Қоғам • 24 Маусым, 2021

Таңбалау тауарды қымбаттатпасын

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Қазақстанда сүт өнімдерін цифрлы таңбалауды енгізудің қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Цифрлы экономиканы дамыту орталығы өнімді таңбалау үшін бизнестің болжамды шығындар есебін жасады.

Таңбалау тауарды қымбаттатпасын

Қанатқақты жобаға отандық 7 өндіруші қаты­­сып жатыр. Яғни кәсіпорындарда өнімді таң­балау про­цесі сынақтан өткізілуде. Жоба шең­берінде жаб­дық­қа арналған шығындарға есептеу жүргізілген екен. ­Атап айтқанда, бір желі үшін таңбалау жабдықтары­ның құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байла­ныс­ты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейін өзгеріп оты­рады.

– Мұндағы негізгі әңгіме кез келген жағдай­да мерзімді түрде жүргізіліп отыратын өндіріс­тік желілерді жаңғырту жайында болып отыр. Бұл жағдайда компаниялар қаптамаға цифрлы таңбалау кодын қолдануға мүмкіндік беретін жаб­дықты сатып алуы қажет. Яғни қосымша жабдықты сатып алу өнімнің түпкілікті құнының қымбаттауына әкелетіні шарт емес. Өнімнің түп­кілікті бағасындағы жабдық шығындарының үле­сі әдетте 0,06-0,15 пайызды ғана құрайды.

Бөлшек сауда бағасына әсер ететін фактор­лар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері құнының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз-ақ 6 пайыз­дан 13 пайызға дейін өзгерді. Бұл бағаның тұрақ­ты өсу тенденциясын айқындайды. Сондық­тан тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер ет­пейді. Керісінше, бұл жерде тұтынушы тарапынан өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзіміне қатысты сенімділік пайда болады. Осы­ның өзі үлкен табыс, – дейді Цифрлы экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.

Сондай-ақ сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығындардың 50 пайызына дейін өтемақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Шағын өндіріске арналған тағы бір жол бар. Ол – өндірістік желіге таңбалау кодтарын енгізетін жабдықтарды орнатпай, кодты баспахана арқылы орнатуға тапсырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есе азаяды.

Бөлшек сауда нүктелері Data Matrix кодымен бел­гіленген өнімдерді сканерлеу үшін 2D сканерлерімен жаб­дықталған. Өткен жылы темекі өнімдеріне мін­детті цифрлы таңбалау енгізіліп, олар таңбаланған өнім­дермен жұмыс істеуде. Бұл ретте таңбалауды енгізудің бастапқы кезеңіндегі бизнес шығындарына қарамастан, орта және ұзақ мерзімді келешекте таңбалау жүйесі елеулі пайда әкелмек.

– Біріншіден, цифрлы таңбалау арқылы біз жо­сықсыз бәсекелестіктің алдын алып, тұты­ну­шыға тауар­дың түпнұсқалығын растауға мүм­кіндік береміз. Сонымен қатар тауарлардың қозға­лысын есепке алу рәсімдері стандартталып, біріз­дендіріледі. Таңбалау арқылы біз сүт өнім­дерінің өндірушіден бөлшек сау­да дүкеніне жетуіне дейінгі аралықта қадағалауды қамтамасыз етеміз. Бұл өз кезегінде өндірушілерге де, мемлекетке де белгілі өңірде нақты өнімге сұранысты және өндірісті жоспарлауды қамтамасыз етеді, – дейді О.Бектұров.

Еске сала кетейік, Қазақстанда темекі мен тері өнімдерін міндетті цифрлы таңбалау енгізілді. 2021 жылғы 1 шілдеде аяқкиімнің міндетті цифрлы таң­балануы енгізілетін болады. Сондай-ақ қазіргі уақыт­та дәрілік препараттарды, алкоголь өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асырылуда.