Жансая да күйеуінің тынымсыз жұмысына әбден үйреніп алыпты, отбасында еріне қашанда қолдау көрсетіп келеді.

Міне, учаскелік полицейлер арасында өте сирек кездесетін подполковниктің тыныс-тірші­лігі қысқаша айтқанда осындай.