Жобаны «QazТehna» ЖШС еліміздің автобус паркін жаңарту бағдарламасы аясында жүзеге асырады. Осы уақытқа дейін зауытта DKD ірі торапты әдісімен автобустар шығарылды. CKD шағын торапты өндірістік желісін іске қосу зауыттағы жаңа жұмыс орындарының санын 1 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қуаттылығы жылына 1200 автобус пен 500 бірлік арнайы техниканы құрайды. Өндірісті жергіліктендіру деңгейі 50%-дан асады.
Үкімет басшысы «Саран» индустриялық аймағының дамуымен, оның ішінде шина өндіру жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысты. Жобаны «Татнефть» ЖАҚ қатысуымен «KamaTyresKZ» ЖШС жүзеге асырады. Зауыттың қуаттылығы бірінші кезеңде жыл сайын 3,5 млн көпбейінді шинаны құрайды, кейіннен жылына 9 млн шинаға дейін жеткізіледі.
Зауыт ҚР автомобиль өндірісін жергіліктендіру деңгейін арттыруға және шиналардың импортын алмастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте өнімнің 40%-ын экспорттау көзделген. Жобаны 2022 жылдың IV тоқсанында іске асыру жоспарланған. Жоба құны – 125 млрд тг.
Зауытта 1100-ден астам жаңа жоғары білікті жұмыс орындары құрылатын болады. Қазіргі таңда кәсіпорынның болашақ қызметкерлері – негізінен Саран қаласының тұрғындары қатарынан «Татнефть» ЖАҚ шина кәсіпорындарында тағылымдамадан өтіп жатыр. А. Мамин олармен телекөпір режимінде әңгімелесті.
Премьер-Министрге Саран қ. РТБ тұрғын шағын ауданын қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндалды – 2022 жылдың соңына қарай мұнда кәсіпорындар қызметкерлері мен тұрғын үй алуға кезекте тұрған адамдар үшін 510 жалдамалы және қызметтік пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қарағанды қаласында Үкімет басшысы санитарлық-техникалық мақсаттағы өнімдер мен жылыту аспаптарын шығаратын «Сантехпром» ЖШС-да болды. Кәсіпорын жыл сайын 810 мың бірлік сантехникалық өнім – ванналар, жуғыштар, табандықтар мен радиаторлар шығарады. Импортты алмастыру аясында болат панельді радиаторларды өндіру желісін жаңғырту көзделген.
А. Мамин қуаттылығы жылына 2 млн тонна көмір концентратын құрайтын «Qaz Carbon» ЖШС байыту фабрикасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын барлық қажетті экологиялық нормаларға сай келеді.
Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының Үштөбе ауылында Үкімет басшысы «Қарағанды-Бекіре» ЖШС-да болды. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 5 тоннаға дейін уылдырық пен 100 тонна тауарлы бекіре балығы еті. 2023 жылға дейін шығарылатын өнім көлемін жылына 20 тонна уылдырыққа және 300-350 тонна бекіре балығының етіне дейін арттыру жоспарлануда.
Үкімет басшысына балық пен ауыл шаруашылығы малына арналған түйіршіктелген байытылған жасыл жемшөп өндіру және қайта өңдеу жөніндегі құрама жем зауыты құрылысының инвестициялық жобасы таныстырылды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 365 мың тонна өнімді құрайды. Жоба құны – 27 млрд теңге. Іске асыру мерзімі – 2021-2022 жылдар. 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Премьер-Министр Ақсу-Аюлы және Гүлшат кенттерінде жалпы ұзындығы 363 км «Қарағанды – Балқаш» және ұзындығы 583 км «Балқаш – Бурылбайтал – Күрті – Қапшағай» автомобиль жолдарын реконструкциялау барысымен танысты. Үкімет басшысы биыл аталған жобаларда қозғалыстың ашылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жұмыс сапарына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев және т. б. қатысты.