Аймақтар • 24 Маусым, 2021

Қамданған қапы қалмайды

263 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған брифинг өтті. Өңір басшысы Ақтөбе облысында экономикалық өсімді арттыру мәселелері, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, инвестициялар, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы жан-жақты хабардар етті.

Қамданған қапы қалмайды

Коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші бойынша Ақ­тө­бе облысы біраз уақыттан бері «жасыл аймақта» тұр. Қазіргі уақыт­та вак­циналау жұмыстары да кі­діріс­сіз жүріп жатыр. Пан­де­мия басталғалы вирусқа 11 600 адам шалдығып, одан 1 100 науқас жа­зы­лып шықты. Алайда қауіпті вирус ел ішін әлі күнге дейін еркін кезіп жүр. Жыл басынан бері 160 адам қайтыс болды. Медицина қызметкерлері жайбарақат жүру ерте деген пікірде. Бүгінде коро­на­вирусқа шалдыққандарды қа­был­дауға әзірленген аурухана төсек­те­рі­нің жүктемесі 37 па­йыз­­ды құраса, реанимациялық тө­сек жүктелімі 17 пайызға тең. Қа­­уіпті вирус таралымының бетін қайтару үшін жаппай вакци­налау мәселесі өте маңызды. Ақпан айы­нан бастап Ақтөбе облысына 265 мыңнан аса вакцина жет­кі­зіл­ді. Қазіргі уақытта оның бі­рін­ші компонентімен – 110 мың, екін­ші компонентімен 65 мың адам егілді.

Ағымдағы жылдың бес айы­­ның қоры­тындысы бойынша бар­лық негіз­гі әлеуметтік-эконо­ми­калық көр­сеткіште оң динамика бай­қалады. Бес ай ішінде өнер­кә­сіп өндірісінің көлемі қар­қын­ды жоғарылап, 108,1%-ді көр­сетті. Соның ішінде өң­деу өнер­кәсібі – 112,1%, тау-кен өнеркәсібі 105,9%-ге жетті. Ауыл шаруашылығы өсі­мінің қарқыны – 102,1%, құ­рылыс – 101,3%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 106,5%, инвестиция – 109,6% -ды құрады. Құрылыс, тұрғын үй, көтерме және бөлшек сауда саласында да өсім бар. Алайда көлік және қойма қызметі аяқтан тұрып кете қойған жоқ. Өңір басшысы экономиканың қысылтаяң кезеңінде инвестициялардың келуі өңір экономикасына оң серпін беретінін атап өтті. 2021 жыл­дың бес айы ішінде Ақтөбе облысына 206 млрд теңге көле­мін­де инвестиция тартылған.

Соңғы үш жылдан бері ауыл шар­уа­шылығы құрылымдарын суб­­сидиялау көлемі артып ке­леді. Осы жылдың бес айы ішінде  85 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өнді­рілген. Ірі қара мал саны 7%, ұсақ мал 1%, жылқы 24%-ға өскеніне қарамастан, қыс­қа жем­шөп дайындау бүгінгі күн­нің өзекті мәселесіне айналды. Елге құрғақшылық келді. Оған көктемде өзендердің арнасынан асып-тасымауы, жауын-шашынның болмауы себеп болды. Қазірдің өзінде дала шөптері сарғайып, шалғыға ілікпей жатыр. Шаруашылықтар осы бас­тан қамданбаса, қыстай малына жемшөп жеткізе алмауы мүмкін. «Биыл ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 22,6 млрд теңгедей субсидия бөлінді. Бұған қоса, «Еңбек» бағдарламасы бо­йынша 745 жобаны жүзеге асыру үшін 3,3 млрд теңге қарас­ты­рылған. Субсидияның біраз бөлігі ауыл шаруашылығы тех­ни­ка­ларын, тұқым сатып алуға бө­лін­ген», деді өңір басшысы.

Шағын және орта кәсіп­кер­лік­тің өңір экономикасындағы үлесі 24%-ды құрайды. Бүгінде Ақ­төбе облысында 63 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұ­мыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін 3,3 мың ШОБ нысаны мемлекеттік қолдау алады деген жоспар бар.

Ақтөбе облысының тұрғын­да­рын толғандыратын негізгі мәселелердің қатарында жолдың са­пасы да тұр. Өңір басшысы осы мәселенің «әлеуметтік-саяси си­­патқа» айналып бара жат­қа­нын жасырмады. Жолдың сапа­сы­на келгенде азаматтық қо­ғам­ның белсенділігі жоғары. Өңір басшысының хабарлауынша, 2021 жылы 468 шақырым жол жөнделіп, 28 елді мекенге орта­лық­тандырылған ауыз су жүр­гі­зі­ліп, 14 елді мекенге газ құбыры тар­тылады.

Облыс әкіміне қойылған са­уал­­дардың бірі қоғамдық пікір туғыз­ған Алға ауданы Бес­тамақ елді мекеніндегі шошқа фермасы мен ауыл тұр­ғындары ара­сындағы жанжал төңі­ре­гін­де өрбіді. Әкім­нің айтуынша, Бестамақ елді ме­кенінің тұр­­ғындары бірнеше жыл­дан бері ауыл жанына төгіл­ген шошқа фермасының қал­дық­та­ры мен иіс-қоңысынан шар­­ша­­­ған­дықтан, ферманы алыс­­қа кө­шіру не мүлдем жабу мә­се­­ле­сін төтесінен қойған. Құ­зыр­­­­лы ме­кемелер сәуір айы­нан бас­тап шошқа фермасы қыз­ме­тінің заңдық-құқықтық не­­гіз­дерін тексерсе, табиғат қор­ғау­шы мекеме қызметкерлері се­рік­тестіктің өзен арналарын лас­тап, шошқа өлекселерін кө­міп, Бестамақ елді мекенінің то­пы­рақ-суын ластап жатқанын анықтады. Шошқа шаруа­шы­лы­ғы орналасқан аумақтан шы­ға­тын зиянды қалдықтар мен өлекселердің ауыл төңірегіне кө­м­і­лгені анықталып, серіктестік басшылығына айыппұл салынып, іс қалалық сотқа жолданды. Ақтөбе қалалық соты серіктестік басшылығына келтірген зияндарды жойып, ластауға жол берілген аумақты қалдықтардан тазарту жөнінде шешім шығарды. Сот шешім шығарған мерзім ішінде «Парижская коммуна» ЖШС айып­пұл төлемей, өлекселер кө­міл­ген аумақты да тазартпаған соң экологтер шаруашылықтың ағынды суларын төгетін кәріз қондырғыларын жауып тастады. Шошқа фермасы басшылығы әлі күнге дейін талаптарды орын­дамай отыр. Осы шошқа фер­масының 400 адам жұмыс істей­ді. Оңдасын Оразалин осы жан­жал­дың ұзаққа созылып кеткенін жасырмады.

Брифингте облыс басшысына өңір экологиясы, зиянды қал­дық­тардың төгілуі, шаһардағы жағымсыз иіс, өзен, көлдердің жағ­дайы туралы сұрақтар қо­йыл­ды. 2019 жылы Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев Ақтөбе облысына келген сапарында Шалқар көлін тазарту жобасын тезірек қолға алуды тапсырған болатын. Өткен жылы оның жобалау-сме­талық құжаттары әзірленіп, Үкі­меттен 3 млрд теңге қаржы бө­лін­ді. Екі жылға жоспарланған жо­баны биыл қара күзге дейін аяқ­тауға мердігерлер уәде беріп отыр. «Өйткені алдағы көктемде су тасығанда Шалқар көлінің тазартылған арнасын толықтыра аламыз деген үміт бар». Ақпарат құ­рал­дары өкілдері қоқыс мәсе­ле­сіне де назар аударды. Өңір бас­шы­сының хабарлауынша, 1970 жыл­дары қолданысқа берілген Ақтөбе қаласындағы қоқыс полигоны толып бітті. Қазіргі кезде жаңа полигон құрылысы жүріп, мердігерлерге жыл соңына дейін қоқыс жинап, сұрыптайтын техникалар сатып алуға тапсырма берілген.

Ақтөбе қаласындағы ірі өн­ді­­ріс орындары аумағында ұзақ жыл­­дардан бері «тарихи қал­­дықтар» жиналған. Осы кә­сіп­орын­дардың зауыт мұржа­ла­рына сүзгіштер орнату мәселесі де өзекті. «Кәсіпорын басшылары ауаға таралатын зиянды қал­дық­тарды жібермейтін қондыр­ғыларды орнатуға екі-үш жыл мерзім сұрап отыр. Қазіргі кезде жұрт­шылықтың талап етуімен бір­тіндеп осы мәселе реттеліп келеді», деді О.Оразалин.

Өңір басшысы Ақтөбе облысы елімізде жол сапасы жағынан 16-шы орында тұрғанын жасырмады. Ол биыл жылдың соңына дейін жарамды жолдар көреткішін 66 пайызға жеткізуге уәде беріп, осы мақсатта жол салатын мекемелерге талап кү­шей­тілгенін мәлімдеді. Мәсе­лен, алдыңғы жылы жарамсыз жолдар салған мердігерлер өз қаражаттары есебінен жолды қай­­та салып жатыр. Ақтөбе облысында қала мен ауыл көше­ле­­рін жөндеу, қайта салу, абаттандыру жұмыстары жақсы жол­ға қойылып келеді. Соның нәти­же­сінде былтыр қалада 100-ден астам көше жөнделді.

Ақпарат құралдары өкілдері Мұ­ғалжар тауынан бастау алатын Жем, Ойыл, Ырғыз өзен­дерінің тар­тылуы­на, Шалқар көліне құятын дала өзендері – Қауылжыр мен Ұлпан арна­ларының кеуіп кетуіне алаң­дау­шылық білдірді. Дала өзен­дерінің тартылуына жаздағы қуаңшылық, ылғалдың аздығы, судың жеткілікті деңгейде тасымауы себеп болды. Бес өзен бас­тау алатын Мұғалжар тауының басында тиісті ылғал мөлшер жиналмай келеді.

Брифинг соңында мемле­кеттік бағдарламалардың орын­далуы, апатты және үш ауысымды мек­теп­тердің мәселесін шешу туралы сұрақтар қойылды.

 

Ақтөбе облысы