– Мемлекет басшысының Жолдауында ішкі істер органдары жүйесінде жүргізілетін реформада басты маңыз учаскелік полиция инспекторларының қызметіне ерекше көңіл бөлінетіні айтылған еді. Соған байланысты жаңа бекетте учаскелік полиция инспекторы мен оның отбасына қолайлы жағдай қарастырылды. Мұндай бекет тәртіп сақшысының жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығын сақтауға, қылмыстың алдын алуға зор ықпалын тигізеді. Өйткені учаскелік инспектор тұрғындардың арыз-шағымын осында қабылдап, кез келген мәселеге дер кезінде ден қояды, – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Тұщықұдық ауылының учаскелік полиция инспекторы Шыңғыс Ибатов әрі кеңсесі, әрі тұрғын үйі бар жаңа бекетке алғашқылардың бірі болып орналасты. Ол ішкі істер органында 2014 жылдан бері жұмыс істейді.
– Жаңа үлгідегі учаскелік полиция бекетінде төрт жұмыс бөлмесі бар. Ал отбасымыз үшін тағы да төрт бөлме жапсарлас салынған. Мұндай жаңа ғимаратта тәулік бойы жұмыс істеуге болады, – дейді учаскелік полиция инспекторы Шыңғыс Ибатов.
Атырау облысы