Парламент • 25 Маусым, 2021

Жер қатынастарын жетілдіретін заң жобасы

255 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобасын қарады. Сондай-ақ Жоғарғы сот судьяларын сайлады.

Жер қатынастарын жетілдіретін заң жобасы

Сенаторлар Мемлекет бас­шы­сының Герман Нұрбаевты, Ер­бол Өмірәлиевті және Дана Тоқ­мыр­зинаны Жоғарғы сот судья­ла­ры қызметіне сайлау туралы ұсы­нымына бірауыздан қолдау біл­дірді.

Сондай-ақ депутаттар Сенат Төрағасының ұсынысымен Нұр­лан Нұржановты Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жө­ніндегі есеп комитетінің мү­шесі қызметіне тағайындады.

Одан бөлек, отырыс барысында еліміздің заңнамаларын әрі қарай жаңғыртуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған бірқатар заң жобасы қа­­былданды. Атап айтқанда, «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудан­дық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жа­уапкершілігін кеңейту мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қара­лып, мақұлданды.

Заң жобасында бірқатар нор­ма­тивтік-құқықтық актіге өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ұсы­нылған. Атап айтқанда, аудан­дық маңызы бар қалалардың, ауыл­дардың, кенттердің және ауыл­дық округтердің кіріс базасы кеңей­тіледі. Бюджеттік рәсімдер жеңіл­детіліп, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың дер­­бес­тігі кеңейтіліп, жауап­кер­ші­лігі күшейтілмек. Сон­дай-ақ әкім­шілік-аумақтық бірлік­тер­ге қо­йылатын талаптар жетілді­ріледі.

«Жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту мақсатында төртінші дең­гейге қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру көз­деледі. Екіншіден, бюджеттік рәсім­дерді оңайлату ұсынылады. Атап айтқанда, жиырма пайыздан аспай­тын көлемде ауылдық округ әкімі аппараты үшін бюджетке түзе­тулер енгізу қарастырылған. Түзе­ту жергілікті қоғамдастық жина­лы­сының келісімі бойынша жүр­гізіледі. Сондай-ақ мәслихат­тардың шешімдерін әділет орган­дарында тіркеу қажеттілігі жөнін­дегі норманы алып тастап, бюд­жеттерді бекіту рәсімін оңайлату ұсынылады», деді аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Ұлт­тық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар Бюджет ко­дексі­­­не қаржы жылы кезеңінде аудан және ауылдық округ бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемінің өзгеруіне жол бермейтін нақтылаушы норма енгізіледі.

«Қабылданған заң жергілікті маңызы бар міндеттерді тиімді түрде шешу үшін ауылдық, аудандық және қалалық деңгей­дегі билікке жаңа мүмкіндіктер бере­ді. Оның ішінде биыл жаңа­дан сайланған мәслихат депутат­тарының құқықтарын кеңейтеді және мәслихаттардың жұмысын жетілдіреді. Алдағы уақытта осы өзгерістер өңірлердің дамуына тың серпін береді деп сенеміз», деді заң жобасына қатысты пікір білдірген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Отырыста сенаторлар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне жер қаты­настарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Енгізілген жаңа нормаларға сәйкес ауыл­ша­руашылық жерлерін сатуға мора­торий 2026 жылғы 31 жел­тоқ­­санға дейін ұзартылады. Жалға алу тек Қазақстан азаматта­ры мен шетелдік қатысуы жоқ заң­ды тұлғалар үшін ғана қолжетім­ді болып қала береді. Ал ауыл шаруа­шылығы жерлерін субарендаға беруге тыйым салынады. Бұл заң жобасы  Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әзірленген.

«Заң жобасының негізгі өзге­рістері мен толықтыруларына тоқ­талсақ. Қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлға­ларға ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы жерлерді 49 жылға дейінгі мер­зімге жалға беру, жалға алу мер­зімі аяқталған кезде оны жаңа мер­зімге ұзарту құқығын беру, сон­дай-ақ мемлекеттен сатып алмай, жер пайдаланушылар ара­сында ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жерді жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл ретте оларды пайдалану мерзімі кемінде 5 жыл, сондай-ақ жер қатынастары органдарын хабарлау міндетті шарт болып саналады», деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Сонымен қатар құжатта бірнеше міндет ескерілген. Мәселен, Жер ресурстарын басқару комитетіне жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функциялары әкімдіктерден қайтарылады. Ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын «бақ шаруа­­шылығы» және «саяжай құрылы­сына» өзгертуге тыйым салынады. Халықтың мұқтажын қана­ғат­­тандыру мақсатында, жергі­лікті жағдайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жөнін­дегі жоспарларда қажетті жайы­лым алқабының шекарасы ай­қындалмақ. Берілген ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер учас­келері туралы мәліметтерді мем­лекеттік жер кадастрының интер­нет-ресурсында ашық түрде орна­ластыру қажет. 

«Бұл заңда жердi қорғауға, оны ұтымды және мақсатты пай­да­­лануға арналған жаңа нормалар қарастырылған. Соған сәй­кес Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы жерле­рін жекеменшікке беру жөнін­де Жер кодексіндегі нормалар­дың қол­данылуына мораторий ұзар­ты­лады. Құжатқа жайылымдық жер­лерді пайдалану мәселелерін рет­­тейтін, жер учаскелері бойынша ақ­параттың қолжетімділігі мен ашық­тығын қамтамасыз ететін жаңа нормалар да енгізілді. Оның бәрі еліміздің ұлттық мүддесіне то­лы­ғымен сәйкес келеді», деді Се­нат Төрағасы заң жобасы жөнінде.

Сенаторлар Палата отырысын­да қашықтан жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мәселесін де талқылады. «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Еңбек кодексіне қа­шықтан жұмыс істеудің құ­қық­тық реттелуін жетілдіру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен тол­ықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осы бағыттағы барлық мәселе қарастырылған.

Енді қызметкерлер жұмыс бе­рушінің келісімімен қашықтан жұмыс істеу форматына көшуге құқылы. Бұл ретте жұмыс беруші өз қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге керекті жабдықпен, тиісті ақпаратпен, байланыс қыз­метімен және өзге де қажетті жағ­даймен қамтамасыз етуге міндетті. Егер қызметкер еңбек шартында көрсетілген жұмыс көлемін орын­даса, қашықтан жұмыс істеу кезін­дегі жалақы толық мөлшерде төле­нуге тиіс. Бұл заңға аталған мәсе­ленің әлеуметтік маңызы зор еке­нін ескере отырып, депутаттар бас­тамашы болғанын айта кеткен жөн.

«Қазіргі таңда қашықтан жұмыс істеу әлемдік трендке ай­налып отыр. Бұған әрине, пан­демия да өз әсерін тигізді. Елі­мізде азаматтар қашықтан жұ­мыс істеу режіміне көшкен кезде тиісті заңнамалық реттеудің жоқ­тығы еңбек қатынастары сала­сында кейбір мәселелерді туғыз­ғаны белгілі. Осы заң жобасы қа­шық­тан жұмыс істеудің құқықтық негіз­дерін одан әрі қалыптас­тыруға арналған», деді Мәулен Әшім­баев.

Сондай-ақ депутаттардың бас­та­машылығымен әзірленіп, қабыл­д­анған тағы бір заң жобасы қазақстандықтардың құқық­тарын қорғауды көздейді. Жаңа нормалардың басты міндеті – азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын мемлекеттік орган­дардың заңсыз әрекеттерінен қорғау. Құжатқа сәйкес кәсіп­кер­лерге қатысты рейдерлік фактілер үшін қылмыстық жауапкершілік кү­шейтіледі. Бизнес пен азамат­тардың санкцияланбаған тексе­рулер, тінту, алу, мүлікті уақытша шектеу және басқа да іс-әрекеттер бо­йынша шағымдарын қарау мер­зімі үш тәулікке дейін қысқар­тылады.

Бұдан басқа «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қыз­метті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін қабылданатын шаралар күшейтілді.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ко­дексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сы қаралып, қабылданды. Азамат­тардың еңбек құқықтарын қорғау­ға арналған бұл заңға да Парламент депутаттары бастамашы болды.

Заңға енгізілген жаңашыл­дық­тардың бірі – еңбек саласында кемсітушілікке жол берген жұмыс беруші үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу. Сондай-ақ заң жобасы бойынша прокурордың қаулыларын орындамағаны үшін де жауапкершілік қарастырылған. Бұл норма, ең алдымен, кәсіп­кер­лерді мемлекеттік органдар тарапынан мүмкін болатын заңсыз әрекеттерден қорғауды көздейді.

Осылайша, бүгінгі Сенат оты­ры­сында депутаттар маңызды 5 заң­ды қабылдады. Айта кетерлігі, заң жобаларының үшеуіне сена­тор­­лардың өздері бастамашы бол­ған.

Жиын соңында Мәулен Әшім­баев Сенаттың сессиядағы жұмы­сын қорытындылап, былтырғы қыркүйек айынан бері депутаттар бірқатар маңызды заңдарға бастамашы болып, қабылдағанын атап өтті.

«Сессия барысында Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағытын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұ­мыс атқарылды. Парламент 63 заң жобасын қабылдады. Олар­дың ішінде 15-іне депутаттық кор­пус бастамашылдық жасады. Сенат депутаттарының бас­та­ма­шылығымен тағы 14 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», деді Сенат Спикері.

VII шақырылымдағы Пар­ла­менттің бірінші сессиясында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, жер мәселесін шешуге, сайлау процестерін жаңғыртуға, жер­гілікті өзін өзі басқаруды және сот-құқық қорғау жүйесін дамы­туға, шағын және орта бизнес пен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға және инклюзивті білім бе­­руді жетілдіруге, сондай-ақ та­ғы басқа маңызды салаларға ар­нал­ған ауқымды заң жобалары қабыл­данды.

«Сенаторлар өңірлерге барып, халықпен және еңбек ұжымдарымен үш жүзге жуық кездесу өткізді. Бұдан бөлек тұрақты комитеттер 3 «Үкімет сағатын», 5 көшпелі отырыс, 40 дөңгелек үстел мен кездесу ұйымдастырды. Сол іс-шаралардың аясында Пре­з­идент тапсырмаларының, заңдар­дың және мемлекеттік бағдар­ла­малардың орындалу барысы жан-жақты қаралды. Осы жиындарда қабылданған ұсынымдар жауапты мемлекеттік органдарға жіберілді. Оның бәрі Сенаттың бақылауында болады», деді Палата Төрағасы.

Сонымен бірге Мәулен Әшім­баев сессия барысында Сенат депутаттары ұлттық құнды­лықтарды дәріптеу бағытында да ауқымды жұмыс атқарғанын айтты. Осы тақырыпқа арналған парламенттік тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты бірегей құжаттар жинағын дайындап, көпшілікке таныстырды. Тарихымыздағы алапат қасіретті жан-жақты сипаттайтын үш томдық жинақ еліміздің архивтері мен кітапханаларының және жоғары оқу орындарының қорларына таратылды.

Отырысты қорытындылай келе, Мәулен Әшімбаев сессия барысында Президенттің барлық реформасын заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз етуге арналған Сенаттың қызметі нәтижелі бол­ғанына назар аударды. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Палатаның конституциялық өкілеттігін іске асыру жолында табысты жұмыс істеген барша сенаторға алғыс білдіріп, депутаттардың өңірлерге жасайтын сапарларына, халықпен кездесулеріне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, сенаторлар парламенттік каникул кезінде жергілікті жерлердегі проблемаларды зерделеп, сындарлы ұсыныстар әзірлейді. Олардың барлығы алдағы депутаттық қыз­метке негіз болатыны сөзсіз.