Аймақтар • 23 Маусым, 2021

«Қордай» шекара бекеті уақытша жабылды

832 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ-қырғыз шекарасында корнавирус жұқтырған науқас анықталды, осыған байланысты «Қордай» шекара пункті уақытша жабылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қордай» шекара бекеті уақытша жабылды

22 маусымда Жамбыл облысындағы қазақ-қырғыз шекарасында орналасқан «Қордай» орталық бекетінде көрші елден келген COVID-19 жұқтырған науқас анықталғаны хабарланды.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бұл деректі Қордай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысына және Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарлады.

«Осыдан кейін шұғыл түрде науқасты, онымен жақын байланыста болған адамдарды оқшаулау шаралары қолға алынды. Азаматтар шекарадағы өткізу пунктінің аумағында орналасқан изоляторға жатқызылды. Кейін санэпид қызметі мамандары жедел жәрдем бригадасын шақырды.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастың анықталуына байланысты өткізу пункті басшысының бұйрығымен «Қордай» бекеті уақытша жабылған болатын», делінген хабарламада.

Дезинфекторлар бекет ғимаратын өңдеу шараларын жүргізіп, ғимарат аумағы желдетілгеннен кейін пост өз жұмысын қайта жалғастырды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Жамбыл облысының мемлекеттік шекарасы арқылы 185 050 адам өтсе, оның 23-і COVID-19-ды жұқтырған.