Қоғам • 25 Маусым, 2021

Тағдырмен ойын...

2882 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қасым атам әркез ұтырлы айтар сөзі бар және онысы ел аузында жүретін абы­ройлы адам еді. Атам отының алды, суының тұнығы, баласының үлкені қызын ұзатады. Ол уақыт тұрмысқа шық­қан қыздың артынан ай өтпей жетіп баратын кез емес. Жылдан асып, пәленбай шақырымды артқа тастап, құдасының үйіне тоқтап, олар Қасекең, құда келді деп құрақ ұшып дастарқан жайып күтеді. Шай үстінде бар зейіні үлкендерге ауып, соларға қызмет етіп отырған қызы қайынсіңлісінің босаған кесесін аңдамай қалыпты. «Жеңеше, шай» деп көзімен жеп жібергенін көрген атам үйіне келген соң жұбайына «Көрдім баламды. Қайтейін, дүние кезек деген, құдашаның көзін көрдім, оған да біреу қарар» депті.

Тағдырмен ойын...

Қарапайым мысал. Қарапайым болғаны­мен әр ата-ана, әр ақсақал мен ақ жаулықты әже балалары мен немерелеріне дүние кезек екенін, ешкімге зәбір, қиянат жасауға болмайтынын құлақтарына құйып, біреуге жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да соның бәрінің алдыңа қайтып келетінін, өтеуінің жазбай табатынын, халықта «Қысастық қияметке кетпейді» деп мына жалғанда да, бақида да жауабы болатынын сіңіріп өсіретін. Содан да болар ұрпағын кісіге жамандық емес, жақсылық жасауға ұмтылдырып, «әрі сауап жинайсың, әрі өз жолыңды ашасың», «қолмен істемек түгіл, кемтар жанның жанында дене мүшенің кемдігі турасында әңгіме айтпа, көңіліне тиесің, қылдай қиянат болмасын» дегендей ақылын айтып отыратын. Әзілдегенде «Құрбыңды да көтере ойна», «Жамандық жасау әркімнің қолынан келеді, жақсылық жасау – жақсыдан ғана» деп ұрпағын тек ізгілікке үндейтін.

Жуырда әпкем бір айлық зейнетақысынан толық айырылып қалды. Өзін «банк қыз­меткерімін, сіздің атыңызға 2 млн несие бері­ліп жатыр, өтініш берген сіз бе, соны анықтауым керек», деп телефон соққан жанға: «Жоқ, ойбай мен емеспін», дейді. «Онда сіздің атыңыздан өтініш түсірген алаяқтар болды, мен сізге көмекетесейін, бірақ сіз жайлы мәліметтер керек», деп ЖСН-ді, басқа да деректерді сұрап алады. «Енді Play Market-тен қосымша жүктеңіз», деп үйретіп, артынша сол арқылы зейнетақысының бір тиынын қалдырмай алып қойған. Бір айлық зейнетақысынан түгелдей айырылған әпкем санын соғып, іші удай ашыды. Бұл бір ғана оқиға емес. Осындай алданған адамдар өте көп.

Қай кезде де қоғам ізгілігі қарттар мен балаларға жасалатын қамқорлық пен жана­шырлық көзқараспен өлшенетіні анық. Ал қоңырау шалған адам зейнеткер екенін біле тұра, мақсатты түрде алдап, онсыз да айдарынан жел есіп отырмаған қарапайым жұртты бір айлық ішіп-жемінен айырады. Қазір зейнетақының коммуналдық төлем мен азық-түліктен артылмайтыны анық нәрсе. Тіпті жетпей жататыны аян. Алаяқтың кесірінен амалсыз қарызға кірген әрбір сондай жан неше ай бойы сол бір желінгенін өтеймін деп, өзін қаншалықты үнемге кіргізеді. Сондайда налымай ма? Қолынан берген емес, аудара байлаған арсызға қиналғанда ауыр сөз айтылмай ма? Шынымен кералаң кер дүниеде бәрінің қайтып келетіні рас. Бүгін алдап ақша алдым, адымымды алшаң басып, ашықауыздарды «жазалап», солардың үстінен пайда табудамын деген тоғышар қалай қателеседі дейсің. Алдына еселеп қайтқанда тағдырына өкпелей ала ма?

Өйткені өтеу бар. Өтеуден аттап өтер пенде жоқ. Тіпті қазір «Қолымда билігім тұрғанда қарамағымдағы жанды ашсам – алақанымда, жұмсам – жұдырығымда ұстаймын, қалағаныммен біреуді аспанға көтеріп, біреуді төмендетемін», деудің артында өз тағдырына жасар өзгеріс барын көзі ашық дегендердің өзі сезбей қалып жатады. Біреудің орынсыз наласына қалу, қандай болсын сөзбен, іспен, ишаратпен басымдық таныту, елемей, көзге ілмей қою, аудара байлап, қысым көрсетудің ешбір түрі жер басып жүрген жұмыр басты әр пендеге жақсылық әкелмейді. Уақыт өте оның өтеуі өз тағдырыңа енер өзгеріс екенін біліп, кейін есеп беретін күн туғанда бармақ шайнағаннан кім ұтады? Сол уақытта кісі аяғандай болғанын көргенде жүрегінде парасаты бар бір кезгі көзге ілмейтін жанның қимағаннан жасалған тілектестік дұғасын құдай қабыл етпесіне кім кепіл?

Әпкем ақшасын алған пақырды кешіргенін айтады. «Тірі ме, өлі ме, ата-анасы бар шығар. Солар үшін кешірдім, тірі болса баласының кейін қиналғанын көрмесін, о дүниелік болса, ұрпағынан тек сауапты іс жетсін, қиналмасын дедім», деді. Бірақ төреші – уақыт, төреші– құдай!