Қазақстан • 25 Маусым, 2021

Жүйрік журналистер URKER-2021 сыйлығымен марапатталды

316 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордадағы Қазмедиа орталығында баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы URKER-2021 ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Жеңімпаздарға естелік мүсінше және бір миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық табыс етілді.

Жүйрік журналистер URKER-2021 сыйлығымен марапатталды

Салтанатты рәсімді ашқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жиынның бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қар­саңында ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде мемлекетімізбен бірге отандық медиа саласы да жаңару, даму кезеңінен өт­ті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елі­мізде тек 407 ақпарат құралы, соның ішін­де 2 телеарна ғана болса, қазір олар­дың саны төрт жарым мыңнан асады.

Бір ғана Qazaqstan телеарнасы бү­гінде құрамына 5 республикалық,
14 өңір­лік телеарна, 4 радио енетін үлкен Ұлттық корпорацияға айналды. Ұлттық медиа тарихында тұңғыш рет балалар арнасы – Balapan, спорттық арна – Qazsport, көрерменнің көзайымы – Abai арнасы іске қосылды.

Құрамына тәулік бойына жаңалықтар ұсынатын «Хабар 24», 10 миллионға жуық көрермені бар «Еларна», әлемнің 120-дан астам еліне хабар тарататын QazaqTV арналары енген «Хабар» агенттігі бүгінде ірі медиа орталық», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, ел аума­ғында 181 телеарна, 79 радио, 790 ақ­па­раттық агенттік бар. Осындай қайна­ған ақпараттық кеңістік ортасында шың­далған журналистер арасындағы бәсеке қашанда жоғары.  

«Биыл бесінші рет өткізіліп отырған «Үркер» бәйгесі – баспасөз, радио, интернет және фото журналистика сала­сындағы жаңа есімдерді анықтайтын біре­гей жобаға айналды. Жыл сайын өзін­дік қолтаңбасы бар талантты тұлға­ларды халыққа танымал етіп келеді. 

2017 жылдан бастап бүгінге дейін «Үркер» ұлттық бәйгесіне қатысқан
2 833 жоба қаралып, оның 55-і үздік және жүлдегер атанды. Биылғы байқауға республикалық және өңірлік ақпарат құралдарынан 340 өтініш түсті. Әрине, оның қай-қайсысы да биік марапатқа, жүлдеге лайық.

Дегенмен бәйге болған соң, оның жеңімпазын анықтау заңдылық. Әрбір еңбектің өтеуі болуы тиіс. Бүгінгі шара да осы ниетпен ұйымдастырылып отыр.

Сондықтан ауқымды жұмысты байыпты бағалап, лайықты саралаған жоғары білікті қазылар алқасына зор алғысымды айтамын және кіл жүйріктен кім жүйрікті анықтауда әділ шешім шығарды деп сенім білдіремін», деді Аида Балаева.

Сонымен, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік ма­териал» аталымы «Семей таңы» газетінің тілшісі Риза Мол­дашеваға бұйырды. Марапатты тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ақпарат министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов тапсырды.

«Жылдың үздік репортажы» аталымында BaigeNews.kz порталының журналисі Әнуар Әбдірахманов жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік аналитикалық материалы» аталымы «Ақиқат» журналының қызметкері Дина Имамбаеваға бұйырды.

«Жылдың үздік танымдық материалы» аталымында
Mas­­­sa­­get.kz порталынан Өмір­бек Сан­сызбаев жеңіске жетті. Ай­та кетерлігі, жүлдені Қырғыз Рес­­публикасы Мәдениет, ақ­па­рат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Сал­танат Аманова табыс етті.

«Жылдың үздік журналистік зерттеуі» жүлдесін Aiqyn га­зетінен Рысбек Қыдырбек ие­ленді. Ал «Жылдың үздік сұх­ба­ты» аталымында Vlast.kz пор­та­лының журналисі Тамара Вааль үздік шықты.

 «Жылдың үздік жаңалықтар порталы» аталымында «ҚазАқ­парат» халықаралық ақпарат агент­тігі жеңіске жетті. «Жыл­дың үздік газеті» марапаты TÚRKISTAN халықаралық сая­си апталығына бұйырды. «Жыл­дың үздік фотосуреті» жүлдесі newsroom.kz порталының фото­суретшісі Мақсат Шағыр­баевтың қанжығасына байланды.

«Радиостанциядағы үздік жоба» аталымында NS радиосы «Новое утро» бағдарламасы үздік деп танылды. Forbes Kazakhstan ұжымы «Жылдың үздік журналы» атанды. URKER-2021 ұлт­тық бәйгесі арнайы жүлдесі «Қа­зақ радиосы» ұжымына берілді.

Айта кетейік, URKER-2021 Ұлттық бәйгесі биыл 11 аталым бойынша өткізілді. Сондай-ақ «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал» аталымы қосылды. Үздік жұмыстарды беделді журналистер, еліміздің шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен халықаралық медиасарапшылардан құралған қазылар алқасы анықтады.

Баспасөз, радио, ин­тер­нет-журналистика сала­сын­дағы жетістіктері үшін берілетін қазақ­стандық Ұлттық URKER сыйлығы талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесін бағалау және олардың шығармашылығына қоғамның назарын аудару мақсатында 2017 жылы тағайындалған.

Байқауды ұйым­дас­ты­ру­шылар – Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі, «Медиа дамыту қо­ры» корпоративтік қоры және «Қаз­медиа орталығы» БК. Іс-шара демеушілері – «Қа­зақстан» РТРК» және «Ха­бар» агенттігі» ак­ционерлік қо­ғам­дары.