Тарих • 23 Маусым, 2021

Ақынның алтын сағаты

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы руханият ордаларының бірі Сәкен Сейфуллин музейінің қоры бай. Онда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері туралы тың деректер, зерделі зерттеулер мен жәдігерлер жинақталған. Соның ішінде келушілер дауылпаз ақынның алтын қалта сағатына қызығып қарайды. Бұл құнды дүниенің өзіндік тарихы да бар.

Ақынның алтын сағаты

1934 жылы жазушы Максим Горь­­кийдің бас болуымен Мәскеуде Кеңес жазу­шыларының бүкілодақтық бірінші съезі өтеді. Сол кездегі Одақ құрамындағы республикалардың көркемсөз зергерлері жиналған маңызды жиынға Қазақстаннан Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин бастаған ақын-жазушылар делегат болып қатысады. Ал 1936 жылы Қазақстан Жазушылар одағында Сәкен атамыздың әдеби және қоғамдық қызметіне 20 жыл толуына орай салтанатты кеш өтіп, осы мерейлі жиында өкімет ардақты азаматты Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттап, алтын қалта сағат табыс етеді.

Алтын қалта сағат Швейцарияның «НҮ МОZER» фирмасында шамамен 1870-1880 жылдары жасалған. Сағат жоғарғы сынапты алтын 18 к /750 сынама/ салмағы 100 гр. 1882 жылы шыққан. Диаметрі – 45 мм, үш қақпақтан тұрады. Сыртқы қақпақта Сәкен Сейфуллиннің есімі жазылған, ішкі қақпақта «HY MOZER&CE» «ECHAP­PEMENTE ANCHE» «RERRES» «QUALITELEPAINE» фирмасы деп жазылған.

Сәкен атамыз ұсталып кеткеннен кейін қайраткердің зайыбы Гүлбаһрам анамыз алтын қалта сағатты ақынның қолының табы тиген бірқатар затпен бірге сақтап қалған. 1973 жылы ол кісі қайтыс бол­ғаннан кейін, жақындары оларды Алматы мұ­ра­жайына тапсырған. Қазір бұл – Сәкен Сей­фуллин музейіндегі бағалы жәдігердің бірі.