Жанашыр басшы ғана футболды жарылқайды
Алысқа бармай-ақ, осыдан бес жыл бұрын 2016 жылдың қыркүйек айындағы ФИФА рейтингісіне көз жүгіртсек. Сол кезде Қазақстан – 83, Финляндия 84-орында болған. Бүгінде Финляндия Еуро додасында Дания сынды Еуропа чемпионынан (1996 жылы) басым түсіп жүр. Ал жақында ғана жолдастық кездесу аясында құрамамызды 4:0 есебімен ойсырата жеңген Солтүстік Македония сол кезде ФИФА-ның рейтингісінде 146-орынға жайғасқан еді. Македониялықтар Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде соңғы орында қалса да, қарсыластарымен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетті. Сондай-ақ 2022 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу сынында Солтүстік Македония азулы Германия (2:1), Румыния (3:2) және Лихтенштейн (5:0) секілді елдердің қақпаларына бірнеше гол соғып, өз тобында көш басында келеді. Ал бізде баяғы жартас, сол жартас. Қарсыластарымыздан 0:3, 0:4, 1:5 есебімен жеңілеміз.
Жақында біраз үзілістен соң Қазақстан ұлттық құрамасына қайта шақырту алған Таңат Нөсербаев бір сұхбатында: «Бізге футболды түсінетін басшы келмейінше, балалар футболын дамытуға басымдық беріп, футбол алаңдарын халықаралық қалыпқа келтірмейінше, әлем, Еуропа чемпионаты туралы армандаудың қажеті жоқ», деді. Қазақ футболын және құраманың ішкі жағдайын бір білсе, Нөсербаев білетіні анық. Футболшының сөзінен аңғарғанымыз – біз сөзбен тау қопарамыз да, іске келгенде түк те тындырмаймыз.
Қазақстандағы футбол командаларының қай-қайсысын алып қарасаңыз да, футболшыларының басым бөлігі – легионерлер. Легионер болғанда да, өз елінде шеберлігін мойындата алмаған ойыншылар. Мұндай қадаммен қазақ футболының алға басуы екіталай. Таңат Нөсербаевтың айтуынша, төрткүл дүние халқын арбаған спорт түріне мемлекет тарапынан жанашырлықпен мән берілсе игі. Бағдарламалар жасалып, қазынадан қаржы бөлінуі керек. Осы қаржының көмегімен тек ересектерге ғана емес, жасөспірімдер клубтарын да құру қажет. Шалғай жерлерден футбол секцияларын ашып, жергілікті команда аралық жарыстарды жиі өткізіп, жастардың шеберлігін шыңдаса ғана қазақ футболы өркендейді.
Елімізде футболға қаржы аз ақша бөлінеді деп айту қиын. Сөзіміз дәлелді болу үшін осыдан бірнеше жыл бұрын ауқымды жоба ретінде «Оле Бразил клаб» академиясына жұмсалған қаржының ақыры нәтижесіз аяқталды.
«Бразилияда нең бар еді, құлыным»
Елбасы 2007 жылы Бразилияға барған ресми сапарында осы елдің сол кездегі президенті Луис Инасио Лула да Силвамен ортақ келісімге келіп, соған сәйкес қазақ жастары Пеленің отанында футболдың қыр-сырын үйренетін болды. Мақсаты айқын-тұғын. 15 жастағы өрендер Бразилияда доп тебуді жіті меңгеріп, отандық футболдың қордаланған проблемасының түйіні тарқатылуы тиіс еді. Үш кезеңде 75 бала академия түлегі атанды. Бірақ нәтиже жоқтың қасы.
Алғашқы іріктеуге қатысу үшін 1994 жылы туған жасөспірімдер шақырылды. Облыс орталықтарынан сүзгіден өткен балалар қорытынды, яғни соңғы кезеңді 2009 жылы Алматыда өткізді. Осылайша, Бразилияға аттанатын «бақыттылар» тізіміне еліміздің түкпір-түкпірінен 26 бала енді. Әйтсе де соңғы іріктеудің нәтижесімен көптеген ата-ана келіскен жоқ. Олардың айтуынша, тамыр-таныстық аяққа тұсау болған. Яғни бұл қорытынды тізімге шын таланттылардан гөрі «байланысы» мықтылардың балалары қабылданған. Алайда тоғыз айдан кейін 26 баланың ішінен бразилиялық бапкер Тиаго Козлоскидің нұсқауымен тоғыз бала «жарамсыз» деп танылып, олардың орнына басқа балалар алынды.
Екі жыл Бразилияда оқып, футболдың қыр-сырын үйренгеніне қарамастан Айбек Мирабзаловтың айтуынша, жоба өз жемісін толық бермеген.
– Меніңше, балаларды әуреге салып сонау «Оле Бразилге» салпақтатқаннан гөрі, «Миланның» академиясына алып барған дұрыс еді. Себебі Италияның футбол мектебі біздің футболымызға жақынырақ. Осыны басшылар ескермеген. Оның үстіне Бразилияда оқығанымыз әлдекімдерге тиімді болған сияқты. Естуімше, мемлекет академияға әр бала үшін айына 2 мың АҚШ долларын төлеп тұрған. Бұл үлкен сома. Ал ол жақтағы жататын жеріміз, жейтін тамағымыз төлеп тұрған ақшаға арзымады да, – дейді А.Мирабзалов.
Бразилияда жаттыққан 26 баланың ішінде Рауан Сариевтің (суретте №29) есімін ерекше атауға болады. «Оле Бразил» академиясы сапында ішкі чемпионатқа қатысып, көзге түскен Рауанға көп үміт артылып еді. Уақыт өте келе «Атлетико Минейро» командасымен келісімшартқа отырып, бәрімізді бір қуантқаны да бар.
«Атлетиконы» «Қайратқа» айырбастаған...
«Оле Бразил» академиясының бразилиялық бапкері Тиаго Козлоскидің айтуынша, Рауан қазақстандық балалардың ішіндегі үздіктердің бірі болған.
– Рауан техника мен физикалық тұрғыдан өте мықты ойыншы. Оны бір жарым жыл жаттықтырдым. Содан кейін біз оны клубтың негізгі командасына ауыстырдық. Онда ол бразилиялықтармен бірге жұмыс істеп, Бразилиядағы Паулиста секілді ең мықты чемпионатта өнер көрсетуіне мүмкіндік алды. Өз әлеуетін дұрыс пайдалана отырып, Рауан бірнеше рет турдың «үздік ойыншысы» атанды. Үшінші маусым аяқталған кезде, куратор Музаффар Абдулсаттаров екеуміз Бразилияның ең үздік клубтарының бірі «Атлетико Минейроға» барып, Рауанға мүмкіндік беруін сұрадық. Сол кезде «Атлетико Минейрода» Диего Тарделли, Даниэль Карвальо, Роналдиньо секілді әлемге танымал футболшылар өнер көрсетті. Мұндай үлкен клубқа өзге елдің ойыншысының келуі бастапқыда үрей тудырғанымен, кейіннен барлығы дұрыс болды. Бір-екі күннен кейін олар академияға қоңырау шалып, алдын ала келісімшартқа қол қою арқылы Рауанды клубта қалдыратынын хабарлады. Өйткені Рауан әлі 18 жасқа толмаған еді. Содан кейін Рауан визаны ұзарту үшін демалысқа кетті де, Бразилияға қайта оралмады. Бұл Рауанның ең үлкен қателігі болды, – деді Тиаго Козлоски.
Рауан Сариевтің шеберлігі, ерте ашылған таланты оны «жұлдыз» ауруына шалдықтырған іспетті. Рауан «Қайрат» командасына шақырту алған сәтте, өзінің мүмкіндігі мен қабілетін тым асыра бағалағандай.
Т.Козлоскидің айтуынша, Рауан бапкеріне хабарласып, кеңес сұрағанымен басқаша шешім қабылдаған.
– Рауан сол кезде менен ақыл-кеңес сұрады. Мен оған ақша туралы ойланатын уақыт емес, әлі жас екенін және мықты ойыншылар арасында пісіп-жетіліп, тәжірибе жинау керек екенін айттым. Жоғары деңгейде өнер көрсетсе, материалдық жағдайының да жоғары болатыны түсінікті. Менің ойымша, Рауан өзіне Қазақстанда ұсынылған материалдық дүние мен атақты көтере алмады. Ол бұған дайын емес еді. Өкінішке қарай, футболда осындай жағдай жиі болады, – деді бразилиялық жаттықтырушы.
Құрамаға үш-ақ футболшы шақырту алды
Тоғыз жыл ғана өмір сүрген жобаға шамамен 5 млн АҚШ доллары жұмсалған деп ақпарат келтіреді Sports.ru. Аталған сайттың мәліметінше, бірінші шақырылған 26 футболшының тек төртеуі ғана Премьер-лигада өнер көрсетеді. Олар: Рафкат Аслан («Жетісу»), Мирас Түлеев («Каспий»), Берік Шайхов («Тараз») және Магомед Парагульгов («Ақжайық»). Тағы бесеуі бірінші лигада өнер көрсетеді.
Евгений Ялфимов, Фархат Жәнібеков және Виктор Павленок бапкерлік жұмысқа ауысса, тағы сегіз түлек карьерасын аяқтады. Тағы төртеуі футзалда ойнайды. Екінші шақырылымдағы (1997 жылы туған) балалардан қазірдің өзінде 11 жасөспірім бутсысын шегеге ілді. Мақсат Тайкенов пен Демият Сламбеков тиісінше «Каспий» мен «Ақтөбе» намысын қорғап жүр. Соңғы шақырудағы футболшылардан (2000 жылы туған) алты адам ғана мансабын аяқтады.
Статистика бойынша аз-кем өзгертулер болуы мүмкін, бірақ негізгі мәлімет осы. Тізімге көз жүгіртсек, үш кезең бойынша барған 75 футболшының тек үшеуі ғана – Рафкат Аслан, Магомед Парагульгов және Мақсат Тайкенов ғана ұлттық құрамаға шақырту алды.
Спорт функционерлері мүмкіндік пен нақты жағдайды ескере бермейтіні қиын-ақ. Әйтпесе, 2007 жылы Қазақстан футбол федерациясы басшылығына келген Әділбек Жақсыбеков «Еуро-2016 турнирінің финалдық кезеңінде ойнаймыз» деп кесіп айтқаны әлі есімізде. Одан кейін де екі іріктеу кезеңі артта қалды.
Спорт функционерлері Қазақстанның ә дегеннен Бразилия сияқты бола алмайтынын енді түсінген шығар. Оған тыраштанудың да қажеті шамалы. Футбол федерациясының басшылары бағдарлама қабылдап, жоба жасағысы келсе, ең алдымен біздің менталитетке, климатқа және психологиямызға сай келетін жүйені таңдағаны жөн. Сондай-ақ бұл ауқымды істі атқаруға Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдері мен футбол федерациясы жұдырықтай жұмылғанда ғана қазақ футболы өркендейтін болады. «Оле Бразил клаб» жобасына жұмсалған қаржы өзін ақтамағаны анық, қазына қаржысының аяғы құрдымға кетті деген осы. Ал әзірге қазақ футболшылары жаңбырлы күнде тізеден су кешіп жасыл алаңда доп қуып жүр...