Аталған форумға қатысушылар әуелі «Көне Тараз» кешенінің көрме залында болды. Мұнда түрлі бағдарламалар мен жобаларға қатысып, жеке кәсібін ашқан кəсіпкерлердің өндірген өнімі мен қолынан шыққан дүниелері қойылған. Сондай-ақ форумның ашылуы алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып отырған көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көрмеге қойылған кондитерлік, сүт өнімдері және қолөнер мен жиһаз, аяқ киім, қуыршақтар мен қыз жасаулары бұйымдарымен танысты. Мәселен, мемлекет тарапынан қайтарымсыз 2 млн теңге ұтып алған Меркі ауданындағы жеке кəсіпкер Ұшан Өмірзақова кондитерлік цех ашып, жұмысын жолға қойыпты. Ал Шу ауданынан жеке кəсіпкер әрі көпбалалы ана Сайра Тілеуханова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында алған 5 млн теңге несиесіне сүт өңдейтін цех ашыпты. Ол бүгінде пастерленген сүт, айран, сары май, құрт пен ірімшік және тағы басқа да сүт өнімдерін өндіруде. Сонымен қатар өнертапқыш, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Рауан Рауылбековтің өз бетінше жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға арналған «Метрон» механикалық қозғалтқышы қонақтардың қызығушылығын тудырды. Рауан бұл құралды жасап шығу үшін 3 млн теңге несие алыпты. Қазір оның тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтарға арнап жасап жатқан мұндай аппараты 200 мың теңгеден өткізілуде. Қазіргі кезде 4 адамды жұмыспен қамтып, бұдан бөлек тапсырыспен басқа да бұйымдар жасап келеді. Бұдан бөлек түрлі жиһаздар мен кәдесыйлар, қуыршақтар, былғары аяқ киімдер мен қыз жасауын тігіп, оны кәсіп көзіне айналдырған әлеуметтік топтағы кәсіпкерлердің бәрінің жұмысымен жеке танысып шыққан облыс әкімі олардың әрқайсысының бастаған жұмысына сәттілік тіледі.
Халықаралық форумды облыс əкімі Б.Сапарбаев ашып берді. «Бүгінгі форумға Ресейден, Түркиядан, ТМД елдерінен қонақтар келіп, қатысып отыр. Бұл форумды өткізудегі басты мақсатымыз – өңіріміздегі әлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз кəсібін ашып, қоғамға тартылуына жәрдемдесу. Олардың мəселесін форумда талқылап, шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып бірлесе шешуге тырысамыз. Сөйтіп өзге мемлекеттердің озық тəжірбиелерін өңірімізде қолдануға жол ашатын боламыз. Қазіргі таңда əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа заң – Парламенттің қарауында. Бұл заң қабылданса, əлеуметтік кəсіпкерліктің мәртебесі анықталып, салықта түрлі жеңілдіктер қаралып, басқа да мүмкіндіктер жасалады деген сенімдемін», деді Б.Сапарбаев. Сондай-ақ облыс əкімі осы санаттағы азаматтардың бүгінгі таңда 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант және несие алып, өз кəсібін ашып жатқандардың көп екенін айтты. Бұдан бөлек «Асарлатып үй салу» және «Жомарт жүрек» жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Ал еліміздің Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Тараз төрінде өткен халықаралық форумға онлайн режімі арқылы қатысып, оның маңыздылығын атап өтті. «Алдымен бүгін шетелдік əріптестерімізбен форум аясында тəжірибе алмасуға бар мүмкіндікті жасап отырған Жамбыл облысының əкімдігіне рахмет айтқым келеді. Бұл форумның басты мақсаты – әлеуметтік топқа жататын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мəселесін шешу. Оларды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, қоғамнан не аламын деп емес, қоғамға мен не бере аламын деген қағидамен олардың өмірге деген құлшынысын арттыру. Осы форумнан кейін біздің ортамызда өзін көрсете алмай отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға мүмкіндік алады деген сенімдемін. Олар форумға қатысу арқылы кəсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін білетін болады. Шетелдік мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып жұмысын жолға қояды деген сенімдемін», деді министр.
Одан әрі аталған халықаралық форумды әлеуметтік кәсіпкер-модератор Эмин Әскеров жүргізіп отырды. Сондай-ақ жиында Еуропалық қайта құру және даму банкі Шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының жоба маманы Мұрат Нарқұлов, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Айнұр Заурбекова атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімеледі. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулдығының мәдени кеңесшісі Ананд Кришна әлеуметтік кәсіпкерлікті еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы және Талдықорған қалаларында дамыту үшін ондағы кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіп жатқанын айтып өтті. Сонымен қатар бангладештік экономика ғылымдарының профессоры, әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мохамед Юнус, әлеуметтік инвестициялар және кәсіпкерлік саласындағы жетекші ресейлік сарапшы Сергей Голубев және Қырғыз елінің «Әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығының» басқарма төрағасы Бақытбек Сағыналы бұл саладағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Ал Тәжікстандағы әйелдер кәсіпкерлігі күнінің елшісі Насибахон Аминова Жамбыл өңірі мен Душанбе арасындағы туризмді дамыту туралы ойын ортаға салды. Бұл ұсынысты Б.Сапарбаев та қолдап, Тараз бен Душанбе арасында ашылғалы отырған әуе рейсі екі қала арасындағы, соның ішіндегі 2 мың жылдан астам тарихы бар Тараз туризмін танытуға өз ықпалын тигізетініне сенімді екенін жеткізді. Бұдан кейін форум жұмысы түрлі секциялар бойынша жалғасты.
Жамбыл облысы