Елімізде «Дельта» штамы, яғни «Үнді» штамының анықталуына байланысты ведомствоаралық комиссияның шешімімін елордада карантин шаралары күшейтілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, Қазақстандағы эпидемиялық жағдай тұрақты. Соңғы айда коронавирус инфекциясымен ауру деңгейі 1,7 есеге төмендеді. Стационарлық ем қабылдап жатқан науқастар саны 2,1 есеге, ал амбулаторлық емделудегі науқастардың саны 1,7 есеге азайды. Инфекциялық төсектік орындардың қоры жеткілікті. Бүгінде оның 25 пайызы, ал реанимациялық төсектік орындардың 21 пайызы ғана қолданыста. Дегенмен қазір әлемде індет жұқтырудың артып жатқаны байқалады. Оның ішінде аурудың жаңа штамдары да көптеп таралуда.
– Нұр-Сұлтан қаласында Сovid-19-бен ауру деңгейінің өсуіне байланысты вирустың мутацияға ұшырау ықтималдылығына қатысты скрининг жүргізілген. Алдын ала нәтижелері вирус мутациясының анықталғанын және бұл «Дельта» штамына тән екенін көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігінің жуырда жасаған мәлімдемесінде айтылғандай, түпкілікті қорытынды толық геномдық зерттеу аяқталғаннан кейін белгілі болады. Бұл штамм көрші елдерде де анықталған. ДДҰ мәліметтеріне сәйкес «Дельта» штамы бүгінде әлемнің 74 елінде анықталып отыр, – деді Е.Тоғжанов.
Коронавирустың бұл штамының ауруханадағы науқастардың санын арттыру және өлімге соқтыру ықтималдылығы жоғары. Сондай-ақ «Үнді» штамы басқа штамдарға қарағанда 60% жұқпалы екен, орта есеппен бір адамнан 5-6 адам індетті жұқтырады. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін ВАК шешімімен карантин талаптары қатаңдатылды.
Біріншіден, вакцина салдырмаған қызмет көрсету саласының қызметкерлері, үлкен ұжымдар үшін жұмыс істеуге шектеулер енгізіледі. Екіншіден, КВИ-ға қарсы вакцинадан бас тартатын және вакциналауға медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ қызмет көрсету саласының, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және өзге де ұйымдасқан ұжымдардың қызметкерлері үшін міндетті ПТР-тестілеу талабы енгізіледі. Үшіншіден, Ashyq жобасына жаңа кәсіпкерлік субъектілерін қосу үшін, сондай-ақ жоба шеңберінде жұмыс істеп тұрған субъектілердің жұмысын жалғастыру үшін сауда нүктелерінің барлық персоналы мен жалға алушыларын вакциналау қажеттілігі бойынша талап енгізіледі. Төртіншіден, Ashyq жобасына сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері және азық-түлік емес базарлар енгізіледі.
– Ashyq жобасы тиімді жұмыс істеп жатыр, бұл 9 мыңнан аса бизнес субъектісіне пандемия кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
4 млн-нан аса қолданушы тіркелген, ел бойынша әр минут сайын мың адамның мәртебесі тексеріледі. Сондай-ақ жоба кейбір азаматтардың өз мәртебесін біліп, санитарлық талаптарды бұзуды жалғастырып жатқанын көрсетті. Сәуірден бастап Ashyq арқылы 9,6 мыңнан аса карантин режімін бұзушы анықталды, олардың жартысынан көбі – ПТР-тесттің оң нәтижесі бар адамдар. Азаматтардың бұл санаты ел халқына нақты қауіп төндіретінін атап өткім келеді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі карантин режімін бұзушыларға 30 АЕК немесе 87 510 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салуды көздейтін қосымша ережелер қабылдады. Бүгінде 19 адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды, оның ішінде 5 адамға айыппұл салынды. Бұл жұмыс жалғасады, барлық талап бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тағы да еске салып өтейін, егер сізде ПТР-тест нәтижесі оң болса немесе науқаспен тығыз байланыста болсаңыз, онда үйде карантинде болуыңыз керек, өйткені сіз басқаларға қауіп төндіресіз! деді вице-премьер.
Аталған нақты шаралар – қызмет көрсету саласына, адамдар көп жиналатын орындарға қатысты шектеулер. Бұдан әрі шешім эпидемиялық жағдайға байланысты қабылданбақ. Ал жалпы, республика көлемінде локдаун енгізу күн тәртібінде жоқ екен.
Індетке тойтарыс берудің бірден-бір амалы сақтық шараларын қатаң ұстанып, вакцина салдыру екені түсінікті. Алайда елімізде қолжетімді вакциналар қамтылып, қажетті жағдай жасалғанымен, екпе салдыру қарқыны артар емес.
– Қазір біз азаматтардың вакцина алуына жағдай жасауымыз керек. Қажетті вакцина көлемі Қазақстанда бар. Алғашында мұны ерікті түрде деп жариялаған едік. Бірақ жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, қосымша шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Қазіргі уақытта Қазақстанда 2,4 млн доза вакцина қоры бар. Оған қосымша екі аптада тағы 2 млн вакцина жеткізуді қамтамасыз етеміз. Шындығында, вакциналау қарқыны көңіл көншітпей отыр. Бұл бірқатар облыс пен Нұр-Сұлтан қаласына қатысты. Сондықтан вакциналау санын арттыру талаптары күшейеді, тәулігіне 70 мың дозаға дейін жеткізу міндетін қойып отырмыз. Осы межеге ұмтыламыз, – деді Е.Тоғжанов.
Брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі «Үнді» штамының белгілері Алматы қаласында да байқалғанын атап өтті.
– «Үнді» штамының елде қалай таралатынын түсіну өте маңызды. Нұр-Сұлтаннан басқа Алматыда бұл штамның ықтимал белгілері пайда болды. Тіпті бір жағдай анықталды. Синхрондау негізінде біз ел бойынша кеңірек көріністі көре аламыз. Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі реакция беру бойынша қайта құрылды. Резервтік төсектік орын қорын кем дегенде екі есе көп орналастыруға болады. Дәрілік заттардың қоймаларда үш айлық қоры бар, жеке қорғаныс құралдары да жеткілікті, – деді А.Цой.