Тәуелсіздік • 23 Маусым, 2021

Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы 25 млн. теңге алады

948 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Qazaqkuresi қауымдастығының спортты дамыту жөніндегі директоры Бақдәулет Сәбитов Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы 25 млн. теңге алады

Оның айтуынша, осы жылдар арасында жобаға ауыл, аудан, облыс деңгейінде 100 мыңнан астам балуан қатысқан. Әр жылы турнирді 9 мыңнан астам жанкүйер, 8 млн астам  көрермен тамашалайды. 

«Жоба аясында қазақ күресіне, спортшыларға деген мемлекеттік қолдау жоғары деңгейде көрсетіледі. Балуандарға ақшалай сыйлықтар, алтын белбеу, көліктер табысталды. Халық қолдауына ие болған жобаны 2015 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев келіп тамашалап, балуандарды марапаттаған болатын. Ал,  2019 жылы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев мырза қатысып, ұлттық күреске үлкен қолдау білдірді. «Қазақстан Барысы» турнирін кеңінен насихаттау нәтижесінде ұлттық күреске қызығушылар қатары өсіп келеді. Мәдениет және спорт министрлігінің ресми статистикасына сәйкес, қазіргі таңда елімізде 130 мыңнан астам адам қазақ күресімен айналысады. Бұл жекпе-жек спорт түрлеріндегі ең жоғары нәтиже. Бұл да үлкен жұмыстың нәтижесі», деді Б.Сәбитов. 

Биылғы мерейлі оныншы турнир ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналып отыр. Іріктеуден өткен 37 балуан тереңдетілген медициналық тексеруден өтіп, допинг сынамасын тапсырды. 

Биыл турнир Qazaq kuresi Ассоциациясы бекіткен ережеге сәйкес өткізіледі. Қазақ күресінің динамикасын арттыру мақсатында белдесу уақыты қысқартылды. Бұл өзгерістер осы жыл көлемінде ҚР чемпионаттарында сынақтан өткізіліп, оң нәтижелер көрсетті.

Сондай-ақ спикер атап өткендей,  ассоциацияның бастамасымен қазақ күресінің жаңа, заманауи, меншікті бозкілемі қолданысқа енді, онда балуандар жалаң аяқ күресетін болады.  

Жеңімпаз атанған балуанға дәстүрлі алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Қаржылай жүлделер: І орын - 25 000 000, ІІ орын - 5 500 000, ІІІ орын - 1 800 000 теңге.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше