Ұтқырлық бағдарламасы коронавирус пандемиясына байланысты мораторий енгізілгеннен кейін бір жыл өткен соң қайта жүзеге асырыла бастады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье Канесс франко-қазақстандық стипендия туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.
2021-2022 оқу жылында екінші курстың 30 магистранты және Қазақстан мен Франциядағы ғылыми жетекшілермен бірлесіп диссертация дайындайтын 5 докторант «Абай-Верн» стипендиясының иегері атана алады.
«Абай-Верн» стипендиясы магистранттар мен докторанттарға француз және ағылшын тілдерінде Франция университеттерінде оқу үшін беріледі. Үміткерлердің француз жоғары оқу орнына немесе ғылыми-зерттеу орталығына магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша оқуға алдын ала қабылданғандығы туралы растау хаты болуы тиіс», деп атап өтті БҒМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Эльмира Асан.
«Абай-Верн» стипендиясын жеңіп алған магистранттарға Ұлттық банк бағамы бойынша ай сайын 800 евро, докторанттарға 1200 евро мөлшерінде стипендия төленеді. Сондай-ақ стипендианттар Франциядағы университет жатақханасында орын алуға артықшылықты құқықтарға ие болып, ұзақ мерзімді студенттік виза және француздық әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тегін тіркеле алады.
«Абай-Верн» академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау 2021 жылдың 4 шілдесіне дейін жалғасады. Кандидаттарды іріктеуді франко-қазақстандық тәуелсіз комиссия жүргізеді.
«Абай-Верн» – Білім және ғылым министрлігі мен Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің бірлескен стипендиялық бағдарламасы. Келісімге қол қойылған кезден бастап 158 қазақстандық магистрант пен докторант беделді «Абай-Верн» халықаралық стипендиясының иегері атанған.